Жасандылар мекені

1826
Adyrna.kz Telegram

Қазақ қарасөзінің құнарына бойлаған көшелі қаламгер, ұстаз, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің профессоры,  кәсіби журналист Кәкен Қамзиннің "Жасандылар мекені" шығармасын назарыңызға ұсынамыз, қадірменді оқырман!  

ЖАСАНДЫЛАР МЕКЕНІ
        (Әңгіме)

         Құданың құдыреті, сайтан алғыр, біздің аяқтың да баспайтын жері жоқ. Ақылдың кені басымда емес, екі табанымда ма, қалай өзі? Бет ауған жаққа жетелей береді. Мынауымыз – әлгі күнбатыс орамын буып алған баяғы Тастағымыз ба? Әсте танымай қалдым. Осының өзі анау жылдары алыс-берісі әдепкілеу, ұзай кетсе, он сомның мүлкіне сылқия тойынып, алақанға шарт-шұрт түкіріскен қаратабан  сауда алаңы емес пе еді.  Екі аттам жердегі ағаштан қиылған ежелгі ресторацияң қайда? Ізім-ғайым. Қол созымдағы «Қызыл ту» пластмасса  ойыншық заводыңыз әлде банк, әлде Altel, әлде ломбард, әлде сән ательесі ме, әйтеуір, әлем-жәлем бірдеңе. Зергер балғасындай бірқалыпты тық-тық етіп жатқан трамвайың мен шойын жолың қайда? Сіз танымас, сізді елемес беймаза шаһар, екі  иінінен демалған бөгде  аудан, безек қаққан бейтаныс жандар. Оны айтасыз, сауда-саттық сауып жүрген бақалшы-базаршылардың өзі байырғы, жыға таныс шырайынан жұрдай. Не деріңіз бар, сол қапталдағы жаймаларда құстың сүтінен басқасының бәрі иін тіресіп тұр. Оң жағыңыздағы павильондарда –   көксегеніңіздің  мың бір түрі, миллион бір нұсқасы. Екі-үш миллиметр құрыш бұранда керек пе, әнеки; үй-жайыңызға бояу-сояу қажет пе, міне, жатыр; ышықынып-күшенген  неше түрлі зыр-зырға зәрусіз бе – маңдайынан шертіп ала беріңіз. Көк жүзінде қыдырыстап бара жатқан  қазбауыр бұлтты жетелеп кел десеңіз де, мархаббат, деп қарап тұрады жайма тауар иелері. Қой деп жатқан пенде жоқ.  Ана Төле би көшесіне еңкейген жағы – гүл бағының нақ өзі. Базардың  анда шап, мұнда кел қуаяқтары  шаһар жұртшылығының дүрия көңілін желіктіре-желпіндіре, хош иісті флораның ондаған түрін жайната жаймалап тастаған.

- Шырағым, мына   раушаның  қаншадан  өзі?  Бағасын   жазып   қоймайсың  ба? - деп жатыр қасымнан «пардон, пардондап» жанай  өтіп бара жатқан жігіт ағасы. Ішімнен кешіріңіз десе, іші кебе ме,  әлде былайғы жұртқа көшелілігін аңғартқан сыңайы ма деп  тырыса қалдым.

- Тек сіз  үшін   бәсін   түсіріп  берейін. Қызыл  раушанның  бір  талы  бір  мың бес жүз, Голландиядан алдырттық, сізге мың теңгеден.

-Шырағым-ау, өзіміздің райханымыз қайда?  Қаптап  тұрушы еді. Не  боп  барады өзі!?  Шіп-шікәрный  дүниені қусырған, затыңды ұрайын, ана  бляданосецтің үрім-бұтағы ғой. Жарайды, бес талын орай сал. Әй, тоқта, тоқта, мынауыңның иісі қайла? І-і-м-і-п. Дым жоқ.

- Иісті қайтесіз,   ағасы.    Сорты   сондай.  Оның     үстіне    Нидерландтан   өліп-талып жеткенше, гүл тұрмақ шоу-бизнес жұлдызыңыздың пұшпағында да иіс қалмайды. Диффузия. La vie a une couleur différente, des odeurs différentes.

         Мен тек тұрмай мырс ете түстім. Осы күнгі саудагерлер мықты-ей: дүдамал бизнесті де, қарапайым физикаңды да тырдай жалаңаш қылып  шешіндіре салады. Французшаңды да ұрып тастайды.

         Бейтанысым тайып жығылардай таяныш іздеп жан-жағына апалақтай қарады. Менің үсті-басымды бір шолып өтті. Жүзінде отыз минут бұрынғы «пардонының» ізі де қалмапты. Не дейін, тілім жеткенше түсіндіріп жатырмын. Қайта, шүкір деңіз, бес-алты жылдан кейін онлайн иісті місе тұтасыз. Мына ініңіз тіршіліктің түсі басқа, иісі бимәлім дейді.

