Ішкі істер министрлігі Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
ІІМ таратқан ақпаратқа сәйкес, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 389-бабы – "Өз бетінше билік ету" бойынша тіркелген. Тергеуді Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізуде.
"Қазіргі уақытта істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін тиісті тергеу әрекеттері жалғасып жатыр", - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге іздеу жарияланған болатын. 3 наурызда тіркелген іздеу ісін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізіп жатыр.
Бас прокуратураның хабарлауынша, Арғын Нығматулин мен өзге де тұлғаларға қатысты Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша іс қозғалған.
Арғын Нығматулин 1955 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. 2006 жылдан бастап «Сарыарқа» хоккей клубы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметін атқарған. Сонымен қатар, Қарағанды облыстық мәслихатының бірнеше шақырылымының депутаты болған. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің «Жылжымайтын мүлік орталығын» басқарған.