«Полигон жабылсын!» Проблемасы да жойылсын ба? Депутат уәжі

2918
Adyrna.kz Telegram

Ақпанның 28-і күні «Невада – Семей» қозғалысының құрылғанына 35 жыл толды. Осыдан 33 жыл бұрын Семей полигоны жабылғанымен, мәселесі қалды. Соны шешу, реттеуге қатысты сұрақтарды Абай облысынан Мәжіліс депутаты болып сайланған Нұртай Сабильяновқа қойдық.

Кеше «Невада-Семей» қозағалысының құрылғанына 35 жыл толды. Сіз Абай облысынан сайланған депутатсыз. Семей полигоны жабылып, бірақ проблема сол күйі шешілмей қалмады ма? 

Жалпы «Невада-Семей» қозғалысы кезінде көп мәселені көтеріп, көп жұмыстар атқарды. Ол қозғалыста өзім де жұмыс істедім. Семей ядролық полигонын жабу және оның зардаптары туралы кезінде көптеген мәселел көтерілді. 1992 жылы полигоннан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы заң қабылданған болатын. Осы заң біраз уақыт жұмыс істеді де, кейін 1997-1998 жылдары осы заңнан көптеген баптар алынып тасталды. Яғни, Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау өз дәрежесінде емес. Бұл мәселені Парламентте бір емес, бірнеше рет депутаттық сауал ретінде Үкіметке жолдадым, осы комитеттің отырысында да айттық. Бірақ Үкімет тарапынан қолдау шараларын көріп отырған жоқпыз. Бұл мәселе күн тәртібінен түспейді. Ары қарай да көтеріліп, тиісті заңдарға өзгерістер енгізуіміз қажет.  

Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтардың көп көтеріп жүрген мәселелерінің бірі – денсаулық мәселесі. Яғни, медициналық орталық пен ауруханаларда ем-домды уақытында алу өте өзекті мәселе болып отыр. Қазіргі таңда бұл мәселе шешілу жолында. Бұл мәселені көтергеннен кейін Денсаулық сақтау министрлігі осы бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Екінші үлкен мәселе, полигоннан зардап шеккен адамдар зейнетке шыққан кезде, оған үстемақы төлеу болатын. Мысалы 1998 жылға дейін зейнетке шыққан адамдарға үстемақы төленеді де, одан кейінгі адамдарға үстемақы төленбейді. Үшінші, полигоннан зардап шеккен адамдарға еңбек демалысына шыққан кезде қосымша ақы беру керек.

Семей ядролық полигонынан зардап шеккен адам басқа жаққа көшіп кетсе, өзіне тиісті жеңілдіктерді ала алмайды. Қазіргі таңда осы секілді мәселелерді реттеп, комиссия құруды жоспарлап отырмыз. Ары қарай бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізіледі.

– «Үкімет ұсынысымызға қолдамай отыр» деп қалдыңыз. «Ықпалды Парламент» деп көп айтсақ да, депутат ретінде ықпалыңыз жоқ па? 

Үкімет «Мұның бәріне қаражат керек» деп отыр. Депутаттың ықпалы жетеді, бірақ қаражат жетпей жатыр. Үкіметтің де оң көзқарасы бар. Бірақ айналып келгенде қаражат жетпеуіне байланысты олар теріс қорытынды беріп отыр. Сол себепті бұл мәселелер шешілмей отыр. Жалпы ары қарайда бұл мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіледі.  

Жақсы. Онда қаржы тапшылығын неге былай шешпеске?! «Қазақстанның жер қойнауында Менделеев кестесінің 99 элементі кездеседі» деп мақтанамыз ғой. Қазба байлықтарымыз бюджетке түсіп, халықтың игілігіне неге берілмейді? 

Халықтың игілігіне біздің қазба байлықтарымыз беріліп, бюджетке түсіп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, бюджеттің өзінде 3,5 триллион теңге дефицит бар. Барлық шығынды бюджеттен өтеу қазіргі кезде мүмкін болмай отыр. Сондықтан осындай жағдайға тап болып отырмыз. Яғни, бюджеттің түсімінен шығыны көп. Біз бюджеттік кодекстің жобасын қарап жатқанда мемлекеттік емес секторлар мемлекеттік бюджетке двиденттен ақша төлемей отырғанына назар аударып отырмыз. Сол себепті осылардың қаражатын мемлекеттік бюджетке түсіру туралы ұсынысты беріп жатырмыз.  

Семей ядролық полигонынан зардап шеккен адамдардың қатары қай кезде азаяды. Мысалы қазір дүниеге келген немесе 20-30 жастағы адамдар пполигоннан зардап шекті деп айта аламыз ба? 

Жалпы, Семей ядролық полигонының зардаптары оның ұрпақтарына таралуда. Өйткені қазір әр түрлі ауруға шалдыққан азаматтар бар. Сондықтан да Денсаулық сақтау министрілігінен барлық азаматтарды кешенді медициналық тексеруден өткізуді талап етіп отырмыз. Қазіргі таңда бар-жоғы 350 мыңдай ғана азамат толық тексеруден өткен екен. Ал зардап шеккендердің саны 1,5 миллион деп есептеледі. Осы азаматтарға медициналық көмек көрсетілу керек.  

Шыны керек, азаматтардың көбі қандай аурумен ауыратынын да  білмейді. Себебі олар қатты ауырғанда ғана емделуге келеді. Алдын ала медициналық тексерістен өту үшін қаражап бөлініп жатыр. Сондай-ақ азаматтар мемлекеттен үй алатын болса, оны тегін жекешелендіруге мүмкіндігі бар. Қазіргі кезде осындай бапты қолдап отырмыз.  

Серік Құдайбергенұлы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер