Билборд мәселесін ішкі саясат басқармасы шешпейді

1407
Adyrna.kz Telegram
Фото: alexweb.md
Фото: alexweb.md

20 қазан күні Адырна ұлттық порталында «Маңғыстаулықтар 5  билбордқа 1 млн теңгеден астам қаржы жұмсамақ» деген мақала жарияланған еді. Сол мақалаға қатысты Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы жауап берді, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы.

Аталған материалда Маңғыстау облысының Ішкі саясат басқармасы ҚР Ұлттық валютасының 30-жылдығын бір ай ғана ілініп тұратын бес билбордпен атап өткелі отырғаны, ол  бес билборд Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында ғана қойылатыны, бүкіл облыс тың халқы Ұлттық валютаның тарихын екі қалаға орнатылған бес билбордтан ұға қоймасы жазылған еді. Біздің жолдаған сұрақтарымызға төмендегідей жауап келді.

Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы, Сіздің өтінішіңізді қарап, келесіні хабарлайды.

Өзіңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасының   30 жылдығы туралы жан-жақты ақпараттандыру мақсатында Ақтау (4 бірлік) және Жаңаөзен (1 бірлік) қалаларында билборд/баннер орналастыру жоспарланған.

Бұл жұмыстар мемлекеттік сатып алу процесінің шеңберінде жүргізілуде.

Конкурстық рәсімдердің техникалық талаптарында баннердің эскизін жасау, басып шығару, билборд орналастыратын қондырғыны жалға алу, билбордты орналастыру және шешіп алу жұмыстары көрсетілген.

Осы жұмыстарға бөлінген бюджет Ақтау қаласы бойынша жарнамалық материалдарды дайындау мен орналастырудың орташа сомасы негізінде есептелген:

Билборд құрылымын 1 айға жалға алу (1 бірлік) - 150 мың теңге;

Баннердегі кең форматты басып шығару (1 бірлік) - 71 мың теңге;

Жарнамалық материалды монтаждау/ шешіп алу 3х6 м (1 бірлік) – 20 мың теңге;

Эскиз дизайнын әзірлеу (1 бірлік) - 15 мың теңге;

Рұқсат құжаттарын ресімдеу (1 бірлік) – 7 мың теңге.

Билбордтардың саны мен оларды орналастыру орындарын «ҚР Ұлттық Банкі» республикалық мемлекеттік мекемесінің Маңғыстау филиалы тарапынан белгілегенін атап өткен жөн» делінген.

Түйіндеп айтқанда, Ішкі саясат басқармасы ақша бөлгені болмаса, билбордтар мәселесін шешпейді екен. «ҚР Ұлттық Банкі» республикалық мемлекеттік мекемесінің Маңғыстау филиалы белгілеген бес билбордты облыстың басқа аудандарын алалап, екі қалаға бір ай мерзімге орната қойып, төл теңгеміздің 30 жылдығын өткізе салу дұрыс па?

Сіз не дейсіз?

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

 

Пікірлер