«САЙРАГҮЛ СИНДРОМЫ» - «СЕРІКЖАН ФЕНОМЕНІ»

2651
Adyrna.kz Telegram

Қытайдағы репрессиядан қашып келіп, бірақ тарихи отанынан пана таппай одан әрі отбасымен бірге Швецияға ауып кеткен Сайрагүл Сауытбай мәселесі Қазақстанның әлемдегі имиджіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Мұның алғашқы белгісі де көріне бастады. Швецияға жетіп, орналасып, көңілін бір демдеп алған Сайрагүл Сауытбай «Азаттық» радиосына берген қысқа сұхбатында Қазақстанға қатысты проблеманың шетін шығарды.
Сайрагүл өзінің және отбасының соңғы сәтке дейін «Қазақстаннан үміт үзбегенін», амалы таусылған соң ғана Еуропа асып, «Швеция елінің азаматтығын алуды мақсат етіп отырғанын» айта келе, мұның бәрін «Қытайдың қаупінен толық құтылу» үшін жасалған әрекет ретінде түйіндеді. Басына күн туған төрт қазаққа (өзі, күйеуі және екі баласы) пана бола алмаған Қазақстан мен Швецияны салыстыруды да ұмыт қалдырған жоқ. «Швеция мемлекеті бізді өте жылы қабылдады. Бұл жерде заң кемелденген, жұмыстар жақсы атқарылады екен. Біздің барлық жағдайымызды толығымен жасап берді, құжаттарды рәсімдеуге Швецияның мемлекеттік қызметкерлері көмектесіп жатыр» деді ол.
Сайрагүлдің аузынан шыққан осы үш-төрт сөздің астында өкініш те, ішті кернеген ыза да бар. Ол тарихи отанына Қытайдан қашып келгенде, Қазақстаннан үй-жай, материалдық басқа да көмек сұраған емес. Оның бар арманы екі баласын бағып, қазақтың ұлан-ғайыр жерінің бір бұрышында күнелту еді. Сол үшін босқын мәртебесін сұрады, азаматтық беруді өтінді. Мұны ол өзіне қатысты өткен тағдыршешті соттың әрбірінде мәлімдеген. Бірақ Қазақстан өкіметі қол қойып, міндеттеме алған отбасыны айырмау, ана мен бала және кәмелет жасына толмаған балалар құқы жөніндегі халықаралық конвенцияларды аяқасты етіп, Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін беруден бас тартты. Тіпті Қазақстан үкіметі шеттегі этникалық қазақтарды Қазақстанға қайтару жөнінде арнайы қабылданған заңды да қаперіне алмады. Мұны Сайрагүл де, Қазақстан азаматтығы бар оның балары да, күйеуі де ешқашан ұмытпайды, олардың жүрегінің бір бұрышы шер болып қатып қалған шығар. Аңсап жеткен аспан түстес көк паспортты тәрік етіп, Швецияның азаматтығын алғалы жатуы да бекер емес.
Сайрагүл Сауытбайдың отбасы Қазақстаннан ешқандай жақсылық көрген жоқ. Тірнектеп жинап терген дүние-мүлкін Қытайға тастай қашқан отбасы Есік қаласында үй жалдап тұрды, жалғыз сиырдың айран-сүтін ішіп күнелтті... Сол сиырды сатып жолкіре қылып алыстағы Швециядан пана іздеп қаңғып кетті.
Сайрагүл мен оның отбасының басынан өткен оқиға жалғыз емес. Жағдайы осыған ұқсас отбасылар көп. Әкесі немесе шешесі Қытайдың «саяси үйрену лагерлеріне» қамалып, тірі жетім болып қалған балалардың жан айқайы әлі қазақ даласында жаңғырып тұр. Қытай-қазақ шекарасында бөлініп қалған қаншама отбасы бар. Шетелден Қазақстанға көшіп келіп, кедейшіліктің қамытын киіп, ауыр тұрмыстан қажыған отбасылар да шаш етектен. Ондай проблеманы батылы жеткендердің аузынан ғана естиміз. Ондай проблеманы Сайрагүл сияқты қайсар азаматтардың әрекетінен ғана көреміз. Біз білмейтін, біз естімеген қаншама қиын тағдыр бар, қаншама қасіретті оқиға бар. Бұл - «мың өліп, мың тірілген қазақтың» басына түскен тағы бір нәубет жағдай, ұлттың тағдыршешті мәселесі.
Тәуелсіздік алғаннан бері 1 миллионнан астам қазақ көшіп келді, 3 миллионға жуық қазақ Қытайдың солақай саясатының зардабын тартып, шекараның арғы бетінде отыр. Олардың бір бөлігі амалын тауып көшіп келер... Бірақ олар да Сайрагүл Сауытбайдың отбасы секілді әлеуметтік, құқықтық проблемалармен тағы да бет-бет қалады. Осылайша Қазақстанда «Сайрагүл синдромының» ауқымы арта түседі.
Кез келген әлеуметтік, экономикалық, тіпті қарапайым тұрмыстық проблема саясатқа барып тірелетіні заңдылық. Бірақ оралмандар проблемасы өзінің қоғамдағы өткір өзектілігіне қарамай тағы да Қазақстан саяси аренасына шыққан жоқ. «Ұлттың болашағын күйттеген» Дос Көшім басқаратын «Ұлт тағдыры» қозғалысы бұрынғы комсомол Әміржан Қосановты президенттік сайлау додасына салды. «Ұлтым дегенде Ұрымды, халқым дегенде Қырымды» күңірене қозғайтын ұлтшыл-патриоттардың бәрі оралмандарды ұмыт қалдырды, олардың проблемасын саясаттың күн тәртібіне алып шыққан жоқ. Қайта Қытайдың қыспағында қиналған қандастарымыздың мәселесін қазақ ұлтының тағдырымен, адамзаттың тағдырымен тұтас қамдаған «Атажұрт еріктілерінің» лидері Серікжан Біләшұлының үстінен домалақ арыз жазып, қаматтырып тастады. Билік те, оның саяси ойынына жегілген псевдо ұлтшыл-патриоттар да бұрқ-сарқ қайнаған қазанның қақпағын баса түскісі келеді. Қазақ қоғамындағы өткір проблеманы өпірімдікпен қымтап жауып қоймақшы. Бірақ шындықтан қашып құтылу мүмкін емес. Келесі электоралды кезеңде қазақ мәселесіндегі маңызды бағыттардың бірі болып дәл осы оралмандар проблемасы күн тәртібіне шығады. Қоғамдағы өзекті үрдістің тамырын дәл басып отырған Серікжан Біләшұлы алып кемеше саясат айдынына түсіп, алапат толқын тудырғанда, Қосанов-Тоқаев сияқты желқайықтар жағалауға ысырылып қайраңдап қалады... Ол күн де алыс емес.

P.S. Автордың пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Тұрарбек Құсайынов

"Демос" ҚБ төрағасы

Пікірлер