- Е-е, сол  ғана  ма. «Алатаудың  ұшар  басында отырып әулиесіну – оңай, базарлы

жерде шенеунікше шікірею – бейәдептілік» деген осы. Е-е, а-а, бұның бәрін қайдан білесің,  осындағы саудагерлердің дилері емеспісің,  дәл  осы жерде сендей бір жалбыршашқа жолығарымды ішім сезіп еді. Былай таман жүрші. Арақ ішесің бе өзің?

         Қызыл гүл құшақтаған адам «сізді» қойып, бірден «сенге» көшті, ежелгі танысындай білегімнен мыта, үйіріп әкетіп барады.

 - Оңбайын. Татып алмаймын.

 - Затың нашар жігіт екенсің.

 - Әу, ағасы, бұныңыз қай сасқаныңыз, айбым не?

  - Ішпейтін адамды суқаным сүймейді.

  - Жастау кезімде түбін түсіргем. Бертін келе қойып кеттім.

  - Е-е,  солай  десейші. Қоймау  керек еді. Қойып  кеткендер –  зорығар жерін дәп баса

алмайтын милауыттар.

 - Ал өзіңіз жүз граммға қалай қарайсыз?

 - Атама. Татып алмаймын. Бірақ  бөртіңкіреп  жүрген кісілерді керемет жақсы көрем.

Ақкөңіл, ақпейіл, ақжарқын. Еділ мен Жайық. Менің атым Данышпан. Өзің ше?

  - Біз бе, біз Руми деген қазақпыз.

  - А-а? Ру-ру, Руми? Оралман емеспісің?

   - Жоға. Осы жердің қазағымын. Мына сауалыңызда астар бар сияқты.

   - Жо-жо, еш подтекст жоқ. Жәй, атың да, шарфың да, шләпің де біртүрлі екен.

         Менің атымда не шаруасы бар-ей, өзінің жекеменшік есім-сойы оңып тұрғандай. Дегенмен ішім қылп ете қалды. Мына кісінің бойынан ұшып-қонған қиял-сиялға дем салар бір шалықтың  елесі жылт еткендей ме өзі. Осы күні кешелер ғана гастрольден оралдым. Тәжік жамахириатының Душанбесінен.  Әлде телеарналардың бірінен көріп қалды ма? Әй, қайдам, бұндай кісілер көк жәшіктің маңына әке десең де жуи қоймас. Дегенмен жатың түгіл жақының білместі түйсігімен тап басып тұрғанын қайтерсің.

         Қойшы сол, не айтары бар, өзін екі орап алатын мені шыр айналдырып, әкетіп барады. Бастабында қалтақағар-щипач шығарсың-ау дегенмін. Бекер-ау, тегі. Үйдегі шалақазақ бибімнің: «Саған  Милан не, Рио не, Париж не, Лондон не, Алматы не,  bon vivant оқшаш исключительно өзіңнің задницаңа приключение искать итәсің бить», - деген сөзін әдетте  әріден қағып тастамай, беріден мақұлдай саламын. Әйел затымен тәжікелесіп не опа табасың. Ал, ішімді әсте бермеймін, өнеркен адамның қылығы кәдімгі зинақор тіршілігінен не айырмашылығы бар деп саламын. Осы қайсымыздың тұңғиығымыз адамилығымызбен ауыз жаласып жатыр? Әр ұңғыдан  кеу-кеулей кеп, ту-ту түпкіріңнен ұя салған қаңғыбас-қаңғалақтың бәрі РАС шіркіннің өзі ме екен. Бұдан басқа да сыртқа шығармас ұтқыр уәжім төрімде төгіліп тұр: жүргенге жөргем ілігер ме екен, бәлкім, бұл кісінің бір-екі хромосомы артық шығар, аңысын аңдап бағайын.

         Түпкі ойым өзіме аян. Ынжық емеспін, әуестігім басым, тәуекелшілмін десем де жарасымды. Өзіміздің консерватория профессоры Төлепберген Әбдіраш ағамыз қолыма дирижер таяқшасын алғанда, он сегіз мың ғаламның тағдыры өз қолымда тұрғандай өршеленем, о дүние мен бұ дүниенің межесін тас-талқан қылып жібергім келеді деуші еді. Ал, мен байқұс  басқа әлемге несін жалтақтайын, өз бүйірімдегі алапат пен былық жетерлік деймін. Азап сервисіне барып маңдай тіреймін. Әйтеуір, көрінгенге жұғыса кетудің оны-мұны сылтауын табудан басқа не дейсіз. Үйірсекпін. Ол, рас. Сенер досың, арқаға қағар жан жолдасың  болмаған соң, сүйтпей қайтесің. Драма артисі де, суретші де емеспін топырлаған тобыр ішінен образ қағатын. Мына қамшының сабындай қысқа ғұмырымда жүз адамның тіршілігін кешемін, жүз адамның қай-қайдағысымен бірге туамын, бірге өлемін. Жан дүниеңнің алақұйын безегінен, аласапыран аранынан арашалар не дейсіз ғой? Ол бағзыдан белгіл –  ажал ғайып, тағдыр ғайып. Бірақ біз сықылды пиано маманына да тап осындай образдар жинағы керек-ау, сірә дә. Әріректе күн кешкен ұлы дәулескер музыканттар сөй дейтін. Иә, сонымен бұл бұлдырықтан несіне секем алам, қалта толы ақшам жоқ, жайылып жатқан жағдайым және жоқ, сонан соң ғой емін-еркін қатарға қосылып келе жатқаным.

