Аяз келді - апат келді. Алмасадам қайтеді енді?

2096
Adyrna.kz Telegram

Соңғы үш күнде Қазақстанның бірнеше қаласы қақаған аязда жылусыз қалды. Степногорск, Екібастұз, Ақтау, Балқаш, сондай-ақ Теміртау мен Риддерде жылу жүйелерінде апаттар болды. Атырау да сусыз қалды.

ҚАТЕЛІКТЕР НЕГЕ ҚАЙТАЛАНА БЕРЕДІ?

8 желтоқсанда Степногорск қаласында -33°C аязда көпқабатты үйлер құбырдың үзілуіне байланысты жылусыз қалды.

Ал 9 желтоқсан сағат 22:55-те Балқаш қаласында Абай мен Әбуғалиев көшелерінің қиылысындағы құбырдың жарылуы салдарынан 45 көпқабатты тұрғын үйде жылу мәселесі туындады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, апатқа жылу желілерінің тозуы себеп болған.

Апаттың салдарын жою үшін барлық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың ҚСК және төтенше жағдайлардың қатысуымен жедел штаб құрылды. Жағдай қала әкімінің жеке бақылауында болды.

Жөндеу жұмыстары шамамен сағат 6:00-де аяқталған, қазір үйлерге жылу беру кезең-кезеңімен қалпына келтірілуде.

10 желтоқсанға қараған түні Екібастұз жылу электр орталығында (ЖЭС) апат орын алып, соның салдарынан ыстық су қазандықтарының екінші цехының жабдығы мен қапшы сорғы станциясының үй-жайы зақымданды. Қалада қазір 8 қазандық жұмыс істеп тұр, жылу беруде іркіліс болмаған.

Былтыр қарашада Екібастұз жылу электр орталығында ірі апат болып, 30 градус аязда тұрғындар жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланып, үкімет бір жыл бойы станцияларды жөндеуге ақша бөліп, олардың жұмысын қатаң бақылайтынын айтқан болатын. Дегенмен, “баяғы жартас – сол жартас”.

Одан бөлек, Ақтауда да магистральдық жылу құбырында төтенше жағдай орын алып, соның салдарынан 10 шағын ауданда үйлерге жылу беру уақытша шектелгені белгілі болды. Оқиға орнында «Каспий жылу, су арнасы» (ҚЖСА) коммуналдық кәсіпорнының мамандары жұмыс істеуде.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев апат орнында болып, коммуналдық сала қызметкерлерімен кеңес өткізіп, бірқатар тапсырмалар бергені айтылды.

Коммуналдық апат салдарынан Жаңаөзен перзентханасының пациенттері де тоңғандарын айтып шағымданды.

Ал қала әкімі Ұлықбек Тналиев уақытша қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұрап, 10 желтоқсан күні кешке дейін жөндеу жұмыстарын жүргізуге уәде берді.

АТЫРАУ СУСЫЗ ҚАЛДЫ

Атырауда қаланы сумен қамтамасыз ететін Жайық өзеніндегі көктайғақ салдарынан су алатын құрылыстар тоқтап қалды. «Атырау облысы су арнасы» МКК-ның айтуынша, бұған аяздың басталуы мен судың жылдамдығының төмендігі себеп болған.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, кейбір аудандарда су беру қалпына келтірілді. Алайда, «Атырау-Мақат» магистральдық құбыры бағытында, оның ішінде «Береке», «Көктем», «Жұлдыз-3», «Теңдік», «Ақсай-1» және «Ақсай-2» шағын аудандарында техникалық себептерге байланысты су жіберілмеді.

«Мұз кептелістерін жою және сорғы стансаларын тазарту мақсатында жұмыстарға облыстың төтенше жағдайлар қызметінің күштері жұмылдырылды. Алайда, төтенше жағдай ережесіне сәйкес, түнгі уақытта тазалау және басқа да су тиеу жұмыстары жүргізілмейді. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері таңғы 8:00-де тазалау жұмыстарын бастады», - делінген әкімдіктің баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ, кейіннен өзенді тазарту үшін Атырау мұнай өңдеу зауытынан (МӨЗ) қосымша бригаданың құтқарушыларға қосылғаны белгілі болды.

Әкімдіктің баспасөз қызметінде атап өткендей, су құбырындағы ақауларды жою жұмыстары жалғасуда. Оқиға орнында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен қала әкімі Шәкір Кейкин болды.

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕП АҚТАЛМАҚ?

Бүгін Энергетика министрлігі Екібастұз, Балқаш және Ақтау қалаларын жылумен қамту жағдайына қатысты пікір білдірді.

Ведомство атап өткендей, аталған қалаларда орын алған оқиғалар технологиялық бұзушылықтар ретінде сипатталады. Тұтынушыларға жылу беруді тоқтатуға жол берілмейді.

«Ағымдағы жылы еліміздің барлық энергия көздерін тұрақты жылумен қамтамасыз ету мақсатында бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның арқасында жылумен жабдықтауда жаппай шектеулер болған жаһандық апаттардың алдын алынды. Елдің Энергетика министрлігі жылумен қамтуды бақылауда. жағдайды анықтап, энергетикалық нысандарды пайдалану мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста», - деп хабарлады ведомстводан.

Сондай-ақ, бүгін, 11 желтоқсан Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов отставкаға кетті. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі растады.

Ол электр энергетикасы, жылу электр станциялары, жаңартылатын энергия көздері салаларын қадағалаған.

Нұрмағанбетов бір айға жуық демалыста болған. Оның ұзақ демалысқа шыққаны туралы ақпаратты Энергетика министрлігінің өзі растады.

Нұрмағанбетовтің отставкаға кету ықтималдығын хабарлаған дереккөздің айтуынша, оған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевпен арасындағы жанжал себеп болуы мүмкін.

Дегенмен, мұны жоққа шығарып министрлік түсініктеме берді.

"Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов 15 қараша мен 15 желтоқсан аралығында еңбек демалысына шығып, басқа жұмысқа ауысуына байланысты кейін жұмыстан босатылды.

Вице-министр мен ведомство басшылығының арасындағы кикілжің туралы желіде таралып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", – деді энергетика министрлігі.

Айта кетейік, Нұрмағанбетовті вице-министр қызметіне Сәтқалиевтің өзі ұсынған екен.

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМА БЕРДІ

Сондай-ақ, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің әкімдерімен жылу беру мәселесін талқылады.

Президентке Атырау, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау облыстарының әкімдері аймақ тұрғындарын жылумен және сумен қамтамасыз ету мәселесі жөнінде есеп берді.

Тоқаев апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді және барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды талап етті.

Үкіметке жылыту маусымына дайындық кезінде олқылықтар жіберілгені туралы айтылды.

Үкімет басшылығы еліміздегі тозығы жеткен энергетикалық инфрақұрылымдағы бұзылу жағдайларын қоспағанда, жалпы ахуал бақылауда екенін мәлімдеді. Апаттық жағдайларға жол бермеу шаралары қабылданып жатыр.

Мемлекет басшысы берілген тапсырмаларды орындау үшін Үкіметке және облыстардың әкімдеріне жеке-жеке жауапкершілік жүктеді.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер