БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің әмбебап мерзімдік шолу (ӘМШ) жұмыс тобы Женевадағы Ұлттар сарайында Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайын талқылады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КазТАГ тілшісіне сілтеп.
ӘМШ жұмыс тобы бейсенбі күні Қазақстандағы адам құқықтарының қазіргі ахуалын қарастырды.
Қазақстан делегациясы бұрынғы шолуларда берілген ұсыныстарды жүзеге асыру бойынша қабылданған шаралар туралы мәлімдеп, адам құқықтары саласындағы соңғы оқиғаларды таныстырды. Делегацияны Қазақстанның Әділет министрі Ерлан Сарсембаев басқарды. Қазақстан бойынша баяндамашы ретінде Боливия, Гамбия және Жапония өкілдері сөз сөйледі.
Сонымен қатар, Женевадағы БҰҰ ғимаратында Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі төртінші ұлттық баяндамасын қорғау аясында арнайы сайд-ивент өтті. Іс-шараны Қазақстан Сенаты жанындағы инклюзия кеңесінің төрайымы Ләззат Қалтаева жүргізді. Мәжіліс депутаттары Болатбек Нәжметдинұлы, Кенжегүл Сейітжан және Юлия Кучинская саяси реформалар, соның ішінде конституциялық өзгерістер, өлім жазасын жою, сөз бостандығын кеңейту және сайлау құқықтарын жақсарту мәселелерін, сондай-ақ әлеуметтік инклюзия, жұмыспен қамту, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты реформаларды талқылады.
Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жетістіктерімен бөлісті: омбудсменнің мандатын күшейту, буллингтің алдын алу, суицид пен сексуалдық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар. Ал "Ұлттық кәсіби әлеуметтік қызметкерлер альянсы" республикалық қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Динара Есимова әлеуметтік саясатты нығайту мен осал топтардың құқықтарын қорғаудағы азаматтық қоғамның рөлі туралы айтты.
Бұған дейін БҰҰ Бас Ассамблеясына арналған баяндамада Қазақстандағы адам құқықтарын бұзғандарға жаза қолданылмайтындығы туралы алаңдаушылық айтылған болатын. Қазақстанға берілген ұсыныстардың ішінде Рим статутын ратификациялау мәселесі де бар. Егер Қазақстан бұл құжатты ратификацияласа, 2023 жылдың наурызында Ресей президенті Владимир Путинге қатысты шығарылған Халықаралық қылмыстық соттың ордері бойынша оны ел аумағында ұстауға және сотқа тапсыруға міндетті болатыны атап өтілген.женеап