Home » Айдарлар » Саясат » ҚОҒАМНЫҢ ДИАГНОЗЫ ҚАНДАЙ?

ҚОҒАМНЫҢ ДИАГНОЗЫ ҚАНДАЙ?

Осы сайлауға ерекше дайындалдым. Кезінде қызығып, мүмкіндігімше ізденіп, өзімше зерттеген ғылыми жұмысымның бірнеше жылдан кейінгі объектісіне айналдырдым. Мұндағы мақсатым қоғамымның, әлеуметімнің, ұлтымыздың дәл қазіргі диагнозын табу болды. Студент кезде әлеуметтің психологиясын зерттеу ұнады. Кейін тастап кеттім, қазір түсініп жүрмін: дайын болмаған екем. Сайлау барысын сырт адам, анығы шетелдік ретінде бақыладым. Халықаралақ жаңалықтар, репортаждар мен мақалалар арқылы біліп отыруға бел будым. Ашық ақпараттық қоғамда, әсіресе әр адамның телеарнасы өз қолында тұрған бүгінгідей заманда сайлаудағы бассыздықтар шетелдік БАҚ-та алғаш рет көп және жиі жазылды.
«Бұл сайлау – бұрынғыдан өзгерек» дедік, солай болды. Қазақ қоғамы (қалған ұлт өкілдерін зерттеу нысаныма алмадым) байкотшылар, билікке қарсылар, сабақтастықты қолдайтындар, немқұрайдылар, бейтараптар мен белсенділер болып бөлінді. Экзитполдың нәтижесі шыға салысымен жазғанымдай, осы тараптың барлығы жеңіске жетті. Және жеңілді. Сол сөзімді түсінбей, түрлі эмоциясын білдіргендер көп болды, бірақ кейін осы ойымды біраз адам айтты. Сайлау алдында, сосын соңында айналамдағы адамдарға сауалнама жүргіздім. Әуелі «Кімге дауыс бересің?», деп сұрадым. «Қосановты қолдаймын» дегендерге өзім Тоқаевты қолдайтынымды айттым. Тоқаевты қолдайтындарға керісінше Қосановты. Ал байкотшыларға алғаш рет сайлауға қатысатынымды айтып, баруға барынша үгіттедім. Белсенділерді сайлаудың сценарийі алдын ала дайындалғанына сендіруге тырыстым. Сонда олардың бәрі өз ұстанымдарын аргументтермен, кейбірі тіпті конфликтімен дәлелдеп бақты. Маған керегі – осы еді. Сайлаудан соң «Кімге дауыс бердің?» деп дәл сол бұрынғы адамдардан сұрап шықтым. Біреуі қысылыңқырап: «Тоқаевқа. Өйткені басқа таңдау болмады», десе, екіншісі дәлізде өтіп бара жатып: «Қосановқа», деп сыбырлады. Оның түрінен «тыныш, ешкім естіп қоймасын» дегенді оқуға болатын еді. Кей байкотшылар өзін сәуегейдей сезінсе, немқұрайдылар селфилете алмағанына сол сәтте ғана өкінді. Ал біраз бейтараптар өзін батыр көрді.

