Казталовта ақ халаттылар баспаналы болды

1017
Adyrna.kz Telegram

Жыл сайын Казталов ауданында жас мамандар саны артуда, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Өткен жылы жұмысшылар қатары 12 дәрігер, 16 орта буын медицина қызметкерлерімен толықты.

2023 жылы екі ауруханаға жалпы құны 761 миллион теңгені құрайтын 51 дана түрлі медициналық қондырғылар мен жабдықтар, 8 бірлік жедел жәрдем автокөлік алынған.

Қараоба дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Ал ауданға қарасты Қараөзен ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Бостандық ауылында дәрігерлік амбулатория салынып, халық игілігіне табысталды.

№2 аурухананың ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, Қайшақұдық ауылына модульдік медициналық пункт салынуда. Жақын арада пайдалануға берілген.

Казталов аудандық ауруханасын 2024 – 2025 жылдары жапсарлас құрылыс жүргізіліп, көпбейінді орталық ауруханаға  айналдыру жоспарлануда.

Аудандық аурухананы ауданаралық ауруханаға айналдыру үшін қосымша штаттар енгізу және 36 дәрігер, 56 орта буын медициналық қызметкерлер қажет ететін болады.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қолдауымен ауданға Семей, Түркістан, Ақтөбе, Орал қалаларынан және Жәнібек ауданынан келген 6 маман дәрігерді қызметтік тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мақсатында жаңадан салынған 6 тұрғын үйдің кілтіне ие болды.

Айтулы шараға қатысқан медицина саласының ардагері Күнсұлу Искакова мен тұрғын үйге қол жеткізген жалпы тәжірибелі дәрігер, жас маман Мөлдір Бекбатырқызы сөз алып, қолдау білдірген облыс, аудан басшыларына алғыстарын да білдірді.

Қоныс тойын тойлап жатқан дәрігерлер қатарында Түркістан облысынан келген жас маман, балалар дәрігері Әділбек Қалдыбеков те бар. Жас маман жаңа үйіне бас сұққан аудан басшысына алғысын айтып, алдағы уақытта аудан халқының денсаулығын жақсартуға аянбай жұмыстанатынын жеткізді.
Пікірлер