Қазақстанның «отты нүктелерге» әскер жіберуі не береді? Қорғаныс министрінің Таяу Шығысқа бітімгершілік күштерін жіберуді қарастыруы нені білдіреді?
Қазақстан әскерилері бітімгершілік миссиясымен Таяу Шығысқа, Голан жоталарына баруы мүмкін. Бұл туралы өткен аптада Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Мәжіліс отырысында мәлім етті. Израиль мен Хамас тобы арасында арасында соғыс болып жатқан аймаққа бітімгершілік күштерін жіберу қаншалықты дұрыс? Әскери сарапшы мен депутаттан сұрастырдық.
МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ?
«Бізде келісімдер бар, Қазақстан Қарулы Күштері мен мемлекетіміз жүргізіп отырған саясаттың арқасында бізде белгілі бір құзырет бар. Ал қазір Голан жоталарына бітімгершілік миссиясын өткізу мәселесін қарастырып жатырмыз», - деді министр. Алайда бұл тек талқы күйінде қалуы мүмкін.
Министр қазақстандық бітімгерлердің нақты ұрыс алаңына жіберу мәселесі жайлы талқы жоқтығын айтты. «Әзірге басқа сұрақтар талқыланып жатқан жоқ. Бізден Газа секторына қатысты қандай да бір көмек сұраған жоқ», - дейді ол.
Министр Жақсылықов Қазақстанның бітімгершілік миссиялары тек БҰҰ аясында іске асатынын, қажет болған жағдайда Қазақстан Ұйымға қажет болған аймаққа өзінің бітімгершілік күштерін жіберуге дайын екенін айтты.
«ӘСКЕРИ ТӘЖІРИБЕ ЖИНАЙМЫЗ»
Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, әскери бітімгершілік жіберу қарулы күштерімізге тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Алайда ол екі жақ ортақ мәмілеге келіп, соғыс тоқтамайынша бітімгершілік жіберуге болмайды деген пікірде.
– Әскери бітімгерлік миссиясын жіберу Парламентте қаралған жоқ. Мүмкін президент Қорғаныс министріне айтқан шығар, алайда министр ол ақпаратты БАҚ-на ертерек жариялап қойды. Бәлкім, Қазақстан қарулы күштері бұл мәселеден тыс қалмаймыз деп дайындалып жатқан шығар. Оның үстіне әскери бітімгершілік БҰҰ-ның шешімі арқылы іске асады. Сондай-ақ Қазақстан жеке өз алдына жеке әскер алмайды. Біз координатор мемлекетпен бірге барамыз. Мысалы, Иракқа барғанда Украина Қарулы күштерінің қанатында болдық. Ал Ливанға барғанда Индонезияның координаторлығында болдық. Әзірше жеке өзіміздің баруымызға мүмкіндігіміз жоқ, - деді ол.
Ермек Сейітбатталов әскери адам әрдайым қауіп-қатерде жүретінін айтады. Әйтсе де ол әскеріміздің мұндай жерлерге барып, бітімгершілік жасағаны өте маңызды екенін ескертті.
– 2003 жылы Иракта қателеспесем - 240, Ливанда 400 әскери азаматымыз бітімгершілік құрамында болды. Сондай-ақ бірнеше Африка еліне барып, жақсы тәжірибе жинады. Жалпы еліміз әскери бітімгершілік жіберуді халықаралық аренада оң имидж жинау үшін пайдаланады. Әйтсе де бітімгершілік жасаған әскерилердің тәжірибесін өзге азаматтарға үйрету жағы ақсап жатады. Ашығын айтсақ бітімгершілікке барғаннан кейін ешкімге керек болмай қалады. Әйтпесе біздің әскерилер БҰҰ тарапынан озат болып, айрықша марапат алды, – дейді ол.
«ИМИДЖДІ ОЙЛАЙТЫН КЕЗ ЕМЕС»
Ал Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қазақ әскерінің бітімгершілікпен Голан жоталарына баруға қарсы. Себебі ол ең әуелі өзіміздің территориялық тұтастығымызға мән беру керек деген пікірде.
– Өткен сессияда қабылдаған заң жобасына сәйкес, шет елге қандай да болмасын әскери көмек жіберу – Мәжіліс пен Сенат депутаттарының басым көпшілігінің дауысымен қабылданатын шешім. Егер депутаттар мұндай бастамаға қарсы болатын болса, онда Үкіметтің бастамасы іске аспайтын болады. Өкінішке қарай мұндай «ыстық нүкте» әлемнің бір емес, бірнеше жерінде болып, от тұтанып жатқан жайы бар. Бұлардың қайсібәр жағына жақтасып, не болмаса бітімгерлік мақсатта Қазақстан тарапы баруға дайын емес деп білемін. Әзірге ерте. Себебі өзімізде де проблема жетіп артылады. Соғыс қимылдарынсыз-ақ азаматтарымыздан айырылып жатқан жайымыз бар. Соңғы кездердегі оқиғаларды еске алатын болсақ, Қазақстан бітімгерлік күштерін жіберуге дайын емес. Дәл қазіргі жағдайда халықаралық имиджімізді ойлайтын жағдайда емеспіз. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде бір емес, үш жерде соғыс өрті тұтанып, екеуінде әлі соғыс жүріп жатыр. Мұндай жағдайда имиджді ойлау керек пе, жоқ әлде террориялық тұтастығымызды және оны қамтамасыз ететін азаматтардың амандығын көбірек ойлаған жөн бе?! – деді депутат.
«Қазақстан бітім батальоны» 2000 жылы құрылды. 2003 жылдың тамыз айында 27 адамнан тұратын Қазбаттың алғашқы инженерлік-саперлік отряды Иракқа аттанды. Ал 2014 жылдан бері 60-қа жуық әскери қызметкер, оның ішінде алты әйел БҰҰ-ның Кот-д'Ивуардағы, Батыс Сахарадағы, Ливандағы, Орталық Африка Республикасы мен Малидегі миссияларына штаб офицері және әскери бақылаушы ретінде қатысты. 2018 жылы БҰҰ мандаты бойынша жұмыс істейтін алғашқы отандық рота Ливанға жіберілді.
Серік Жолдасбай,
«Адырна» ұлттық порталы