         Сол, иә, қадамымды еріне санап келе жатырмын. Күніне он мың қадам жасау керек дейді білгіштер. Есептеп келем. Он, он бес. Жиырма... Қадам емес ендігім. Қол жайып отырған қайыршы саны. Тап-таза, шетінен көрмеге қоярдай жұтынып отыр. Жадап-жүдеген ешқайсы жоқ. Әнеки, мүлгіген сәбиін алдына таңып алған сыған келіншегі жүр зыр қағып. Әне-міне дегенше менің қолыма жармасты келіп, одан кейін Данышпан ағамыды шыр айналдырды.

         Табиғат пен тағдыр ыңғайлас деп жатыр әнеки. Дәкең алақан ашушы келіншекті жанына жолатар емес. Аулақ, әрмен кет деп жүр. Мына жаққа да қарап қоямын, баянның да, саксофонның да сандықшасы – тиын-тебен жинақшасы. Қолма-қол банк. Мұңға батырар, мұздағыңды ерітер кертолғау да, алпысыншы-жетпісінші жылғы  желкілдек хиттар да осында. Скрипкаң да, баяның да, саксофоның да әудемжерлете сызылтады-ай келіп. Әуезі қайыр-шайыр дәмеден гөрі өткен күнді аңсау ма, кешегімен қош айтысу ма сабаздарыңның? Ет жүрегіңді езеді, сыздатады келіп, сыңсиды келіп.  Тіленші демекші. Осындай әрі жүдеу, әрі теперіштеу көріністі  Лондон, Берлин, Нью-Йорк көшелерінен де талай көргенмін. Бірақ Алматымның адамы ғана емес, құстары да сүрамшақтықты кәсіп қылып алған ба деп қаласың. Адамынан жұққан-ау, шамасы. Әр аялдаманы иемденіп, әр жүргіншінің соңыңнан жорғалай безек қаққан көгершіндерді айтамын. Суықторғайларың ол – анау. Тұсауын үзердей. Есептеп  келемін. Өлшеп қойғандай, әр он бес метр сайын – бір-бір қайыршы. Он бес шақты. Менің көзім осылар қатарын теріп келе жатқанын аңғара қойған Данышпан ағамыз:

         - Бұлар маргинал да, люпмен де емес, шағын бизнес өкілдері, - деді.

         - Аға, кешіріңіз, сізбен селфи жасауға бола ма? – деп ұшып түрегелді қара көзәйнегін

жалмажан шешіп тастаған әрі зағип, әрі саксафоншы бизнесмен.

         - Қайсымызбен? – дедім сасқалақтап.

         - Сізбен, - деп мені нұсқады. Жазбай танып тұр. Бас изей салдым.  Менің мына құрып

кеткір  танымалдығым кімге дәрі, өзіме де, өзгеге де береке бере қоймас. Сонан соң деймін де: осы танысаң да, танымасаң да біреудің қасына тұра қалып суретке түсіп қалу не ғадет? Ертеректе қатар оқыған бір сумақай әріптесім ең құрығанда  тарих бетінде өстіп қалу кереу деуші еді.

- Мыналар сені   қайдан   таниды,  бір   гәп   бар-ау,  ә?  Ана   сығанның  қатындау келіншегі  сенің аппақ алақаныңды әрі сызғыштап, бері сызғыштап тұрып алды ғой. Не тапты?

- Қай бір   гәп  дейсіз, мана  өзіңіз айтқан шляпаның кесірі ғой.  Бұлар  басқа емес, бас киіміңе қарайды. Мына сыған қызына сіз де мүбәрәк саусағыңызды ұстатсаңызшы. Бал ашып берсін.

- Аулақ жүрсін.   Бал    ашып  берем   деп  көз  жанары  іші-сыртыңды терген  бұл

жытқырлар бүткім энергияңды сығып алады. Сөзі сатулы ғой  бәтуасы  арзан хаярлардың.

- Онда мен сізге мына бір өлеңді ақысыз-пұлсыз, тегін берейін:

                                             Сан ойдың санамда көп сауалы бар,

                                             Қаңғыбас – кезбе тірлік маған ұнар.

                                             Алматы қанша жұмбақ болғанымен,

                                             Арбат деп аталатын алаңы бар.

                                             Қажытқан қайқаң өмір, үй тірлігі,

                                             Көремін есалаң мен «сүйкімдіні».

                                             Мұнда бар аластайтын сыған әйел,

                                             Мұнда бар музыканың сиқырлы үні.

