Тоқаев студенттердің шәкіртақысын көбейтпек

2041
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтің әлеуетін арттыруды діттеген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір тың бастама ұсынды. Бұл аз қамтылған және көпбалалы отбасылардағы балаларға арналған білім гранттарының санын көбейту және мамандықтары бойынша студенттерге арналған стипендияларды ұлғайту. Халықтың тұрмыс деңгейін көтеру мақсатында туындаған бұл тапсырма аясында ЖОО-да 5 мың грант бөлінеді.

Бұған қоса, биылғы 1 қыркүйектен бастап мамандықтары бойынша білім алған студенттердің шәкіртақысы 30 пайызы көтеріледі. Әлеуметтік бастама мұнымен шектелмейді. Мемлекет басшысы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік қолдау шараларын жүйелі түрде жүргізбек. Атап айтқанда, осындай санатқа жататын отбасылардың балаларына тегін ыстық тағамдар беру мен тасымалдауды ұйымдастыру, мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етеміз деп уәде берді.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы сауда-саттық соғыстары мен санкцияға қатысты Қазақстан алдында тұрған күрделі мәселелерге қарамастан, халықты әлеуметтік қолдау шараларын қолға алу жалғасатынын атады. «Игілік баршаға» деген ұстанымды берік ұстанған Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл игі қадамы студентердің сапалы білім алуына, елдің ертеңіне сеніммен қарауына септігін тигізбек. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында 2,8 миллион жоғары білімді маман даярланған. Салыстырмалы түрде қарасақ, 1991 жылы жоғары білімі бар адамдардың саны 42 мың болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 151 мың адамға жеткен.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер