«Әліппеге» тиісу мен түрткілеу әрекеті тыйылмай отыр

1730
Adyrna.kz Telegram

«Атың шықпаса – жер өрте» дегенді бабаларымыз бағзы заманда-ақ айтып кеткен. Иә, ол кезде басбұзарларға басқадай іспен танылуға мүмкіндік болмайтындығын осылай әжуалаған. Қазір алдымен әлеуметтік желі, одан сол желіде танымал болу үшін «хайп жасау» деген шықты. Хайптың да түрі көп. Соның бірі – оқулықтарды  жаппай сынау болып кетті. Өзінің өресі жетпейтін адамдардың бәрі «мынау не кітап, бұл не жазу?» деп мектепке арналған кітапты сілкілеуге кірісті. Жаман әдет өрт қойғандай маздап, басқа оқулықтармен қатар «Әліппеге» де шүйліккендер қаптады.

 


Қазақ мектебінің нөмірі бірінші оқулығының басына келген зобалаң бұл ғана емес. Жақында «Апта» бағдарламасының тілшісі өз үстелінен «кінәлі» кітаптарды әріге лақтырды. Кезінде ұлттың бостандығын ұмыттырғысы келетіндер алғашқы «Жаңа Әліпбиді» жазып, қалыптастырған ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлын да 
әуелі қамап, соңынан атып тастады ғой.

Бәрібір өткен ғасырдың 20–30-жылдары білімге ұмтылып, 40–50-жылдары мемлекетке қызмет етуге кіріскеннің бәрі сауатын Байтұрсынұлы негіздеген «Әліппе» арқылы ашқаны ақиқат. Заман дамып, қоғамға жаңа қатынастар орнап, тың ұғымдар пайда болған соң, оны ұрпақ санасына сіңіру үшін басқа оқулықтармен бірге «Әліппені» жетілдіру керек еді. Бұл іске кезінде Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сынды алыптарға қатарласа Ленинградтың Шығыстану университетін бітірген, Қаныш Сәтбаевқа қанаттас болып Ғылым академиясының іргесін қаласқан, кейін Тіл білімі институтын басқарған Ісмет Кеңесбаев жегілді. Оның авторлығы арқылы шыққан «Әліппе» жиырма жылда екі буынның сауатын ашты. Әрі қарай жас ұрпақтың қолына Н. Миршанов пен М. Төрежанов жазған «Әліппе» тиді.

Білім сарайының бірінші кірпіші іспетті «Әліппені» ешкім еріккеннен жазбайды. Оның мазмұнының толықтырылуы мен беттерінің безендірілуі  бірде Оқу-ағарту, бірде Халыққа білім беру, тағы бірде Оқу министрлігі атанатын, осы саладағы саясатты анықтайтын бас мекеменің жіті назарында жүреді. Бұл министрлікті қазақтың небір жайсаң, білімдар азаматтары басқарғаны тарихтан мәлім. Оның ешқайсысының миын «Әліппені» мектептегі бағдарламадан алып тастайық деген жаман ой шырмамаған еді.

Тарихтың талай сыны мен тезіне төзіп, түрлі идеологияның шарпуына ұшыраса да, білімнің бірінші оқулығы түпкі темірқазықтан айнымаған. Қазақ баласының сауатын ашу міндетінен жаңылмаған.

Сондай от пен судан аман шыққан «Әліппені» мүлде мансұқтау тәуелсіздіктен кейін, Айдың, Күннің аманында орын алды. Аяқастынан жоқ қылып, орнын басқа кітап басты. Бүкіл қазақ қоғамы аң-таң болды да қалды.

Ахмет Байтұрсынұлының есімі ақталып, еңбегі қалың еліне қайтқаны сияқты, бес жылдан соң ата-аналардың, ұстаздар мен зиялылардың талап етуімен «Әліппе» қазағына оралды. Бұл іске сол кездегі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің белсене кіріскенін атап өткен жөн. Парасат пен пайымы мол министр қызметке кірісе сала «Әліппені» мектепке қайтаратынын мәлімдеді. Әрі жай қайтармай мазмұнын толымды етіп шығаруға, бір кездегі Ахмет Байтұрсынұлы салған соқпақты даңғылға айналдыруға тапсырма берді. Ұлт ұстазының әдістемесі негізінде  «Әліппені» қайтарып, ел алғысына бөленген Асхат Қанатұлы Парламент мәжілісіне депутат болып, әлеуметтік салаға жауап беретін заңдарды дайындап, пысықтайтын комитетті басқарып отыр. 