НЕЛІКТЕН БӘРІ ЖЕҢДІ ЖӘНЕ ЖЕҢІЛДІ?
Осы сайлаудың ең атышулы кейіпкері Қосановтан бастайық. Абыройынан айырылғанын жеңіліс десеңіз, қателесесіз. Жеңісін қолдан бере салғаны да, қарғыстың астында қалғаны да, тіпті оппозицияны биліктің алдында жығып бергені де жеңілісі емес. Ол бұның бәрін бұдан бұрын білді. Оның жеңілісі – халықтың осынша ояу, кез келген мүмкіндікті қармап қалуға таяу екенін алдын ала анық білмеуі. «Білді» деп сөзіме жармаса кетуіңізге болады. Алайда ақиқаты – осы. «Ғани Қасымовтай өтіп кетермін» деген болар, әйтеуір дәл осынша ояу деп ойламады. Ал жеңісі – қағаз жүзінде демократия, іс жүзінде монархияға айналып бара жатқан елдің халқын адамға емес, идеяның астына бірігу керектігін жарасын тырнап тұрып түсіндіріп бергені.
Байкотшылар да аз шулаған жоқ. Олардың жеңісі – «айттым ғой» деп басталатын ақылды сөзі емес, Қосановшыларды табалаудан тапқан ащы ләззаты да емес, тіпті бейтарап болғандардың «сіздердікі дұрыс болды» дегеніне бір лауазымға ие болғандай марқаюы да емес, халықты, анығы аңғал халықты түпкі ойды білгісі келсе, алуан түрлі пікірді бір басына сыйғызып көру керектігін көрсеткен кейіпкер болғаны. Бұл – көп оқытушылар қол жеткізе алмаған жеңіс. Ал жеңілісі – өз ұстанымдарынан нәтиже шығатынын дәлелдей алмауы, тіпті талпынбауы, өзін ұзақты болжай алатын «саясаткер» сезінумен шектелуі. Шындығында мұның бәрі әрісі он жыл (қайын ата туралы повестьте), берісі 6-3 жылдан бері ішкі асханасын білетін, билікте «бағы жанбағандардың» ауызымен айтылып келеді. Жаңалық емес. Ақиқатында осыны ұстанғандар аянбай еңбек етсе, (нақ жанашыр болса, ұстанымын түсіндіру жолында постпен шектелмей, арнайы ұйым құрып, бірлесе жұмыс істеуге болар еді) байкотпен де бірдеңе шешуге болады.
Немқұрайдыларға мен де немқұрайды бола салайын. Кезек – Тоқаевты қолдағандарда. Оған дауыс берген бір танысыма оның келісті уәжін тыңдап болғаннан кейін: «Тоқаевқа белгі қойғаның – 30 жылғы жеміссіз жүйенің жалғасқанын қолдайтының деп жаттанды, жалықтыратын дүниені айтпай-ақ қояйын. Бірақ осы дауысың – шетелдік БАҚ-та жазылғандай, «заңды» жолмен Назарбаеваның президенттікке келуін қолдауың болып шығады ғой?», дедім. Танысым: «Сен өйтіп қорқытпашы…», деді. Жеңілісі – міне. Қосановшыларға байкотшылар, белсенділер, бейтараптар, тіпті немқұрайдылардың кенеттен қосылып, жабыла жер-жебіріңізге жетуі ештеңе емес, тарихтың табалауы – бәрінен ауыр. Және Тоқаевшылардың мен жеке таныған жеңілісі – құлап бара жатқан жүйенің балағына жармасуы. Кешіріңіздерші, біріңіз – бауыр, біріңіз – дос, жаным ашиды.
Биліктің жеңісі – қанша қарсылас болса да, үн шықса да бірнеше жыл бұрын жазылып қойған сценарийді соңына дейін жеткізуі емес, бірігуге дайын халықты топ-топқа тағы да бөлуі. Ал жеңілісі – стратегия мен жоспарды әлі күнге сырт адамға дайындататыны да, әлеуметтік сауалнаманы ойдан, офисте отырып ойластыратыны да емес, соның кесірінен шетелдік аренада өз айыбын әшкерелеп алғаны. Осыған дейін барлық әрекет пен көптеген істің басында, қарапайым халықтың тілімен айтқанда, «жұртқа жақсы көрінсем болды, ішім іріп-шірісе де мейлі» деген ой тұратын. Ол ой, өкінішке қарай, жақсы көрінбеуге жұмыс істеп кетті. Сайлаудың осы нәтижесі, сол туралы сырттағы сөздер болашақта, анығы белгілі бір келісімдер болғанда басшылыққа алынатын, еліміздің мүмкіндігі кей тұстарда шектелетін, шеттелетін болады.
Халықтың жеңілісі – алданып қалғанында да, сенім демей-ақ қояйын, үмітінің ақталмауы да емес, бәріне ортақ бір идея бола тұра, соған біріге алмауы, шамасы жеткенше бір-бірін түтіп жеуінде. Ал жеңісі – оянуы да, белсенді бола бастағаны да емес, «білгенін істесін, маған тиіспесе болды» дегеннің мәнісі кесір екенін, саясаттың өзінен айналып өтпейтінін, қол сілтей салудың, араласпағанның ақыры не болатынын, «тыныштықтың» түбі (үндемеудің) өзіне таяқ боп тиетінін түсінгені.
Бақылаушылардың жеңілісі де – жеңіс, жеңісі де – жеңіс. Өз дауысыңды қорғау, әрісі халықтың аманатын арқалау – ең үлкен азаматтық.