- Жөн-ақ екен. Біздің  бозбала  кезімізде  Алматының   Арбаты  басқа тұста еді. Не

дерің бар, бастың аяққа, аяқтың басқа шыққан заманы ғой. Бас   демекші, сабаншаш  үш   қызым   бар  еді,  қазір  үшеуі  үш   жақта.  Бірі  Израильде,  бірі Түркияда,  бірі Австралияда. Бәрі отбасылы. Жатқа кеткен жатбауыр. Күйеубалаларымыздың бірі жойыт, бірі түрік, бірі ағылшын. Не дейін енді.  Өз қолымыздан ұзаттық. Көреген әйелім дәл осылай боларын күні бұрын біліпті-мыс. Жібермейік, бермейік, кесе көлденең жатып алайық десем, жазымыштан озымыш жоқ, алдын ала шотқа қағылған Жасаған иемнің  алгоритмі деп бой бермеді. Жиендерімді әлі көргем жоқ. Бұл да Құдайдың бұйрығы, жаратқанның ұйғарымы шығар...

         Аңдап келемін, Данышпан ағамыздың монологы өзіміз білетін жөн-жоба, қыңыр-қисықты қиыстырудың айналасы. Бірде ойға, бірде қырға тартады. Езілу де емес, қамығу да емес.  Жалығу, сөз жамылып дамылдау. Маған салса, ұзақ-сонар торығуын монтаждап тастар едім. Лағмандай созылған ағыл-тегілін тіле-тіле салмасқа не? Тіпті fermata қойып жіберсем де болар еді. Дегенмен бөтен де бөгде сөзді елеген де сауап, әр тіршілік иесінің арғы-бергі зары ұғар көкейге, тыңдар құлаққа зәру. Менікі де сол ниеттен басқа не дерсіз?

- Ескіргенімді, тозғанымды    сезбеппін.  Қыздарым    бар   деп,   малданып жүріп-

пін. Жұртта қалғанымды, оқшау отырғанымды осы күні анық білдім. Бірақ өзімді аса бақытттымын дегім келеді. Ойға алғанымның көбін тиянақтадым. Орындалмай қалғаны болса, ол да жақсылық. Басқалар қолға алсын. Бәрін көрдім. Ащыны да, тәттіні де. Одан артық не бақыт керек. Тіпті жалғыздықтың өзі маған шапағат боп көрінеді. Бақ пен сор қатар жүреді. Екеуінің қол ұстасып келе жатқанын өзің де байқамай қаласың. Жаман сырын айтам деп, шыны айтады. Түсімде өмірі аяқ баспаған Австралияны көрем. Ылғи қалталы кенгуруды бір үйір динго тырқыратып қуып бара жатады.

         Буыным құрып, өне-бойым дір ете түсті. Енді шынымен сескенейін дедім.  Сезді ме, аңғарды ма мына кісі – білмеймін, еңсемді дереу тіктеп алдым. Ғажап-ау, ғажап.  Осы түнеу күні ғана Океанияны, Жаңа Зеландия, Австралияны шарлап қайтқанмын.

- Әнебіреу көлікжуымның   қасына   таяп  барып   сөйлесейік, -  әжім   айғыздаған

көне тротуарла қапталдаса қадам басқан мені Данышпан ағамыз  және сөзге тартты. -     Современная физика, биологиядан хабарың бар ма?

Мен  не дейін, ағымнан жарылдым.

         - Мектептің айналасы ғой біздікі. Акустикаға ептеген жақындығымыз болмаса.

         - Өзің парашютпен секіріп көрдің бе?

         - Құдай сақтасын. Арлы-берлі ұшақпен сандалыс қой біздікі. Өзіңіз ше?

         - Мен  де  өзің секілдімін. Биіктіктен  зәре-иманым қалмайды. Қорқақтың тап  өзімін.

Жер үйде тұрамын сондықтан. Дегенмен бісміллә, рахман рахим деп байқап көру керек еді. Эксперимент жасап. Ал, шахтаға, жер астына түсіп көрдің бе? Құлдилап кеп кетесің. Одан қорықпаймын.

         - Есесі бір емес пе?

         - Жо-о-о, төменге сырғу оңай. Алқынбайсың.

         - Ал, көтерілерде ше?

         - Иә,  онысы  бар.  Дегенмен   жер  беті  шапағатты  емес  пе.  Ғарышкерлер  де  өзі  бауыр  басқан планетасын сағынбай ма? Осы Адольф Бутенандт деген кісіні білемісің?

         - Оныңыз кім еді тағы?

         - Неміс  биохимигі.  Феромон  құбылысын  ашқан. Мәселен, торибон  деген  феромон

үрей туғызыады. – Данышпан ағамыз бет-жүзімнен әлдене тапқысы келгендей сүзіле қарады да басын шайқады. – Менің көріпкелім осы жолы мүлт кетті-ау деймін, маған жолығар жігіт сен емес сықылдысың. Бойың мен саусағың ғана ұзын. Иә-ау, отыз жыл бойы отыз ғасырға жетерлік кещелерді тәрбиелеп шығарыппыз.

