Парламент бітім үшін бірлесті. Алматыдан Голанға бару қауіпті ме?

4644
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында БҰҰ-ның миссияларына қатысу үшін Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгерлік контингентін жіберу мәселесі қаралды. Мәжіліс пен сенат депутаттары «БҰҰ-ның Голан жотасындағы бөліну процестерін бақылау жөніндегі күштері» миссиясына (UNDOF, Сирия-Израиль) орналастыруды бір ауыздан қолдап, дауыс берді.

Қазақ әскерінің соғыс болып жатқан Таяу Шығысқа баруы қауіпті емес пе? Мәжіліс депутаттары бұл сұраққа әр түрлі жауап берді.

«ӘСКЕРИЛЕРДІҢ АТА-АНАЛАРЫ МАЗАСЫЗДАНУЫ МҮМКІН»

«Ауыл» партиясының атынан Мәжіліс депутаты болған Ерболат Саурықовтың ойынша қазақ әскерінің Голан жотасына баруы ешқандай қауіпті емес.

– 2014 жылдан бастап, 2018 жылға дейін біздің 67 әскеріміз Батыс Сахарада, Кот-д'Ивуарда, Малиде өзінің бітімгершілік миссиясын орындаған болатын. 2018 жылдан күні бүгінге дейін 537 офицеріміз Орталық Африка елдері мен Ливанда болып қайтты. Сондықтан 4 миссия бойынша сұранып отырған 430 әскеріміздің ең бірінші кетіп бара жатқан 139 офицерлеріміз инженерлік және штабтағы офицерлік қызметін атқарады. Сондай-ақ сарбаздарымыз байланыс пен барлау жұмыстарымен айналысады. Бұл жерде тікелей қақтығыс пен соғысқа біздің әскер жіберіліп жатқан жоқ. Менің ойымша, бұл Қазақстан әскерінің халықаралық деңгейде тәжірибе жинауына тиімді және адам өміріне қауіп төнетін миссияға жіберіліп жатқан жоқ. Бірақ бейбітшілік орнату мақсатында барғаннан кейін, әрине, әскерилердің ата-аналары қауіптеніп, мазасыздануы мүмкін. Бірақ енді президент те, парламент те біздің сарбаздарымызды жіберіп отырған кезде белгілі бір негіздерге сүйеніп отыр. Сол себепті мен бітімгершілікпен әскер жіберудің қаупі жоқ деп ойлаймын, – дейді ол. 

Депутаттан «Қоғамда «Әскерімізді Таяу Шығысқа неге жібереміз?» деген сұрақ болуы мүмкін.  Бұл түсінбеушіліктің салдары ауыр болмай ма?»

– Түсінбеушілік болуы мүмкін. Қоғам ішіне кіріп, жете зерттеп жан-жақты талқыламайынша олар бұл мәселені дұрыс түсінбеуі мүмкін. Дұрыс түсінбеушіліктің салдарынан қоғамда бүгінгі күннен бастап теріс ойлар, пікірлер қалыптасуы мүмкін. Ол рас. Бұған дейін әріптестеріңіз менен «Егер президент парламенттен «Бітімгершілік миссия бойынша әскер жіберуді сұраса, оған сіз қалай қарайсыз?» деп сұраған еді. Сол кезде «Иә, мен бұған дұрыс қараймын» деген пікірім үшін мен қоғам мені сынады да. Сыни пікірлер қашан да болуы мүмкін. Өйткені бұл мәселе – қоғамды алаңдататын дүние. Бірақ менің ойымша алаңдайтын негіз жоқ, - деді ол. 

«ҚАҚТЫҒЫСҚА ҚАТЫСАЙЫН ДЕП ОТЫРҒАН ЖОҚПЫЗ»

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың пікірі Ерболат Байұзақұлымен көзқарасымен үндес. Тіпті ол бітімгершілік миссиясымен әскер жіберу халықаралық аренада Қазақ елінің абыройын арттыратынын айтты.

– Менің ойымша, дүние дидарында қазақ әскерлерінің жаңа деңгейге көтерілгенінің негізгі факторы деп білемін. Сондықтан да мен бұл шешімді негізді, қажет, орынды деп білемін. Бұл жалпы өзіміздің әскерімізді, оның ішінде бітімгершілік миссиямызды дамытуда халықаралық тәжірибелерді жинауымыз қажет. Бұл біз үшін, жалпы халықаралық бітімгерлік миссияда өзіміздің тарихи, әскери миссиямызды анықтайтын фактор деп ойлаймын. Сол себепті мен өзім құптаймын, қолдаймын. Ал енді қауіпке келсек, біз резерв ретінде кіреміз. Біріншіден, қақтығысқа нақты қатысайын деп отырған жоқпыз. Екіншіден, миссиямыздың өзінің құқықтық мәртебесі бар. Резерв ретінде және қадағалау функциясымен кіретіндіктен мен дәл қазір нақты бір қорқыныш бар деп ойламаймын, - деді ол. 

«ОППОЗИЦИЯЛЫҚ КӨЗҚАРАСТА БОЛСАМ ДА ҚАРСЫ ТҰРА АЛМАЙМЫН»

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қазақ әскерінің бітімгершілікпен Голан жоталарына баруға қарсы екенін айтқан болатын. Себебі ол ең әуелі өзіміздің территориялық тұтастығымызға мән беру керек деген пікірде.

Бір қызығы бүгін Абзал Құспан бастаған Мәжіліс пен Сенат депутаттары бір ауыздан әскер жіберу туралы шешімді қолдап, дауыс берді. Депутаттардың ішінде қалыс қалып немесе қарсы дауыс берген депутат неге болмады? Бұл сұраққа Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жауап беруге тырысты.

– Себебі бұл Қазақстанның халықаралық деңгейдегі имиджіне өте қажетті шешім болды. Мысалы, бұған дейін біз Ресейдің ығында қалып жүрдік немесе соңғы миссиямызда Үндістан әскерінің құрамында аз ғана сарбазбен болдық. Енді біз Қазақстанның өз атынан бара жатырмыз. Нақтырақ  айтсам, әр әскердің кеудесінде мемлекеттік ту мен БҰҰ-ның туы тұрады. Бұл біздің халықаралық деңгейдегі үлкен қақтығыстарға, дау-дамайға Қазақстанның өз атынан ең бірінші қатысуымыз болып отыр. Сол себепті мен қанша оппозициялық көзқарастағы азамат болсам да бұған қарсы тұра алмаймын, – деді депутат. 

Парламенттегі жиында Қазақстан әскері мен техникасын Алматыдан Голан жоталарына темір жол арқылы жеткізу жайы айтылды. Әскер мен техниканың бару шығынын Қазақстан көтеруі мүмкін. Бұл шамамен 8 млн долларды құрайды. Ал бітімгерлердің жарақ, техникаларымен бірге бері қайту шығынын БҰҰ көтермек.

Голан жоталары – Таяу Шығыстағы даулы аумақ. Оның бір бөлігін Израиль басып алса, бір бөлігіне Сирия иелік етеді.

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер