Украина сыртқы істер министрлігі Ресейдің Кривой Рог қаласына жасаған жойқын шабуылынан кейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен ЕҚЫҰ тұрақты кеңесінің шұғыл отырыстарын өткізуге бастама көтерді. Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Сибига X әлеуметтік желісінде бұл шабуылды "соғыс қылмысы" деп атап, халықаралық қауымдастықты Ресейді батыл айыптауға шақырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Азаттық радиосына сілтеп.
Жұма күні орын алған баллистикалық зымыран шабуылы салдарынан 20 бейбіт тұрғын қаза тапты, оның ішінде тоғыз бала бар. Тағы 30-дан астам адам жарақат алып, ауруханаларда ем қабылдауда. Бұл – 2022 жылдан бері бір мезетте ең көп украин баласының өмірін қиған шабуыл.
Сибига өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
"Ресей кәдімгі тұрғын ауданды – балалардың ойын алаңын – әдейі нысанаға алып, құрбандар санын көбейту мақсатында кассеталық қару қолданды. Бұл соғыс қылмысы, және бүкіл әлем бұған көз жұма қарамауы тиіс" – деп жазды.
9 сәуірге дейін Кривой Рог қаласында аза тұту жарияланды. 7 сәуір күні қала тұрғындары төрт бала мен бір әйелді соңғы сапарға шығарып салды. Жергілікті тұрғындардың көңілі жүдеп, ел ішіндегі аза тұту көңіл-күйі күшейді.
Ресей тарапы шабуыл нысанасы әскери мәні бар мейрамхана болды деп мәлімдеді.
"Шабуыл әскери командирлер мен Батыс елдерінің нұсқаушылары қатысқан жиын өткен орынға бағытталды. Ресей әскері әлеуметтік нысандарға шабуыл жасамайды" – деді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Алайда халықаралық БАҚ бұл мәлімдемені жоққа шығаратын деректер ұсынды. "Настоящее Время" және "France24" арналары жариялаған видеоматериалдарда зымыран түскен орын – тұрғын үй кешені маңындағы мейрамхана – көрсетілген, онда әскери адамдар мүлдем байқалмайды.
Украина үкіметі халықаралық қауымдастықтан нақты әрекет күтуде. 8 сәуірде өтеді деп жоспарланған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің және ЕҚЫҰ тұрақты кеңесінің отырыстарында бұл шабуылдың заңсыздығы мен салдары талқыланады.
"Ресейдің украин балаларын қырып-жоюын тоқтатуға, соғысты тоқтатуға бағытталған нақты және батыл қадамдарға баруға шақырамыз" – деді Сибига.