         Мына кісінің есі дұрыс па өзі. Сөз саптасы ала-құла, қаражаяу логикадан да тым аулақ. Біресе арақты, біресе десантураны, біресе шахтаны, біресе биохимияны маңайлайды. Өзіме аян, универсумнан тым алыспын, технарь емеспін. Мені тап бір тестен өткізердей несіне сонша тақымдайды. Онда мен де қырқа шалып көрейін. Не болса, ол болсын. Иығыма түскен қобыра шашымды сілкіп тастадым да:

- Сіз осы  әлгінде  рахман  рахим  дедіңіз-ау, Рахманиновты жыға танитын шығарсыз ? – дедім саусағымды шытырлата.

- Танығанда қандай.  Сол   көшеде   тұрамын.  Ата  жауымыз  қалмақпен  айқаста аты шыққан халық батырының өзі емес пе?

         Басымды изей салдым, мақұлдады демеңіз, қарсы жолыққан көзтанысқа өзімше ілтипат білдіргенім. Ағамыз екі қолын ербеңдетіп, сампылдап келеді.

         Бүйірі тоқтау екі сары мәшине жылансырт асфальттың буын бұрқырата,  қарақошқыл көшені көлкілдете ышқына өте шықты. Анадай жерде қызғылтым кеудешелі әйел-еркек сәлефиттер сақалындай ұйпа-тұйпа, қалыңқылау газонды  электрошалғымен  оңды-солды жадағайлап жатыр.  Айналаны аңқыған көк иісі буып барады. Соны меңзей иек қаққан Данышпан ағамыз:

- Бұл көк  пе,   тәйірі.   Құрып кетсінші. Көк  шалғынның  төресі  біздің  Қарлығаш

пен Үшқайыңда ғой. Жантая кетсең, сөлі мен нілі  бытырадай атылады. Саумалдығын айтсаңшы,  аузыңа салып кеп жіберсең, тартар кесе қымыз сіміргендей бұлғақтап қаласың. Айтпақшы, мына байы өлген қатындардай шашын жайып жіберген қыздарды осылай бір күзер ме еді. – деп жіпсіген маңдайын көгілдір шытымен бипаздай сипап өтті. – Ой, жалған-ай, жастық шақтың қалған-ай. Ел-жұртты есіме алсам, тып-тымық, тұп-тұнық аспаннан шілде ортасында жер бетіне үңіле қалған, сұқтана қадалған триллиондаған шашыранды көз алдыма келе қалады. Қол созымда ғой, қол созымда. Сол самсаған жарқырауық квазарлар мен пульсарлар ғой мені осы араға жіпсіз байлап тастаған. Әйтпесе баяғыда Перудегі «Тәңір қақпасы» немесе Шіри-Ләңкә храмдары қайдасың деп, тартып кетер ем.

- Көкесі-ау, ол   жақта   да   жұлдызыңыз  сайрап тұрған жоқ  па? – деймін ағамыздың  қосарлы пікірін онша жаратыңқырамай.

- Сайрауын сайрап тұр ғой. Бірақ үні  басқа, тілі  басқа, дүзі  басқа.  Жатпен әдетте алыстан сыйласқан жақсы. Материалистер еш жаңылмай таратып береді, адам о дүниеге, ой бойламас, қиял жетпес кеңістікке аттанғанда жиған-тергенінің бәрін ала кетпейді. Ал өмір бойы оқыған-тоқығаны, рухани қазынасы, білім-білігі қайда қалады? Қанжығасына байлап кете ме? Кімге аян? Саған соның шет жағасын көрсетсем бе деймін. Зерделі андроидтар арқылы сол қазынаны бұ дүниеде қалдырғым келеді. Бір есептен ел-жұрт  сағынышын басып жүрсін. Мен де сонда ана жәудіреген жұлдыздардай шырқау төбеден күлімдей қарам тұрармын...

         Көлікжуымның маңы ығы-жығы. Сатпақ-сатпақ автомобильдер мамырлай кіріп, маңғаздана шығып жатыр. Жып-жылтыр, өмірі кір-қоқыс жұғып көрмегендей. Бес қақпаның езуінен кока коладай бірде қабарып, бірде жұқарған ақ көбік бірде жылт етеді, бірде қылт етеді. Шұбырған сілекейі  көк айдында бұлғаңдаған алабұғаның қанатындай құбылады. Екі көзім жуынып-шайынуға ынтық сыңсыған, бебеулеген –  мерстерде, екі құлағым –  Дәкеңнің лебізінде.

- Тұрмыстан тарығатын жайымыз жоқ. Жағдайым  шүкір. Өз басым жасанды зерде проблемасымен айналысам. Жасанды нейрон желісі технологиясын жобалаумен  шұғылданам. Әйелімнің отырысы анау шатыр астында бал ашып. Қазір өзің көресің.  Қазақша айтқанда, қылығы мал табу емес. Аясын, мүсіркесін деп отыр. Бұл да өзін өзі жеудің, жазалаудың тәсілі ме деп қаламын.

         Данышпан ағамыз менің шалшықтай саяздығыма, айықпас мәнжубастығыма анық көзі жеткен болу керек, әр сөзін, әр ұғымын қайта-қайта шегелей түсіп, шарадай басыма езіп құйып жатыр. Менен не қайран, өрісі басқаны қаншама өзімсініп, қаншама  өрге сүйресең де өз партитурасынан, өз оркестровкасынан қайдан айрылсын. Бірақ қызық көремін, тың леп, бұрын ешқашан құлағым шалмаған әуен сорабына түскендей елеңдеп келемін.

- Сен білесің бе, адам баласы заман көшінен қалып қоюдан жаман қорқады. Содан кейін ғой сан түрлі әдіс-айла ойлап тауып жатқаны. ІТ – соның бірі. Ол да бір өтпелі дүние, заман сәні. Айтпақшы, жақында бір ғылыми конференцияда баяндама жасадым. Конференция дегеніміз – қып-қызыл шатақтың өзі. Мысалымды зиялылардың ой жарысына құрдым. Айтқаным мынау: жалпақ жұрт алдына шыққан Мұса пайғамбар дүниетаным ана жақтан келмек деп, сұқ саусағын көкке тірейді. Сүлеймен пайғамбар атып тұрып, барлығы баста дейді. Ал, Айса пайғамбар бәрін жүрекпен сезіну керек дейді. Карл Маркс барлығы тоқтыққа байланысты деп, қарнын сипайды. Зигмунд Фрейд деген пәлеңіз бәрі еркек пен әйледің қарым-қатынасына келіп аялдайды деп, кіндігінің төмен жағын нұсқайды. Біз шашбауын көтеріп жүрген әлгі Альберт Эйнштейн дүниедегінің бәрі салыстырымды деп, тілін шығарады. Байқап отырсың ба, мына данышпандардың бәрі еврей. Осы кезде әлем сахнасына қазақ, мына мен шыға келемін де бәрі конвергенцияға, бірін-бірі түсінуге, бірінің жоғын екіншісі толтыруға, бірімен-бірі үйлесімге байланысты деймін. Осы фейерверкімді жарқ еткізгенде, қол соғып отырған көпшілік сылқ ете түсті. Қалай екен, ә? Әдей сүйттім. Аналарды жарып жібердім. Көрсін, білсін. Кім мықты боп шықты? Қатырдым ба, қатырдым!

         Осы жолы Дәкең жан-пенденің бәрінің бойынан табылар мардымсу мен көлгірсудің ауылына барып қайтты-ау деймін. Онысы өз жайында қалсын, адам баласының бәрінде бар кінәрәт. Бұл кісінің өз түйініне дейінгі тәмсілін бір-екі жерде құлағым шалған. Есебі, ана жылдары маған Билл Эванс айтқан болу керек. Бірақ өз елдесіміздің мына айрықша кілт бұрылысына, тосын қонымына  тіпті тәнті болып келемін. Әңгімесіне   иә сенеріңді, иә сенбесіңді білмейсің. Көкейімде сан сұрақ. Өз басым осы күнге дейін мынадай мықты қазақты білген де, естіген де емеспін. Бірінші рет көріп тұрмын. Мен сияқты нақты пәндерден еш хабары жоқ бейшараны ақ жолдан тайдырар апалақ-сапалақ па, жаратқаным-ау? Қайдан жолықтым, қайдан жолыға кетті? Фауст па, Мефистофельдің өзі ме әлде? Мистификатор ма тұтқиылдан тап берген? Бұл кім өзі?

- Ана Зиялылар үйіне  анық   көзің жетіп  тұр ма?  Соның   бірінші  қабаты  кабаре, ал  соның астында  тағы  екі  этаж  бар. Жынойнақ пен ғылымның бұт айқастыруы. Одақ  тарағанда  сол  ғимаратты алып қалдым. Өз зертханам. Қасымда бес-алты шәкіртім бар. Германияның Саарбрюккеніндегі ғалымдарымен бірлесе отырып тамаша жобаны бастап кеп жібердік. Нәтижесі керемет. Ол араға ешкімді маңайлатпаймын, сығалатпаймын. Құпия. Жаңа өзіңе айтқан конференцияда да тек видеосын көрсеттім. Менің сужаңашылдығым хақындағы ше? Тюссо ханымның балауыз мүсіндері адамға ұқсас, бірақ үндемейді, қозғалмайды. Ал менікі тіл қатады, коммуникцияға бейім, адам сықылды аяқ басады. Яғни, өткен шақ, осы шақ, келер шақтың басын құрап отырмын. – Данышпан ағамыздың бір сөзі көкейіме қонса, екіншісі біздің әлемнен тым жырақ жатқан секілді. Мені қолтығымнан демей базар ішіндегі темірмен қапталған қоймасына кіргізді. Сырты жұпыны сарай, іші хан сарайына бергісіз.  Мұнтаздай. Бір қабырғада тұтастай телеэкран,–  әзірге үшеуіне ғана жан бітірдім. Қарабайыр, примитив кибер емес. Совершенно тарихи тұлғаның тап өзіндей. Қалғандары тағдыр-талайын күтіп отыр. Оншақтысын тізіп қойдым зертханама. Атап айтсам, алыстан аты келген әл-Фараби, әл-Хорезми, Ньютон, Тесла, Эйнштейн, Сәтбаевтар.  Одан кейінгі қайраткерлерді және көре жатармыз. Гуманитарийлер әбден іріп-шіріткен мына дүниенің тәнін тек технократтар ғана  сауықтырмақ. Нанотехнология  ғана өркениет көшін ілгері бастырады. Сен, байқап келем, әлі әрі-сәрісің осы кім дегендей. Күмәнің көп. Кеселдене бер. Айтып-айтпай не керек, саған өзің танитын бір кісіні таныстырайын. Иә, танысты таныстырайын. Әне көктен түсіп келеді. – деп компьютер мониторын жарқ еткізді. Сілейдім де қалдым. Көзбояу ма мынау, голограмма емес пе? Екі көзімді уқалай қайта-қайта қарадым.

