Халықтың ақшасына өрт сөндірушілерге шұлық алып жүрміз – депутат

990
Adyrna.kz Telegram
Дәулет Мұқаев
Дәулет Мұқаев

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Қазақстанда өрт сөндірушілердің әлеуметтік жағдайы мәз емес екеніне тоқталды. Бұл туралы ол бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Отырысқа дейін депутаттарға арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда өрт сөндіруге арналған жаңа құрал-жабдықтар қойылды. Депутат бұл құралдардың күнделікті өмірде қолданылмайтынын айтып қынжылды.

«Жаңа бір күшті көрме болды. Оның суреттерін әлеуметтік желіге салғанда көптеген адам жазды. Тіпті, өрт сөндірушілердің өзі төтенше жағдайда бұл құралдарды көрмедік деп айтып жатыр. Өйткені ауылға да, ауданға да олар жетпеген», - деді Дәулет Мұқаев.

Оның пікірінше, бүгінде өрт сөндірушілерге дұрыс жағдай жасалмаған.

«Біріншіден, мені бір қынжылтатын мәселе бар. Қостанай облысында және Семейде орман өрті болғанда біз халықтан қайырымдылық қорына 4 млн теңгеге жуық ақша жинадық. Бұл қаржыға өрт сөндірушілерге майка, берцы, тіпті, тамаққа дейін сатып алған жағдайлар болды. Шұлық та сатып алдық. Білмеймін, қаржы министрлігіне бюджеттен қаржы бөлінеді ғой. Ондағы өрт сөндірушілер өртті сөндірді. Жер деген ыстық. Тіпті, берцыдың өзі ыстыққа шыдамай, еріп кетіп жатты. Мұндай жағдайда аяқкиім, арнайы киім сатып алу жағы неге қарастырылмаған?» - деді депутат.

Дәулет Мұқаев өрт сөндірушілердің мәселесін көтергендер басшылық тарапынан қысымға ұшырайтынын да жеткізді.

«Екіншіден, маған өрт сөндірушілердің мектептің еденінде жатқан суреттері түсті. Мен оны әлеуметтік желіге салғанда, «Өшіріңізші, өшіріңізші» деді. Суретті маған өрт сөндірушінің әйелі жіберген болатын. Ол күйеуімді жұмыста қыспаққа алып жатыр деді. Елімізде неге шындықты айтатын адамдар қыспаққа түсуі керек? Өлім мен өмірдің арасында жүрген жандардан көп түсетін сұрақтың бірі – тұрғын үй төлемі мен айлық мәселесіне қатысты. Білесіздер, оларға ешқандай төлем жоқ. Осындай байлығы бар елде майка, берцы, шұлық алып беру – нонсенс, - деді ол.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатқанын айтты.

«Биыл жалпы орман саласындағы қызметкерлерге 4 405 дана өртке қарсы киім алу керек деп бекітілді. Осыған байланысты 918 млн теңге бөлінді. Бүгінде біз тек 2 мың (арнайы киімді) алдық. Себебі конкурстың көптеген қиындығына байланысты 510 млн теңгені ғана игердік. Қалғанын (ақшаны) қайтарып бердік. Көктемде қалған 2 400 арнайы киімді аламыз деп отырмыз.

Әрине, осы уақытқа дейін біз (өртке қарсы киімге) талай рет осындай ақша керек деп сұраныс бердік. Дегенмен осындай жағдай болғанда ғана мәселеге назар аудардық, шынын айту керек. Бірақ 1-2 жылда бәрін (арнайы киіммен) қамтамасыз етеміз. Тұрғын үй төлемі біздің өрт сөндірушілерге белгіленбеген. Бірақ оларға арнайы пакет бөлінеді», - деді ведомство басшысы.

Пікірлер