Күнделік жазу жанры немесе Ғабеңнің «Күнделігі»

881
Adyrna.kz Telegram

Күнделік жазу  ̶  публицистикалық шығарманың бір түрі. Автордың көрген білгендерін жадында түю мақсатында жазылатын деректер жинақтамасынан туған әдеби жанр. Әлем әдебиетінде, алыс-жақын елдердің руханият үлгілеріне үнілсек, күнделік жазу тәжірибесі ертеден қалыптасқан. Күнделік жазу әдебі қазақ әдебиетінде ХІХ ғасырларда бастау алды. Мәселен, Ш. Уәлихановтың «Құлжа күнделіктері», «Қашқария», «Ыстықкөл күнделіктері», М.Әуезов «Жапон күнделігі», М.Дүйсенов, Ә.Нұршайықовтардың «Күнделік» атты жинақтамалары бар. Бұдан басқа, кейінгі жылдары жарық көрген- Ө. Жәнібековтың «Тағдыр тағылымы»,             Қ. Сәрсекеевтің «Портреттер», С. Иманасовтың «Қаламдастарым мен замандастарым», М. Қожахметқызының «Сағынышым-Сәбитім», Ғ.Мүсіреповтің «Күнделік» сынды естелік кітаптарының да айтары бар, тағылымы мол. 

Мақалама тиек болғалы отырған қазақтың кемел жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Күнделігі». Жазушының жүрек жазбалары әр жылдары-«Қазақ әдебиеті»  (1989, 4 тамыз; 1 қыркүйек), «Социалистік Қазақстан» (1990, 24 қазан; 1992, 21 наурыз),  «Парасат»  (1991, №1) секілді баспасөз беттерінде, «Тұтқын қыз» сынды повестер жинағынан («Балауса», 1993), кейінірек «Ой сезім сәттері» (Алматы: Жалын, 1996), «Күнделік» кітабынан кең орын алды (Алматы: Ана тілі, 1997.-288 бет). Жазушы күнделігі айтар ойға, берер кеңеске толы. Қойын дәптерінде жазушы даналық сөздермен қатар шығармаларына керек детальдарды, кейіпкерлер характеристикасын жадынан ұмытпас үшін үнемі жазып отырған. Ғабит Мүсірепов күнделік жазуды 1970-жылдардан бастаған. 1970  ̶  1985 жылдар аралығында елуге жуық қойын дәптер жинақтаған. Бұл құнды жәдігерлер Алматы қаласы, Төлебаев көшесінде орналасқан Ғабит Мүсіреповтің мемориалдық музей-үйінің қорында сақтаулы тұр. Қойын дәптерді бастап жазу турасында жазушы: «Ұмытшақтық молайып келеді. Кейде тіпті ұмытпасты ұмытасың, таңертеңгіні кешке дейін ұмытып кетесің. Жалғыз ұмытпасын жазу-сызу айналасында. Бір қызығы  ̶  кейбір ұмытқандарың жазу үстінде әлденелерге жаңғырып келіп қайта есіңе түседі. Тегінде, әр өнердің, әр кәсіптің «өз жаңғырығы» бар сияқты. Сондықтан нағыз қартайған да өз кәсібін ұмытпауға тиіс, яғни «өз шеберлігі» қолы қалтырағанша сақталатын болар. Сонда да, кейбір көрнекті нәрселер, ойға келгендер ұмытылмас үшін анда-санда қағазға түсіріп қоюды дұрыс көрдім. январь. 1970. Ғ.М.» (337-дәптер).

Еңбектегі жазбаларды мазмұн жағынан бірнеше тақырыпшаларға бөлуге болады. Мәселен: көркем мінез; тарих; қазақ әдебиеті; театр және сахна; руханият; дүниежүзі мәдениеті; шығарма кейіпкерлері; мақал-мәтелдер; ішкі ой; тәрбие; әйел-ана. Күнделікпен таныса отырып болашақта кәдеге жарайтын маржан сөздерді, саф алтын асыл ақыл-даналық ойларды мен де өз күнделігіме түртіп алдым. Оқырман қауымға бірнеше цитаталар тізбесімен бөліссем:

«Ұсақ үшін күнде қырқысқа төрт тағандасып, сіресіп қалу  ̶  үлкен істе түкке тұрмайтындықты да көрсетеді».

«Қисық таяқтың көлеңкесі түзу болмайды».

«Көркем әдебиет деген ең әуелі жанды сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай алар құдіреті болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнен де, сағымдай құлпырған қара сөзден де пайда жоқ. Көркем сөздің сұлулығы сағымдай құлпырмасын, өзендей толқысын».

«Ақыл мен мінез екі нәрсе, жұрт екеуінің қайсысын артық бағалайтыны уақытына қарай».

«Ең ауыр майдан  ̶  надандықпен күресу майданы: әрі ұзақ, әрі ызасы көп»!

«Үлкен бақытсыздықты, я болмаса үлкен апатты көтеруден гөрі ұсақ жәбір, күл-көріне әділетсіздікті көтеру қиын».

«Қазақ елі өз мұңын өзі ойлап, өзі ізденіп, тіршілік деген кең майданда сыналған ел, әрі бағыныштылық қашан да осыған әкеліп соғады».

Күнделік жазу жанры қазіргі таңда да өшпек емес, керісінше түрленіп, заманауи сипатқа енген сұранысқа ие, өзекті жанр. Себебі, қазір мектеп жасындағы баладан белгілі бір сала иелері де күнделік жазуды әдетке айналдырған. Бұл қуантатын жайт. Кейбір қолданушылар эмоциялық күйімен бөлісіп, шер тарқату мақсатында жазса, кейбірі маңызды дерек, факт немесе жоспарын жазу үшін қолданады. Қазіргі таңда психолог мамандары да осы әдісті құп көріп келушілеріне ұсынып жатады. Мәселен, шүкіршілік күнделігі, өкпе-реніш күнделігі, мақсат күнделігі, аффирмация күнделігі деп жік-жікке бөліп, психологиялық жағдайды жақсарту үшін қойын дәптер жазуға кеңес береді. Ал, әдеби жанр ретінде озық орын алған күнделік жазу стилі де күннен күнге дамып, өзіндік сипатқа ие болған. Күнделік жазуды әдетке айналдыра алмай, уақыт тапшылығын сылтау етер жан болса, қойын дәптер жазуды ойға алған әрбір оқырманға Ғабеңнің «Күнделігін» оқуға кеңес береміз.

Мөлдір Сағымбаева,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің
әдеби-мемориалдық музей кешенінің қызметкері



Пікірлер