         - Ағасы, Шойынқұлақты көшірмелеп жатқан жоқпысыз? – дедім әзер тілге келіп.

         - Оның кім? Мен ондай ғалымды білмеймін.

         Баспалдақпен төмен түсіп келе жатқан ұзын бойлы адам:

         - ЦК-ның  ғимағаты  өғтеніп кеткен  бе? Қап-қаға. Алматыда не боп жатығ өзі? – деп

бізге оң қолын көтере сәлемдесті. Жүзі жылы. – Ал, мен ғұқсат етсеңіздеғ, оғныма бағып жайғасайын. Біғақ мені көзі алақ-жұлақ еткен ана алаяқтан аулақ отығызыңыздағ. – Саусағының ұшымен эскалатормен жер астынан шығып келе жатқан біреуді нұсқады. Оның жәй келе жатқан жоқ:

- Осы қазір кез келгеніңді қолыңнан жетектеп түрмеге тыға саламын! – деп айғайға басып келеді. Жым болдым. Жүрегім атқақтап кетті.

- Рас, Данышпан екенсіз. Ғылыми әлеуетіңіз асып-төгіліп жатыр. К-к-еремет, әбден

тәнтті  еттіңіз, - дедім тілім күрмеле. Өн-бойымды суық тер басып кетті. Орындықтың шалқалығы болмаса, сұлап түсер ме едім, қайтер едім. Менің осы бір сәткі құлақ күйімді кәнігі дирижердай қағып алған данышпан ғалым  қапсыра құшақтап, жерде жатқан шляпамды қағып-сілкіп басыма кигізді.

- Рас, мен  ғасыр  генийімін. Оған  дау  жоқ.  Бірақ  менің  айтпағым  мүлде  басқа. Жаратқан  иеммен бәсекелесу тағы ойымда жоқ. Ерте ме, кеш пе – бәріміз мына жалғанмен қош айтысамыз. Құдайдың қоңырауы соғылады. Басқаша айтқанда, Жазмыш деген құқай құйрығымыздан бір-бір теуіп мына жарық дүниеден айдап шығады. Мен де қарап қалмайын деп, осылайша жазымыштың бетіне бір түкіргім келеді. - деп жүзіме тесірейе қарады. - Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Топыраққа айналамыз. Үлкендер айтып жатады артыңда жақсы сөз, ғибратты өнеге қалсын деп. Қазір фото, аудио, видео бар. Ал мен кәдімгі көзбен көріп, қолмен ұстайтын, шүйіркелесе алатын интеллект жасап жатырмын. Шошитын, үрейленетін дәнеңе жоқ. Бабалармыз бұрын суретке түсуден секем алатын, қуыршақтың көзін шұқып тастайтын. Көр соқырлар көз алдындағыны көрмейді Ғылыми прогресс бәрібір өз дегенін істейді. Адам баласы тас түнекке, қайтпас құрдымға емес, нұры шалқыған әлемге жылап-сықтамай аттануы керек.  Ал, өзің қайда барасың?

         Жауабым – босаңдау, баяғы бас шайқаудан аса алмадым. Жөн-жосығы жоқ кімнің бетіне түкірем. Ұзында өшім, қысқада кегім жоқ. Қайда барамын? Оны қайдан білейін. Мәлімге мәлім шығар.

- Енді тысқа шығып келейік. Сені және бір кісімен жолықтырам. Әне. – Данышпан аға екеуміз базар қақпасынан сәл әріректеу жердегі саялы орамға барып тұмсық тіредік.

- Туған күнің    құтты  болысын,  Эльвира! -  Данышпан   ағамыз көкжолақ  шатыр

астында қоларбада   отырған  әйелге еңкейе бере гүл шоғын ұстатты. Мінсіз қашалған ақ мәрмәр мүсінге бергісіз әдемі  бикеш ләм-мим демеді. Селт етер емес. Көзім арба қасындағы төбесі тесік жапон нэцкесіне түсті, түп жағына аз-мұз тиын-тебен ұялаған секілді. Дәкең еркелей құйрық бұлғаңдатқан екі төрткөз итке молынан кәуап тастады да:

- Ал, арыстандарым,  патшайымдарыңды күндегідей тапжылмай күзеттіңдер ме? – деп еді, жанары тұздай екі ит қазақ тілінің хас білгіріндей күлімдеп сала берді.

