Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірлік пен татулықтың ел дамуындағы басты құндылық екендігін ерекше атап өтті.
«Елдің бірлігі мен татулығы – ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең, нақты жетістік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент отаншылдық, азаматшылдық, өзара сенім мен жауапкершілік – Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегей болмысын айқындайтын негізгі құндылықтар екенін айтты. Оның пікірінше, елімізде тұратын әр этнос өкілі өзінің тілі мен мәдениетін еркін дамытып, салт-дәстүрін сақтауға толық мүмкіндікке ие.
«Біз біреуге еліктеп, жан-жағымызға жалтақтаған емеспіз. Ең бастысы, ұлтаралық қатынастар саласында озық әдіс-тәсілдерді қолданып, тек алға қарай жүрдік, болашақта да солай болу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында Президент еліміздегі этносаралық келісімді нығайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Оның сөзінше, соңғы уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметіндегі сарапшылық құрам жаңа деңгейге көтерілді. Ғылыми-сарапшылар кеңесі мен еліміздің жоғары оқу орындарында ашылған 42 Ассамблея кафедрасы ұлт құрылымы мен этносаралық қарым-қатынастар үдерісін жүйелі түрде зерттеп жүрген 360-тан астам сарапшыны біріктіріп отыр.
«ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақ мерзімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқымды жұмыс жүргізеді. Өткен жылдың өзінде Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты. Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде азаматтарымыз зардап шеккен жандарға көмек қолын созып, ырысты ынтымақ пен бірліктің тамаша үлгісін көрсетті. Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» жобасы аясында 12 мыңнан астам ерікті ортақ іске жұмыла кірісті. Олар гуманитарлық көмек пен жылу жинады. Қираған үйлерді қалпына келтіруге атсалысты," – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы айтқан осындай ірі құрылымның құрамында жұмыс істеп жатқан бірлестіктердің бірі – Қазақстан ұйғырларының Республикалық этномәдени орталығы. Бұл орталық та жыл сайын қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, мәдени мұраны дамытуға және әлеуметтік қолдауға елеулі үлес қосып келеді. Осы орайда біз Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Долкунтай Алиев мырзамен сұхбаттасқан едік.
Ұлт бірлігі – ел тұрақтылығының кепілі
–Долкунтай мырза, Долкунтай мырза, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы сіз үшін қандай мәнге ие?
–Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы – бұл тек бір ұйымның ғана емес, тұтас елдің бірлік пен татулық жолындағы тарихи белесі. Бұл — Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық келісімді сақтап, этносаралық татулықты нығайту жолындағы бірегей үлгісінің нәтижесі. Мен үшін бұл мерейтой – еліміздегі әрбір азаматтың бейбіт өмірге, өз мәдениеті мен тілін еркін дамытуға мүмкіндік алғанының айғағы. Ассамблея – түрлі этностардың арасындағы алтын көпір. Оның арқасында біз бүгінгі күнге дейін достық пен түсіністік жағдайында өмір сүріп келеміз. Ұйғыр этномәдени орталығы үшін де бұл үлкен жауапкершілік пен мақтаныш. Біз осы жылдар ішінде еліміздегі бірлік пен тұрақтылықты сақтау ісіне өз үлесімізді қосып келеміз. Ассамблея бізге сенім артты, ал біз сол сенімді ақтауға тырысамыз. Сондықтан бұл 30 жыл – мен үшін елмен бірге өсіп, елмен бірге кемелденген ұлы жолдың символы.
Азаматтық жауапкершілік – елдік мұрат
–Қазақстан ұйғырларының Республикалық этномәдени орталығы қызметінің негізгі бағыттары мен ел игілігіне қосқан үлесі жөнінде кеңірек тоқталсаңыз?
