Президент әлпештеген тазылар көрмесі өтті

1049
Adyrna.kz Telegram

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  ұлттық құндылығымыз құмай тазы тұқымдарын дамыту жөнінде көптеген тапсырмалар беріп, әлемдік деңгейде танытуға жол ашты. Соның дәлелі Франция президентіне тазы күшіктерін сыйлауы.

Осыған орай елімізде тазыларды дамытуға түрлі іс-шаралар жүргізілуде.  9-шы ақпан күні Көкшетау қаласында Қазақстан кинологтар одағы көрме өткізіп, осы өңірден 39 тазы жиналды. Біразы ауа-райының қолайсыздығына байланысты келе алмады.

Алматы, Астана қалаларынан арнайы мамандар (эксперт-кинологтар) шақырылды. Көрменің мақсаты тазыларға құжат жасау және өңірдегі тазы санын анықтау. Қазақстан кинологтар одағы басқармасының атынан жергілікті әкімшілік пен спорт басқармаларынан көрме өтетін орын сұрап еді...

Қазақстанда шет елдердегідей арнайы үй жануарларына арналған көрме орындары болмаса да, еліміздің өзге өңірлерінде футзал, спортзал немесе өзгеде жабық алаңдар беріледі.

Ал біздің басшылардың тазы жанашырлары мен арнайы мамандарға берген қоймасында (гараж) не жылу жоқ, не аяқ бүгіп отыратын жер жоқ.

Сағат 12.00-ден 20.00-ге дейін тоңып, қатысушыларға еш жағдай жасалмаған. Ғимараттың ішіндегі техникалық майдың, жанармайдың иісінен көбінің басы ауырды.

Қатысушылар арасындағы үлкен жастағы ағаларымызбен Алматы, Астана қаласынан келген мамандардан ұят болды.

Бұл біздің басшылардың ұлт құндылығын сақтап жүрген жанашырлармен мамандарына деген көз қарасын аңғартады.

Осындай көрмелер болмаса тазыларымызға құжат жасалмайды. Біздің өңір басшылары президентіміз сияқты тазымыз бен тазы бағып отырған азаматтарға жандары ашыса ғой. Жоқ, олай болмай тұр.

Ақпан айының 25-і тағы да көрме өтпекші, алайда әкімшілік тарапынан тағы да қолдау болмай тұр... Кімге барып, кімге шағынарымызды білмей отырмыз...

«Көкше құмай тазы» қоғамдық бірлестігі.

Пікірлер