СОНЫМЕН..
Сөз басындағы айтқан зерттеуімнің нәтижесі нендей?. Ауыр да болса, біздегі дерттің диагнозын айтайын: қазақ қоғамы қазір, өкініштісі, өз ұстанымында тұра алмайтындардан құралған. Мені айыптауға асықпаңыз, түсіндірейін:
-«Ол жүрген «жиһаз» ғой, керек емес». Осы пікірдің иесіне Тоқаевшылардың «Ағылшынша біледі, БҰҰ-да істеген» (ол қызметке қалай барғанын білсем де) дейтін уәжін келтіремін, бет-бақтырмайды, сенбейтінін айтады;
-«Оның қуыршақ екенін түгенше мәлімдеді емес пе?» Бұл сөздің иесіне «Кезінде үкіметке кәдімгідей қарсы шыққан екен ғой» деген Қосановшылардың уәжін келтіремін, болмайды.
-«Өй, түк те шықпайды, әнеукүні Пәленше эфирде ескертті». Осы сөздің егесіне «Өз дауысыңды қорға!» деген белсенділердің уәжін келтіремін, қолын бір сілтейді.
Байқайсыз ба, бізде өзіндік ой, жүректің қалауынан туған (осы сөзді қайталап оқыңыз, өтінем) көзқарас, субъективті пікір жоқ. Жан дауысыңызбен ышқынып «Олай емес!» дерсіз, мойындайықшы, осы отырған көбіміз, тіпті өзін ақылды сезінетін әрбіріміз өз сөзімізді емес, біреудікін қайталадық. Иә, ақымақ болғандықтан қайталамадыңыз, сол адамды ақылды деп ойлағандықтан қайталадыңыз, 3 мың жыл бұрын жазылып кеткен афоризмді алға тартатыныңыз секілді ғой. Әйтеуір дереккөзі бар, оның қайдан алынғанын да біліп тұрасың. Өзімізден іштей, сыбырлап болсын «Осы айтқаным өз сөзім бе? Менің қалауым ба? Жүрегім осылай деді ме?» деп сұрап көрейікші. Біреудің ойынан ой қалыптастыру, өзгенің көзқарасымен қаламасаң да жүру – өзіндік ұстанымы жоқ адамның әрекеті. Ал әлдекімнің «әңгімесінен» пайда болған ұстанымды ұзақ ұстап тұру мүмкін емес. Сондықтан ұстанымға сол сәтте берік болмағандарды айыптамаймын. Ал беріктерді бағалаймын. Миды іске қосайықшы, тот басып жатыр, ақыл айтуға, «қайтсем ақылды болып көрінем»-ге күші кетіп қалған миды елдік іске қосайықшы. Сол миды ғана сонан соң жүрекке жіберейік, түпкірдегі ойды алып шықсын. Ол қандай ой? Мына сөзге тоқтайық: бір сайлауда 5-6 топқа бөлінген барлық тараптың басын біріктіретін бір ғана ой бар, ол – өзгеріс. Демек, қоғамның жік-жікке бөлінуі бәріне ортақ осы ойдың жүзеге аспауын қалайтын Қазақстандағы жалғыз адамға қызмет етеді.
Бір сыйлайтын ағам Қосанов мәлімдеме жасағаннан кейінгі жазбама айналып-толғанып ақылын айтыпты. Кейін таппай қалдым, әйтеуір сөзінде «Саясатта нең бар? Сен не білесің?» деген емеурін болды. Өзін өте саяси сауатты санайтындардың «Айттым ғой мен» деп басталатын сайлау төңірегіндегі сөзі сол сұраққа, сондай сарказмға саяды. Сонда маған: «Елімізде бәрін алдын ала болжайтын «саясаткерлер» кө-ө-п бола тұра 30 жыл бойы неге бірде-бір халықтың мүддесіне бағытталған саяси реформа жасай алмадық?», деген сұрақ келді. Жауабы қарапайым: біз ақылымызды істен гөрі ақылды болып көрінуге пайдаланамыз және содан керемет ләззат аламыз.