– Бір ғана мысал, 2024 жылдың басынан бері өңірлерге 64 рет іссапар жасап, 22 ірі форум өткіздік. Бұл шаралар тек мәдени кездесулермен шектелмейді – біз мектептерде жастармен кездесіп, қоғамдық пікір көшбасшыларын тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше көңіл бөлеміз. Сонымен қатар қайырымдылық шараларына, әлеуметтік жобаларға, білім беру мен спорт саласына да белсенді түрде атсалысып келеміз. Мәселен, былтыр көктемде болған су тасқыны кезінде «Жүректен жүрекке» атты жалпыұлттық акция аясында орталық және оның өңірлік өкілдіктері 31 миллион теңге көлемінде гуманитарлық көмек жинады. Жалпы салмағы 25 тонна болатын азық-түлік, қажетті тауарлар зардап шеккен өңірлерге жеткізілді. Бұл – біздің қоғам алдындағы жауапкершілігіміздің айқын көрінісі. Алматы қаласындағы ҚХА-ның «Жомарт жан» қайырымдылық орталығын да біздің орталық басқарды. Мен өзім де орталық атынан Петропавл мен Атырауға барып, жағдаймен таныстым. Бұл жұмыс жоғары бағаланды, Мемлекет басшысы да ел бірлігін осындай нақты әрекеттерден көруге болатынын атап өтті. Сондай-ақ, жастармен жұмыс – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Қазақстан ұйғыр жастары одағы арқылы біз экологиялық, мәдени, білім беру және қайырымдылық бағытындағы ондаған жобаны жүзеге асырдық. Бұл – тек этнос өкілдерінің ғана емес, тұтастай қазақстандық жастардың бойына патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілік ұялатуға бағытталған жұмыстар. Сонымен қатар, ұйғыр халқының бай мұрасын таныту мақсатында түрлі мәдени іс-шаралар, кітап тұсаукесерлері, ұлттық тағамдар мен киімдер көрмесі, салт-дәстүрлерді насихаттау бағытындағы жобалар тұрақты түрде жүзеге асырылады. Біздің жұмысымыздың нәтижесінде ұйғыр этносының қоғамдық өмірге белсенді араласуы, мемлекетке деген құрметі мен отансүйгіштік рухы артып келеді. Бұл – тек біздің орталықтың емес, бүкіл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық жүйелі жұмысының жемісі деп білемін.
Ұлттық құндылық пен халық бірлігі – форумдар мазмұнының өзегі
– Долкунтай мырза, өз сөзіңізде 2024 жылы 22 ірі форум ұйымдастырылғанын атап өттіңіз. Осы форумдарда қандай негізгі мәселелер көтерілді, олардың мазмұны мен маңыздылығы жөнінде айтып өтсеңіз?
–Иә, 2024 жылдың өзінде Қазақстан ұйғырларының Республикалық этномәдени орталығы 22 ірі форум өткізді. Бұл форумдардың әрқайсысы өз мазмұнымен ерекшеленіп, ел ішіндегі қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық татулықты арттыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Мәселен, жастарымыздың даму бағытын айқындауға арналған «Қазақстан жастары: дамуға бағдар» атты форумда ел болашағы саналатын жастардың қоғамдағы рөлі, білім мен еңбек нарығындағы белсенділігі кеңінен талқыланды. «Адал азамат – ел тірегі» атты Әйелдер кеңесінің конференциясында еліміздің дамуына үлес қосып отырған нәзік жандардың рөлі, олардың отбасындағы, қоғамдағы, мәдениет пен тәрбие салаларындағы орны ерекше аталып өтті. Ал Алматы облысында өткен «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам» атты форум еліміздегі жаңа саяси бағыт пен әділетті Қазақстан құру идеяларын кеңінен насихаттауға арналды. Тағы бір маңызды басқосу – «Жігіт беши» институтының Жаңа Қазақстанды құрудағы рөліне арналған форум болды. Ұлттық мәдениет пен отбасылық құндылықтарға негізделген «Мәдениет те, тіл де, пікір де – бірлікте, оның кілті – қасиетті әйелде» атты екінші халықаралық форум кең көлемде өтті. Жаркент қаласындағы мәдениет форумы «Шабнам» клубының бастамасымен ұйымдастырылып, өңірдегі өнер мен мәдениеттің дамуына серпін берді.500-ден астам делегат қатысқан Республикалық «Жігіт беши» құрамының кеңейтілген жиналысы этномәдени белсенді азаматтарды біріктіріп, қоғамдық іс-шаралардың жүйелі өтуіне ықпал етті. Білім мен ғылым бағытындағы жұмыстарымыз да ерекше. Білім кеңесі былтырдан бері 60 мектеппен кездесу өткізді. Кеңес кураторы Шаймардан Нұрымовтың бастамасымен соңғы қоңырауға арналған екі грант бөлінді.Көптеген мұғалімдер медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың филология факультетінде оқитын 42 студенттің оқу ақысы екі мәрте төленді. Ғалымдар кеңесі 3 халықаралық конференция өткізді, оларға АҚШ, Еуропа, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерден ғалымдар қатысып, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік тудырды. Бұл құрылымдар мен шаралар ұйғыр халқының мәдениетін насихаттау және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана.
