Дәрігерлер қауымы «Ауғанның асуында от кешкен» ардагерлердің басын қосты

802
Adyrna.kz Telegram

Өткен кезеңнің өктем жылдары мен өлара шағында «толарсақтан саз кешкен» сарбаздардың ерен ерлігін ұлт пен ұрпақ жадынан өшпейтіні анық. Қайта жүрдек уақыт ағысы алға жылжып, күнделікті күйбең тіршілік түрленген сайын жаңғырып, қоғамдық-саяси құнын артырып отырғанын байқаймыз. Биыл, баршамыз белгілі, Ауған аймағынан кезіндегі Кеңес әскерінің шығарылғанына 35 жыл толды.

Рухы биік, болмысы асқақ әрбір ардагердің ерен ерлігі тарих беттерінде қатталып, қайтпас қайсарлықтың нышанына айналды. Оның үстіне, жыл сайын мемлекеттің, ел басшысының қолдауымен Ауған соғысының ардагерлеріне қолдау көрсетіліп келеді. Нақты айтқанда, бес қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, 1 адам «Халық Қаһарманы» атағын алды, екі азамат «Айбын» орденінің толық иегері атанды, жүздеген азаматтар бұрынғы КСРО және Қазақстан Республикасының ордендерімен және медальдарымен марапатталды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі де өз тарапынан Ауған соғысының шиеленісінде шираған ардагерлерімізге барынша қызмет көрсетіп отыр. Маусым сайын Отан соғысының ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталінде ардақты ардагерлеріміз тұрақты түрде сапалы ем қабылдайды. Емханада ардагерлеріміздің жан саулығы мен тән саулығын сақтау үшін барлық жағдай жасалған.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі және госпиталь ұжымының ұйымдастыруымен және «Amanat» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының аясында тоғызыншы ақпанда Ауған соғысына қатысқан ардагерлеріміздің құрметіне орай «Ауғанның асуында от кешкендер» атты кеш өтті. Тарихи тағылымы мол іс-шарада еліміздің әр тарабынан келген ардагерлер бас қосып, өткен күннің естеліктеріне үңілді, тәуелсіздік тарту еткен бейбіт күннің берекесіне бой жылытты. Бар аймақтан келген ардагердің басы біріккен салтанатты жиынды Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Шекара академиясының әскери оркестрі рухты әуен, әсем сазбен көмкерді. Ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім қайшыласқан қанды шайқасқа қатынасқан Мажитов Марат, Атыканов Алик, Абдушукуров Мурат, Даркенбаев Байдаулет, Айдарбаев Алмасбек, Сайлан Болат, Құнанбай Жұмат, Мағұлұмов Дүйсен, Сайбеков Марат, Такирбасов Бахыт, Танабаев Алтынбек, Мухамбеткалиев Казбек, Перминов Валерий, Айдабосын Наурызбай, Жанабаев Асылхан, Смаков Махат, Шылтынаев Токтабай сынды ардагерлерімізге алғыс хат және бағалы сыйлықтар табысталды.
Госпиталь басшысы Гаухар Тазабекқызы майдангерлердің биік болмыс, мәрт тұлға, батыр бейнесі жайлы айта келіп:
- Ауған соғысы ардагерлерінің жүріп өткен жолы, өнегелі өмірі мен ерең еңбегі – біздің мекеменің берекесі деп айтсақ артық емес. Бұл тарихи күннің мән-маңызы тым тереңде жатыр. Сондықтан да халық үшін Ауған соғысы ардагерлері – жоғары рухтың көрінісі. Ауған соғысының қаһармандарын қадірлеп, рух жасампаздығын жаңғыртайық! –деп өзінің ізгі тілегін жаудырды.
Кейіннен жиылған қауым мен ардагерлердің құрметіне ақ халаттылар өз өнерін паш етті. Көпбейінді оңалту бөлімінің мейірбикесі Совет Айдын «Ауғанстан» әнін шырқаса, неврология бөлімінің қызметкері Торокулова Минира «Ауғанстан қасіреті», терапия бөлімінің аға мейірбикесі Балтабай Мөлдір «Ән сал сарбаз», клиника-диагностикалық бөлім мейірбикелері «Алға қазақ жігіттері» әнін шырқады.

Сонымен қатар, сазды кештің сарыны, тағлымды кездесудің тәліміне бойлаған ардагерлер госпиталь қызметкерлерінің сапалы қызметіне сай берілген марапатын табыстады. Жылы лебіз білдіріп, госпиталь әкімшілігі мен ұжымға алғысын жаудырды.

Кеш соңында естеліктер айтылып, ұзақ уақытқа дейін ардагерлер өзара қауқылдасып жатты. Сол күні, расында, көпшілік құнды кешті ғана қызықтап қоймады, өнерпаздардың ыстық ықыласы, мейманасы тасыған ардагерлер мен ізетті дәрігерлер қауымының әрбір әрекеті ерліктің даңқы мәңгі өшпейтінін айғақтап тұрды.

Дастан Қастай
“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер