Соқпақбаевтың соқпағы Тәуелсіздікке жол салды

3196
Adyrna.kz Telegram

Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Осы мерейтой қарсаңында Соқпақбаев туралы бұрын көп айтылмаған, айтылса да ескерусіз қалған не бар?  Бүкіл халық жүз жылдығын тойлағалы отырған Бекең тәуелсіздікке не берді? Біз шама-шарқымызша осы сұрақтарға жауап беріп көрсек...

Еркін – азат елдің кейіпкері...

Бердібек Соқпақбаев өз өмірін көркем шығармаға айналдырған адам екенін сыншылардың бәрі айтады. Қызығы, кейіннен сол көркем шығарманы мына біз өз өмірімізге айналдырып жібергеніміз естен шығып кетеді. «Өлгендер қайтып келмейдінің» басты кейіпкері Еркінге ұқсағымыз келгені, сол Еркіндердің тәуелсіздік үшін күрескені ұмыт қалуда...

«Өлгендер қайтып келмейдінің» басты кейіпкерінің аты неге Еркін? Неге Беркін емес? Неге Өркен, я Көркем емес? Не көп, кейіпкерге қойылатын ат көп емес пе? Бірақ, Соқпақбаев Еркіннің, еркін адамның  өмірін суреттегісі келгені анық. Бүкіл романның басынан аяғына дейін тоталитарлық жүйемен алысатын шынашақтай кейіпкерге басқа ат мүлдем қонымды болмайтынын жазушы түйсігі анық білген.   

Еркін деген маған тотолитарлық жүйеге бағынбайтын, тәуелсіз Қазақстанның, азат кейіпкеріндей көрінеді. Соқпақбаев соқпағы тәуелсіздікке  Еркін, Қожа, Сұлтан секілді ешкімге бағынбайтын «бунтарь» бейнелер арқылы жол салып беріпті. 

Еркін – тәуелсіз қазақ! Қожа – еркін елдің қожасы, Сұлтан – азат елдің сұлтаны...

Еркіндер көбейіп, 1986 жылы Желтоқсанда теңдік сұрады. Еркіндер көбейіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық құндылықтарымызды қалпына келтіруге белсене араласты. Еркіндер заманға Заманбек болып тіл қатты. Еркін Алтынбекке айналды. 

Мен қазір азат ойлы бір азаматпен кездессем, Бердібектің Еркінін көргендей боламын. Еркін Нұрәлілермен қалай айқасса, әлгі өмірдегі «Еркін» де әділетсіздікпен солай күресіп жүреді. Соқпақбаевтің ұлттың күрескерлік рухымызды қайта оятқанын  бұдан артық қалай айтуға болатынын білмеймін. 

Тұйықтағы қазақ қоғамын азаттыққа бастады...

Кейде «Өлгендер қайтып келмейдіде» жазушы ауылының атын не себепті Тұйық деп алған?» деп ойлаймын. «Тұйық» деген сөздің өзі түсінген адамға жазушының ішкі әлемінде жатқан бар сырды суыртпақтап бермей ме?

Тоталитарлық қоғамның барар жері – Тұйықта. Еркін де әр кез сол өз Тұйығына оралып отырады. Маған сенбесеңіз жазушының туған жерін картадан көріңіз. Көсіліп жатқан ұлан-ғайыр атырап қаламгер ауылының тұсына барып, тұйықталады. Онан ары – жол жоқ!  

Бердібектің дәуірінде бар жол,  бар соқпақ шұбатылып барып, бір жерге  (тоталитарлық жүйеге) түйісетін  де, одан ары барлық жол жабылатын. Осы Тұйықтан шығар соқпақты іздеген жалғыз адам – Еркін! Еркін деген – Бердібек. Көбіміз елеп-ескере бермейтін осы детальдан жазушының әр сөз, әр сөйлеміне шұқшия қарау керектігін аңғарамыз. . 

Еркін адамның Тұйықта өмір сүруі мүмкін бе? Мүмкін емес... Демек, Еркіннің барар жері Тәуелсіздік қой...

Атом бомбасына қарсылық көрсеткен тұңғыш жазушы

Сол Еркіндердің Семейдегі полигонның зардабын шеккенін қазір ешкім айтпайды. Адамзатқа қауіп төндірген атом бомбасына деген қарсылық Қазақстанда сексенінші жылдарда ғана басталғандай көрінеді. Кешірім Бозтаев, Олжас Сүлейменовтер бастаған Семей полигонын жабу күрестерінің басында Бердібек Соқпақбаев тұрғанын ұмытып кете береміз.

1966 жылы «Қазақстан пионері» газетінде Бердібек Соқпақбаевтің «Ергежейлі еліне саяхат» шығармасының үзіндісі жарияланды. Артынша дереу цензураға ұшырап, аталған хикаят жариялылық келген соң, яғни 1990 жылы ғана «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Сосын, атом бомбасына қарсылық көрсеткен Бекеңнің осы шығармасы тағы назардан тыс қалды (2015 жылы аталған хикаятты осы жолдардың авторы журнал тігіндісінен тауып, қайта әдеби айналымға енгізді). 

Сол шығармада Ергежейлі еліне қарсы патшалықтың «мота» бомбасымен қаруланатыны  бар. «Мота» сөзін керісінше оқысаңыз – «атом» деген сөз шығады. Осы бір өте қарапайым сөзжұмбақты шешсеңіз болды, сол тұстағы атом бомбасымен қаруланған КСРО мемлекеті көз алдыңызда көлбеңдеп тұрып алады. Атом бомбасының адамзат баласына қандай апат әкелетінін айпара сынайды. Бұл Кеңестер одағының қылышынан қан тамып тұрған уақыт болатын. Яғни, 1966 жыл...

«Халық жаулары» туралы шындықты да алғаш жазған Бердібек болатын...

Осыдан бірер жыл бұрын менің қолыма «Өлгендер қайтып келмейдінің» түпнұсқасы (бірінші дәптердің) түсті. Сол нұсқада әлгі қоғамға басы сыймайтын Еркін кейіпкер – «Халық жауының» баласы болып суреттеледі.

Кейіннен білесіз, бұл тұс қысқарып, қидалауға түскен.    

«Бұл жолы әкем келе қоймады, кешіге берді: енді кеп қалар деп, елеңдеумен біз отырмыз. Кенет есік алдында жатқан қар сықырлады. Е, бәрекелді, әкеміз болар деп едік, ол болмай, басқа біреулер тық-тық еткізіп есікті қақты. Балалық мінезім ұстап:

– Да! –деп, айқайлап жібердім. Сау етіп үш-төрт адам кіріп келді.

Кейбірін танысақ та, кейбірінің түсі басқа, суық. Алдыңғы біреуі сөлбірейтіп шинель киген, портупея асынған, белінде наган. Шешем екеуміздің көздеріміз атыздай болып кетті.

– Тінтеміз, – деді шинельді.

«Неге?», «Не үшін?» деп сұрауға бізде шама жоқ. Біреудің үйін тінту, адамын ұстап әкету ол кезде онша қиын емес.

Тінте бастады. Жүк, төсек-орын, қора-копсының әптер-тәптерін шығарды. Не іздеп жүргендерін құдайым өзі білсін. Күмістеген ескі ердің кұйысқан, тартпа, өмілдірігімен қоса ескі кұранды да әкетті.

Соңынан білдік, әлгілер біздің үйге тінту жасап жатқанда, екі милиционер Жабырда жылқыда жүрген жерінен әкемізді қамауға алып, Карасазға айдап әкетіпті.

Ойламаған жерден шаңырағымыз ортамызға түсіп, астан-кестең болдық та қалдық. Шешем зар жылап:

– Жұртым-ау, бұл не сұмдық? Қандай пәле болғанын айтсаңдаршы? – деп, біресе зыр жүгіріп ауыл совет кеңсесіне, біресе колхоз кеңсесіне барады. Бірақ ешкім оған ештеңені түсіндіріп айта коймады.

Ол кезде Тұйықта колхоз председателі Нұрәлі.

Әкем қамалғанның соңынан: «Мамырбай халық жауы болып ұсталыпты. Қытайдағы бандамен байланысы бар екен!» деген тажалдап суық хабар дүңк ете қалды. Мәссаған, керек болса! Бұл біз үшін күн жарқырап тұрғанда төбемізден шарт етіп жай түскенмен бірдей еді.

