Әкімсіз қалған екі облыс мәслихатының депутаттары кезектен тыс сессияға шақырылды. Бұл туралы Абай облысы маслихатының сайтында жарияланған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Қазақстан Республикасының Президенті 2022 жылғы 8 маусымдағы №912 Жарлығымен бекітілген облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін тағайындауға депутаттардың келісім беру ережелерінің 5,6-тармақтарына сәйкес Абай облысындағы маслихат депутаттарының жиналысы 2025 жылғы 17 ақпан күні сағат 12.30-да Семей қаласындағы Абай атындағы театрдың үлкен залында өтеді», – делінген Абай облысы маслихатының сайтында жарияланған хабарламада.
Ұқсас хабарлама Шығыс Қазақстан облысы маслихатының сайтында да жарияланды, онда сессия 2,5 сағат ертерек – 10.00-де басталатыны айтылған.
Еске сала кетсек, 14 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Көшербаевты Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымынан босатып, Нұрлан Ұранхаевты Абай облысының әкімі қызметінен босатты. Сонымен қатар, Көшербаев вице-премьер қызметіне тағайындалды.