2021 жылы мектеп табалдырығын аттайтын жас буынмен қайта қауышқан «Әліппе» оқулығын Ә. Жұмабаева, Н. Құрман, Б. Сабденова жазды. «Атамұра» баспасы сапалы әрі көркем безендіріп басып шығарды. Авторлардың екеуі педагогика ғылымдарының докторлары һәм профессорлар болса, үшіншісі әдіскер ұстаз еді. 

Бұл жолы Ахмет Байтұрсынұлының барлық еңбегі халыққа еркін жеткендіктен, оның ұстанымы адастырмас бағдаршамға айналды. Оны мынадан байқауға болар: «Әліппенің» бетін «А» әрпін үйретуден бастаған Ахаң екінші етіп «Ә» немесе орыстың «Азбукада» кітабындағыдай «Б» емес, «Р» әрпін алған. Өйткені «а» мен «р» әріптерін қосып бірінші сөз шығаруға болады – «ар» және «ара». «Р» кейбір бүлдіршін үшін айтуға қиын дыбыс болғандықтан оған мектепке келе сала жаттыққанға да қолайлы. 

Не керек, қайта оралған «Әліппе» қоғамның өзіне лайықты жоғары бағасына ие болды. Сол жылы республиканың бас басылымы «Егемен Қазақстан» 22 тамызда «Төрлет, Әліппе!» деген мақала жариялады. Оны мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мырзатай Жолдасбеков жазды.

Бұл белгілі тұлға кезінде білім беру саласының министрі де, Премьер-министрдің бүкіл әлеуметтік қатпарға жауап беретін орынбасары да, мұғалімдерді даярлайтын педагогика институты мен республикамыздағы жоғары білім ордасы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры да болған. Сондықтан сөз болып отырған мәселедегі біліктілігі дау тудырмаса керек. Бұл мақаласында Мырзекең ортаға салар ойларын нақты мысалдармен шегендейді: «Әліппе» жазу оңай емес. Әуелі авторлар ұсынған методика бала ұғымына лайық таңдалуы керек. Ондағы мәтін мағыналы, мәнерлі, көркем болуы шарт. Авторлар «И» әрпіне келгенде шәкірттеріне жай сөйлем ғана емес, сол әріптер көмегімен өлең оқуға да мүмкіндік береді. Оған ақын Абдрахман Асылбектің: «Ұзын құйрық инелік, инелікке тимелік. Ұшақтарды жасадық, инеліктен үйреніп» деген шағын әрі шымыр, жатталуы оңай өлеңі дәлел болады. Ең бастысы, қысқа ғана шумақта балалар әлі өтпеген бір әріп те жоқ. Бәрі тап-тұйнақтай, өз орнында тұр.

«Әліппе» – әріп үйретіп, сөз, сөйлем құрауға баулитын оқулық қана емес, ұлттық тәлім-тәрбиеге, ғылым-білімге, алуан түрлі мамандыққа шақырып, спортқа дейін баулитын танымдық мәні зор әмбебап кітап. Бұл оқулықтың әр бетіндегі бала ұғымына сай таңдалып, тақырыпқа сәйкес сұрыпталып берілген мәтіндерден анық байқалады».

Телегей-теңіз білім дариясының алғашқы бұлағы болатын кітапты М. Жолдасбеков жете түсіндіре отырып, жауапкершілікпен талдаған. Мақаланың республиканың басты газетіне жариялануы да оның салмағын ауырлата түседі. Сондықтан бұл мақаладан тағы бір үзінді келтірген жөн:

«Әліппе» оқулығында шығармаларынан үзінді келтірілген авторлар дұрыс іріктелген. Кітаптың үшінші бөліміндегі шәкірттердің өз бетінше оқуына арналған мәтіндер мен олардың авторлары Өтебай Тұрманжанов, Мұзафар Әлімбай, Шона Смаханұлы, Фариза Оңғарсынова, Ермек Өтетілеуұлының Отан, ұстаз, білім, мектеп, «Әліппе» туралы өлеңдері өткен сабақ, қамтылған тақырып және оқулық мазмұнымен қабысып тұр. Осы тұрғыдан келгенде «Әліппенің» өн бойында кездесетін басқа да есімі елге танымал балалар ақындары мен жазушыларының шығармалары оқулық ажарын ашып, мазмұнын байыта түскен» деп бағалады. 