Құрметті «саясаткерер», анығы саясаткер сымақтар, Қазақстанда туып, өскен және осы елдің азаматы ретінде әрі өмірінде тұңғыш рет сайлауға саналы түрде қатысқан (дауыс берген емес) қарапайым сайлаушы ретінде айтайын:
-тырнақшаның ішіндегі демоктратиялы елде өмір сүретінімді;
-Қазақстанның пәлен жылға дейінгі стратегиясын менің елімде тумаған, өмір сүрмеген, ай сайын менің салығымнан пәлен мың доллар айлық алған адамның жазғанын;
-оппозицияның Зәкең, Алтекеңмен қоса өліп қалғанын, ақиқаты өлтірілгенін;
-Алтекеңді сайлауға аз уақыт қалғанда өлтіргенін;
-майда-шүйде заңдарымызды былай қойғанда, Конституцияның өзі халыққа емес, жүйеге жұмыс істейтін;
-сайлаудың сценарийі бір тілекке құрылатынын білемін.
Әрі оған импровизация жасау – тек сценарийде рөлі барын білмейтіндердің ғана қолында екенін де білем. Бірақ сіздер, «саясаткерлер» бұған сенбейсіздер. Сондықтан сіздерден бұрын болашақтан үміт етем, әр мүмкіндікті кері тартпай пайдалануға тырысамын және айналамды шақырамын.
Осы жерде өз ұстанымымды да білдіре кетейін. Мен өз ойыңды айта қалғанда еститін «Саясат сенің не теңің?» деген сыңайдағы сөздерді суқаным сүймейді. Ол – адам құқығын шектеу! Неге? Алдымен «Саясат деген не?», соған жауап табайық. Ол – сен өмірге келгенде саған жәрдемақыны жазатын заң. Ол – сен оқуға түскенде грантты әділ бөлуге бағытталған бағдарлама. Ол – сен отбасын құрып, кенет ыдыс-аяқ сылдырлап, ашумен арыз бергенде ісің қаралатын құжат, оны басшылыққа алатын сот. Ол – сен еңбек еткенде маңдай теріңді сүртуге жарар жалақыны белгілейтін, анығы ұстап қалмай берілуін бақылайтын орган. Ол – сен тұрып, ұйықтап жатқан үйің салынған жердің шетелдікке сатылып кетпеуін тоқтатын мораторий. Ол – сен сүйегің сықырлап, өзіңе емес, жүйеге жұмыс істеп болғанда берілетін, рақатын көретін зейнетақыңа ЭКСПО өткізуге рұқсат беретін жарлық. Саясат деген – біз және біздің өмір. Осының бәрі «сен айналысқың келмейтін» саясаттың шеңберінде шешіледі. Мен үшін саясаткер – саяси реформа жасаған адам, қалғанының бәрі – саясаттанушылар. Ал елдегі саясатқа, әсіресе өз өмірі мен саласына қатысты шешімдерге үнін шығарып, қалауын айту – әр азаматтың құқы, кей кезде парызы.
Ағылшынша біз фраза оқып едім, «Сен өз-өзіңді билемесең, басқа біреу басқарады», депті. Халық бір идея астында өзін-өзі басқаруға көшпесе, бұрынғыдай билік билей береді.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

“Адырна” ұлттық порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

37 ел Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын қолдады, арасында Ресей, Сауд Арабиясы да бар

37  елдің өкілі БҰҰ-на бірігіп хат жазып, Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын қолдайтынын мәлімдеген. Хатқа қол қойғандар ...