Әкеміздің қамалуына байланысты... біз басқа сұмдықтың бәрін күтіп едік. Бірақ дәл осыны күткен жоқ едік. Сауатсыз, қараңғы адам. Осы колхозды колдан тұрғызысқан ку тақыр кедей. Қаршадайынан бастап өмірі байларда жалшылықпен өткен. Қой аузынан шөп алмас момын. Сондай адам кайтып халық жауы болады? Қысы-жазы бел шешуге мұршасы келмей мал соңында жүріп, Қытайдағы бандамен калай байланыс жасайды?

Бұлай деп үн көтеріп, ауыз ашуға әл кайда. Жұрттың бәрі көлеңкесінен қорқады.

Сол кеткеннен әкем байғұс зым-зия кете барды. Қарасазға бір түнетіпті де, Жаркенттің түрмесіне әкетіпті. Соңынан бір-екі айдан соң қайта әкеп, жасырын сот жасапты. Бізді оған қатыстырмақ түгіл жолатқан да жоқ. Шешем байғұс неше күн сыртынан торуылдап жүріп, жолыға да алмай қалды. Тек: «Мамырбайға он жыл беріпті» деген хабарын бір-ақ есіттік.

Кұдай-ау, не үшін? Не қылмысы үшін? Кімдер куә болыпты?

Біз жауап таба алмаймыз. Тек ел аузында әр алуан пыш-пыш алып қашты әнгіме бар. «Мамырбайды бандамен байланысы бар деп, қаматушы да, оған негізгі қаралаушы, куә болушы да Нұрәлі екен», – дейді.

Кім біледі, болса болар дейміз. Бұлай ойлап, сезіктенуге бірсыпыра себеп те бар. Неге екенін мен өз басым анық білмеймін, бірақ әйтеуір әкем Нұрәліні жек көретін. Оның аты естілсе, жиырылып тұратын. Техникумға оқуға кеткенге дейін Сәрсебек ағайым кеңседе Нұрәлінің қарауында есепші болып істеді. Сонда әкемнің бірнеше рет: «Балам, Нұрәлі жаман адам, байқа. Сақ жүр!» деп, айтып отырғанын еститін едім. «Несі жаман?» деп, мән беріп сұрамай қоймаушы едім.

Және бір себеп: сол әкем ұсталардан үш-төрт ай бұрын, 1937 жылдың күзінде, біздің Тұйықтан Бөкей, Мәмбет деген адамдар халық жауы болып ұсталды. Бөкей – ұста, ал Мәмбет еті тірі белсенділеу адам. Әртүрлі қызметтер атқарып жүретін. Ел соларды да: «Нұрәлі ұстатыпты. Нұрәлі тыңшы екен» деген сөздер айтып жүрді.

Үшінші себеп: әкеміз қамалған соң Нұрәлі бізге тіпті қырын қарап алды. Халық жауының баласы, халық жауының қатыны деп, төбемізге талай рет камшы ойнатқан кездері болды. Міне, осының бәрі тегін бе?

Ал бірақ әкемді қаматып айдатушы дәл осының өзі деп, біз тап басып айта алмаймыз. Оны өз көзімізбен көріп, өз кұлағымызбен естіген жоқпыз. Расында да дәл солай ма? Жоқ, солай емес пе деп, көңілге күдік кіретін кездеріміз де болады.

* * *

Әкем қамалғаннан соң бір айдан кейін киім-кешегін арқалап, ағайым сүмірейіп үйге келіп тұр. Сөйтсе оны халық жауының баласы деп, әрі оқудан, әрі комсомолдан шығарып жіберіпті.

***

Ол тіпті өзінің 1917 жылы туғанын да мақтаныш көретін. Жасы он төртке толар-толмастан комсомолға жазылған. Енді міне, сүтке тиген күшіктей бәрінен аласталып отыр.

***

Бір күні ойнап-күліп Нүсіпбай екеуміз белдеуге таласып жанжалдасып қалдық.

Нүсіпбай:

– Халық жауының баласы кет! Жолама біздің үйге деп! – мені ұрып, қуып жіберді.

Мен кете бардым. Ұрғаны ештеңе емес, «халық жауының баласы» деген сөзі етімнен өтіп, сүйегіме бір-ақ жетті. Төбелесейін десем әлім келмейді.

