9 медаль. Қазақстандық боксшылар халықаралық бәсекеде топ жарды

1351
Adyrna.kz Telegram
Фото: olympic.kz
Фото: olympic.kz

Қазақстандық спортшылар Мажарстанда өткен халықаралық турнирді бес алтын, төрт күміспен аяқтады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Мажарстанның Дебрецен қаласында бокстан Иштван Бочкай атындағы халықаралық турнирі өз мәресіне жетті.

Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтында турнирдің нәтижесі жарияланды.

Комитет ақпаратынша, Қазақстан ұлттық құрамасының 9 спортшысы финалға дейін жеткен. Былғары қолғап шеберлері бес алтын, төрт күміске ие болды.

Алтын медаль жеңіп алған Асхат Жүсіпов, Асылжан Серікбай, Бeйбарыс Жексен, Ертуған Зейнуллинов және 80 келі салмақтағы Ерасыл Жақпеков. Асхат Жүсіпов финалда Украина өкілі Андрей Тишковецпен бокстасып, қарсыласынан басым түсті. Ақтық мәреде бақ сынап, чемпион атанған басқа қазақстандық боксшылар Мажарстан өкілдерімен бетпе-бет келген. Ал Асылжан Серікбай Роланд Верешті тізе бүктірсе, Бейбарыс Жексен Крузито Ковачтан басым түсті.

Боксшы Ертуған Зейнуллинов Ричард Ковачты, Ерасыл Жақпеков Пал Ковачты жеңіп, алтын иегері атанды.

Ал төрт спортшы финалда қарсыласына есе жіберіп, күмісті қанағат еткен. Екінші орын иеленген қазақстандық боксшылар қатарында Даниял Сәбит, Кенже Мұратұлы, Сабыржан Аққалықов және Темірлан Мұқатаев бар.

Пікірлер