«Әліппенің» қайта оралғанына, жетіліп толыққанына қуанған, риза болған мақалалар сол тұста «Қазақ әдебиеті» және басқа апталық басылымдар мен журналдарға жарияланды. Сондағы көлемді және тұжырымды мақалаларды оқыған адамдар бүгін бір ауыз арзан, желеу сөзбен бұл кітапқа күйе жақпайтыны анық. Иә, әлеуметтік желіде белгісіз біреулердің бірде бір әріп не сурет қатесі жоқ, оқулыққа қатысты орталықтардың, министрліктің мамандары, баспаның редакторлары бірнеше рет тексерген «Әліппеге» әлімжеттік жасап, тас лақтыруына төзуге болмайды. Өйткені «Әліппе» оқулығының толық мәтіні басуға ұсынылмас бұрын бірнеше ай бойы әлеуметтік желі арқылы қоғамдық талқылауға түскен. Нағыз жанашырлар оқулық кітаптың нұсқасын сол кезде басынан аяғына дейін талдаған. Маңызды ескертулер арқылы бірқатар беттері жетілдірген. Сол кезде «ай қарап отырғандай» болып, енді «біткен іске сыншы» болатындардың мақсаты тек өз аттарын шығару, әлгі – «хайп жасау» деп білеміз.

Пікір іздейтін болсақ, нағыз маманның сөзіне құлақ түрелік. Ұзақ жыл Алматыдағы ең озық мектеп-гимназияның директоры болған Қазақстанның Еңбек Ері, «Отан» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі Аягүл МИРАЗОВА 2021 жылы былай бағалаған: 

«Бұл «Әліппенің» тек аты ғана емес, құрылымы мен мазмұны да, қойылатын талабы да бұрынғыдай сақталыпты. Оқулықта оқу мен жазуға даярлау және жаңа дыбыс пен әріпті таныту, оқу-жазуға үйрету оқу тапсырмалары жүйелі де мазмұнды берілген. Әсіресе, «Әліппенің» әдемі, қазақы танымға лайық суреттері кітаптың мұқабасы мен ішкі мазмұнында үйлесімді көрініс тапқан. 

Оқулықта әр сабақтың  оқу материалдары мен тапсырмаларының Ахмет Байтұрсынұлының дыбыстық әдіс  жүйесін қолдануды мүмкін ететін формада берілгенін байқауға болады. Қазақ тілінің дыбыстары мен олардың таңбаларын меңгертуге негіз болатын тілдік ұғымдарды (сөйлем, сөз, буын, дыбыс) практикалық түрде үйрету мақсатында оқулықта арнайы сызба-модельдер қолданылған. «Әліппенің» әр бетінің соңғы бөліктерінде саралау материалдарының берілуі оқулықтың жаңашылдық бағыттылығын көрсетеді. Өйткені, 1-сынып оқушыларының қабілеті мен мүмкіндігіне және ерекшелігіне қарай саралап оқыту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі».


Осындай пікір құлақтарына жетпегендерге не деуге болады? Қоғам үшін бұрын бейтаныс біреулердің білместіктен шығарған шуы қажет пе, әлде 40 жыл бірінші сынып балаларын қарсы алып, 40 жыл оларды білімді азамат етіп аттандырған ұстаздың бағасы қымбат па?

«Әліппе» жоғарыда «Егемен Қазақстан» газеті дәл байқағандай қазақ балалар әдебиетінің алтын дәуіріндегі Өтебай Тұрманжанов, Мұзафар Әлімбай, Шона Смаханұлы, Қадыр Мырза Әли, Фариза Оңғарсынова, Ермек Өтетілеуұлы сынды авторлардың өлеңдеріне толы болса, сол дәуірде мынандай да шумақ бар болатын:

Менің атым – «Әліппе»,

Мені анаңдай дәріпте.

Мені оқып ержеткен

Бауыржан да, Мәлік те! 

Бұл күндері «Әліппені» өз аттарын шығару үшін жазықсыз жазғырып жатқандарға ананы дәріптеу дегенді және  Бауыржан мен Мәліктің кім екендігін ұғындыру керек шығар...

Кәдірбек Сегізбайұлы,
жазушы, баспагер,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Пікірлер