Үйге келдім де, ет кесетін мүйіз сап қара пышақты алып, Нүсіпбайға қайта бардым. Пышақ ұстаған қолым артымда жасырулы. Нүсіпбай мені көріп:

– Неге келдің? Мен саған бұл араға жолама деп айтпадым ба? – деп, қодиланып, қарсы жүрді.

Мен үндемей жақындап келдім де, пышақпен Нүсіпбайдың бетінен көлденеңдей тартып кеп жібердім. Нүсіпбайым баж етіп, бетін басып, отырды да қалды. Қара қан қолының сыртын жауап кетті. Мен жалт беріп, зыта жөнелдім.

Үйге де соқпастан қырқаны асып, басым ауған жаққа тартып отырдым. Сол күні ауылға жолаған жоқпын. Егінжайдағы ескі қырманға түнеп, ертеңінде қараңғы түсе үйге бір-ақ келдім. Мені жазым боп қалды ма деп ойлап, үйдің іші, бүкіл ауыл-аймақ болып іздеп жүр екен...

Нүсіпбайдың беті тыртық боп бітті. Менен қалған таңба.

Цензураға кеткен бұл беттердің орны қалай толтырылды. Түпнұсқа қаншалықты өзгеріске түскенін бағамдау үшін оны да назарыңызға ұсына кетейін. 

«...Алтыншы оқып жүрген кезім. Әкем жуырда қайтыс болған. Қысты күн. Топ бала жар қабақтан сырғанақ теуіп жүрміз.

Нүсіпбай дейтін менен екі-үш класс алда оқитын, сотқарлау жуан білек бір баламен жанжалдасып қалдым. Екеуміз боқтастық. Нүсіпбай:

– Әкеңнің аузын... жетім, – деді.

Жетім деген сөзі етімнен өтіп, сүйегіме жетті.

Екеуміз жатта кеп төбелестік. Нүсіпбай менен әлді, күшім келмейді. Таяқты көбірек жеп қалдым.

Өшім кетіп бара жатыр.

Жетім деп қорлағаны тағы бар.

Сазарып үйге келдім. Нүсіпбайдан қалай да өш алуым керек. Қалай алам?

Ет кесетін мүйіз сап қара пышағымыз бар. Әлгіні жеңімнің ішіне тығып алдым да, сырғанақтың басына қайта бардым. Үн-түнсіз кеп, Нүсіпбайдың бетінен пышақпен көлденеңдей тартып жібердім...

Нүсіпбай баж етіп, бетін басып, тұрып қалды. Қара қан қолының сыртын жауып кетті».

«Жетім» деген сөз, әрине кімге болмасын ауыр тиеді. Бірақ, менің Бердібегімнің Еркін кейіпкерін жетім деген сөз жасытпаса керек-ті. Оның жүрегіне тікен болып қадалған – «Халық жауы» деген жәбір. 

Өзі Еркін, Тұйықтағы қоғам адамы осылай «Халық жауының» баласы болды.

Қазақтың шетке кеткен байлығын жоқтаған қаламгер

Мені «Өлгендер қайтып келмейді» романындағы қай сюжетін, қай детальін алсаңыз да, темір шеңгелді жүйеге деген қарсылық «мен мұндалап» тұратыны қайран қалдырады. Елдің назарына іліге бермейтін мына бір қиыннан қиыстырылған детальге үңіліңізші. 

«Рас, магазиндерде, кейде, ет болмай қалады. Ет сөресінде құйқасының жарым-жартысы күйіп кеткен, тістері ақсиған кіл қой бастары тұрады. Сүйек мүжи білетін қазаққа бұл да тамақ. Енем әлгідей бастың екі-үшеуін бір-ақ алып келеді. Жақсылап, тазалап жуады. Бабымен былбыратып асады да, қамыр салады. Үй ішімізбен лықа тоюға жарайтын бір табақ ет боп шығады.

Құйқаның сорпасы қандай сіңімді. Қолдан сойған малды еске түсіреді.

Миы не тұрады.

Мен кейде таңырқайтын едім: бастары бар да, денесі жоқ, бұл неғылған қойлар? Тек бастарын кесіп әкеп, сатқаны ма?». 

«Өлгендер қайтып келмейді» тамақ туралы жазылған Тынымбай Нұрмаханбетовтың «Мешкейі» емес. Бірақ, жазушы кілт бұрылып, сюжет желісін бұзып, асханасына кіріп кеткені несі? «Мен кейде таңырқайтын едім: бастары бар да, денесі жоқ, бұл неғылған қойлар? Тек бастарын кесіп әкеп, сатқаны ма?» деу арқылы қазақтың бар байлығын Мәскеу тасып жатыр деп емеурін танытып отырған жоқ па? «Сүйек мүжи білетін қазаққа бұл да тамақ» деген сөйлемнің ауыр жүгін  осыған дейінгі сыншылар неге айтпады? 

Қазақтың шетке кетіп жатқан байлығын жоқтаудың үлгісін Бекең осылай көрсетті.

Бұл кешегі қоғамды былай қойып, дәл бүгін «халық жауының» балалары Еркіндер ғана айтуға дәті барар шындық болса керек.

 

Қызыл Армияға күмәнмен қараған...

 

Соқпақбаев әлемде Қызыл Армиядан күшті армия бар болуы мүмкін екенін ашық айта алған жазушы. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы да мысал келтірейік. 

«Соғысты мен мұншалық ұзаққа созылар, халықтың қабырғасына аяздай бататын қиыншылыққа айналар деп еш ойлаған жоқ едім, Жау жеңіліп, біз жеңіп ура, урамен біте қалар деп ойлағам. Дүниеде бізден күшті ел, Қызыл Армиядан күшті армия жоқ деп білетінмін. Олай болса, жаудың біздің жерімізді басып алып келе жатуы, біздің шегініп келе жатуымыз қалай? Түсіну қиын».

Рас. Дәл уақытында айтылмаған ақиқаттың құны жоқ. Цензура билеп-төстеп тұрғанда «Дүниеде бізден күшті ел, Қызыл Армиядан күшті армия жоқ деп білетінмін-нің» астарында Кеңестер Одағынан да күшті елдер бар екенін аңғарту ойы жатқандай көрінеді. Бекеңнің ешбір жинағына енбеген «Ергежейлі еліне саяхат» хикаятында осы сөйлемнің мәні фантастикалық тұрғыда ашыла түседі. Мадақ пен қошаметке малданған жүйені былай суреттейді. 

– Ергежейлі халқын бақытқа жеткізуші данышпан көсем Жасабол жасасын! – деп, айқай салған ұранмен аяқтадым.

Елдесер менің әр сөзімді Ергежейлі тіліне аударып тұрған. Соңғы сөзімді аудармай бетіме бажырая қарады.

– Мен болдым, аудар, – дедім.

– Біздің президентімізді сіздің жәбірлегіңіз келе ме?

– Қалайша?

– Пендені көзіне мақтап қолпаштау, біздің елдің дәстүрінде өте ұят мәселе. Жәбірлеп тілдегенмен бірдей сөкет кылық.

Мен әрі сасып, әрі қысылып қалдым.

– Ойбай, онда аударма! – дедім.

Рас. Кешегі КСРО кезінде көсемді ұлықтау, оған табыну дәстүр болды. Ондай елде Қызыл Армияны өтірік ұлықтап, жер-көке сыйғызбау – заңды құбылыс. Оны  бір сөйлеммен-ақ қоясын ақтарып, жалпыға ішек-қарнын ақтарып тастау кімнің қолынан келеді?

Әрине, Бекеңнің...

Түйін

Бердібек Соқпақбаев Еркіндей азат елдің кейіпкерін сомдап, «тұйықта» қалған қазақ қоғамын азаттыққа бастады. Қазақ қаламгерлерінің басы болып, атом бомбасына қарсылық көрсетті. Елден бұрын «Халық жаулары» туралы шындықты да алғаш жазып, қазақтың шетке кеткен байлығын жоқтады. Қылышынан қан тамған қызыл дәуірде Қызыл Армияға күмәнмен қарауының өзі Бердібектің тұлғасын биіктете түсері анық. 

Жүз жылдық мерейтой қарсаңындағы Соқпақбаевтың соқпағы туралы әңгімелердің өзегі тәуелсіздікпен тіке түйісіп тұрса деген ниетпен осы мақаланы жаздық... 

 

Қанат Әбілқайыр



Пікірлер