Біз үшін бұл форумдар – тек пікір алмасу алаңы ғана емес, рухани бірігу, этносаралық татулық пен ұлтаралық ынтымақтастықты тереңдете түсетін маңызды басқосулар. Осы арқылы біз еліміздің тұрақтылығы мен бірлігіне өз үлесімізді қосып келеміз.
Қайырымдылық – қоғам тірегі, спорт – ұлт саулығының негізі
–Қайырымдылық, спорт және ақпараттық жұмыс – қоғаммен байланыстың маңызды тетіктері. Осы бағыттарда қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?
– Әлеуметтік жауапкершілік – біздің басты құндылықтарымыздың бірі. Сондықтан қайырымдылық жұмыстарына ерекше мән береміз. 2024 жылдың басынан бері жалпы сомасы 125 миллион теңгеге жуық қайырымдылық көмек көрсетілді. Бұл көмек балалар үйлеріне, мұқтаж отбасыларға, сондай-ақ ауыр науқастарға, оның ішінде шетелде емделуі қажет жандарға арналды. Мәселен, Алматы облысы бойынша мұқтаж отбасыларға 400 тонна көмір жеткізілді, өрттен зардап шеккен 50 үйді қалпына келтіруге көмек көрсетілді, сондай-ақ 30 онкологиялық науқасқа ем-дом ұйымдастырылды. Біз үшін бір адамның тағдыры – тұтас қоғамның тағдыры екенін ұмытпау маңызды. Қазақстан ұйғыр жастары одағы 163 адамды жұмыспен қамтып, 38 оқыту тренингін ұйымдастырды. Жастарға тегін заңгерлік және психологиялық кеңестер көрсетілді. Сондай-ақ спорт саласы да біздің назарымызда. Себебі дені сау ұрпақ – ел болашағының кепілі. Футбол, бокс, жекпе-жек, садақ ату секілді спорт түрлерінен түрлі турнирлер өткіздік. Ал Париждегі 33-Жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлері қатысқан спорт форумымыз – жастарға үлкен серпін берген маңызды шара болды. Осы форум аясында жас спортшыларды қолдау бағытында бірнеше ынтымақтастық келісімдерге де қол қойдық.
Ақпараттық кеңістіктегі белсенділік те қазіргі заманда аса маңызды. Халықпен тікелей және ашық байланыс орнату үшін Facebook, Instagram, TikTok платформаларында белсенді жұмыс жүргізіп келеміз.
Президенттің қоғам үшін маңызды бастамалары
–Ассамблея сессиясында Президент көтерген қоғам үшін аса маңызды мәселелер жөнінде пікіріңізді білсек.
–Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген мәселелер өте орынды және маңызды деп есептеймін. Біріншіден, Ассамблеяның аймақтардағы жұмысын жандандыру мен Түркістанда жаңа Достық үйінің ашылуы еліміздегі этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған үлкен қадам болып табылады. Бұл бастама азаматтар арасындағы татулық пен ынтымақтастықты арттырады, ұлттық бірлік пен бейбітшілікті сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Президенттің ақпараттық кеңістікте бірлік пен келісім идеологиясын насихаттау туралы ұсынысы өте өзекті. Медиа құралдарының қоғамдағы рөлі артқан қазіргі кезде бұл қадам этносаралық келісімді нығайтуға және қоғамдағы түсіністік пен құрметті арттыруға үлкен ықпал етеді.
Мәдениет пен өнердің әлеуетін пайдалану, әр түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін насихаттау да өте маңызды. Этномәдени фестивальдер мен мәдени шаралар арқылы біз еліміздің көпэтносты болмысын сақтай отырып, ұлттық бірлікті нығайтуға жол ашамыз.
Президенттің «Таза Қазақстан» акциясын қолдауы, әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыруға, отаншылдық пен тазалықты дәріптеуге бағытталған маңызды бастама болып табылады. Бұл идея арқылы біз қоғамда жоғары жауапкершілік пен азаматтық сана қалыптастыруды көздейміз. Жалпы, Президент көтерген бастамалар еліміздің әлеуметтік, мәдени және саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етіп, этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған дұрыс және орынды қадамдар деп санаймын.
– Долкунтай мырза, ашық сұхбатыңызға рахмет! Ел бірлігі жолындағы еңбектеріңізге сәттілік тілейміз.
– Рахмет! Ең бастысы – бейбіт өмір мен бірлік. Қазақстандағы әрбір этнос – осы мемлекеттің ажырамас бөлігі. Біз бірге – біртұтас халықпыз!
Жанна Жомарт