         Мүгедектер қоларбасына жайғасқан әйелді енді шырамыттым. Ежелгі Hollywood жұлдызы әрі өнертапқышы Хейди Ламаррдан бір аусашы. Сойып қаптап қойғандай. Өзін көрмесем де көзін көргендеремен талай әңгімелескем, естеліктерін тыңдағам, мұхиттың арғы бетінде қолыма ілінген видеоларын да ерінбей-жалықпай көріп шыққам.

- Осы кісіні селт еткізші.Жан кіргізе алмай жүрмін. Оята алмай-ақ қойдым. Қолдан келгеннің бәрін жасадым. Жүреді-тұрады. Бірақ сезім жоқ. Үн жоқ.

         Данышпан ағамыз қоларбаны өз алтын тағындай иемденген әйелді сықырлата базар қоймасына  жайғастыра бастады. Кіре берісте сәл аял қылған арбадағы әйелдің оң қолындағы жалпақтығы үш елі күміс білезікті, оюланған цифрды қайтып бара жатқан күннің болар-болмас шуағы  шарпып өтті. Көзім шалғаны: 1951 – 1998. Қанша кеще болсам да әлдененің сырын еміс-еміс түйсіне бастаған секілдімін; көкейге келіп қалған күпті сауалымды енді қалай іркейін.

         -  Сіз өзіңіз жасанды емеспісіз?

         - Иә, сөзіңнің жаны бар. Біз де жасандымыз. Құдай жаратқан. Бізді әуелгі кварк дүниеге әкелді. Ал, сол екінші бұйым үшінші бұйымды жаратуда. Жасанды жасандыға жол ашып жатыр. Тізбекті реакция. Осы жаңа ғана таң қалдым дедің. Енді мені таңқалдыршы. Мынау осыдан он бес жыл бұрын офат болған зайыбымның көшірмесі, ал бұған не дейсің? – Данышпан ағамыз қоларбада отырған Эльвира ханымға мойын бұрды. – Мен үшін таңның әрбір атысы – Эльвираның туған күні. Түсіндің бе?

          Жан-жағыма көз тастадым. Сарай ішінде не пианино, не рояль жоқ. Қайтейін, қайтейін? Тас қамалға –  жұмсақ амал. Ішкі қалтамнан тастамайтын хард-дискім ше? Мына тұрған компьютерге жалғай салсам, телеэкраның жайнап сала бермей ме. Туған күнге бұдан артық не сый-сияпат керек? Төлебаев па, Күмісбеков пе, Рахманинов па? Дегенмен Рахманиновтың элегиясынан бастайын. Екі көзім экранда. Әне, Рахманинов пен мені жариялап жатыр.  Әріптестерім айтқандай, жаңылмадым, сол қолыммен до ми-бемоль соль до соль аккордын еркін алдым. Батыс музыканттары әспеттейтін Carnegie Hall ғой. Дәл сол сахнада отырғандай он саусағым үстел үстінде оңды-солды зыр жүгірді.

         Мына тәпелтек темір сарайдың кенже қалған  кеудесі еңселеніп, лепіре шалқып бара жатқандай.  Аңқылдап апорт самал ескендей, перизаттар көйлегінің сусылдаған етегі оюлы паркетті толқындата сызғандай, Jasmin Noir от Bvlgari әтірінің иісі жігіт-желеңнің есін алғандай. Тіпті тыңдаушылар орындығының сықырлағанын да естіп отырмын. Әлдекімнің баяу вальстей аяқ алысы. Міне, таяп қалды, желкеме қарай емін-еркін ағылған буырқанған шашымды қос қолдай уыстады, тырсылдаған кермек тамшы қос бетімді айғыздады.

         Үш автордың туындысы бітер-бітпестен жарқылдаған ұлы зал атты әскер нөпіріндей дүбірлеп кетті,  ақшыл жүзі қоңырқайлана түксиген данышпанның Данышпаны:

- Саусақтарыңды шауып тастау керек еді, - деп күңк ете түсті.

- Бұл бауырымның  саусақтары  саф  алтыннан  жаратылған.  Қызынба,  қызғанба.

Сенің,  әрі  кетсе, төрт саусағың ғана шара істеуге қауқарлы, Данник. Мына Руми пианист он саусағымен жан рахатына бөлейді, арғы-бергі дүниенің көк қақпасын айқара ашады. Онанда «Au revoir!» десеңші мейманға. – деп, Эльвира ханым менің екі қолымды үш қайтара аялай сипап өтті.

         Хан сарайында, жан сарайында мұңдасып, қол ұстасып екеу қалды, мұң жағалай бір-екі басып өз жөніме мен ұзадым.

Кәкен Қамзин 

27.03. 2024

Пікірлер