Маңғыстаулықтар 5 ​ билбордқа 1 млн теңгеден астам қаржы жұмсамақ

1728
Adyrna.kz Telegram
Led-si.com
Led-si.com

Маңғыстау облысының Ішкі саясат басқармасы Ұлттық валютаның 30 жылдығына орай Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы көшелерге орналастырылатын 5 ​ билбордқа 1 339 285 теңге бөлді,  деп хабарлайды «Адырна» тілшісі goszakup.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталған тендер 17 қазан күні жарияланған. Мемлекеттік сатып алудың атауы "Ақтау және Жаңаөзен қалаларының көшелерінде орналасқан билбордтар арқылы ҚР Ұлттық валютасының құрылу тарихымен таныстыру қызметі" деп аталады. Қазірше, тендерді ұтып алу үшін бір ғана компания үміткер ретінде құжаттарын тіркеген. Жеңімпаз 24 қазан күні анықталады.

Тендерді ұтып алған компания Ақтау қаласында 4 (төрт) бірлік және Жаңаөзен қаласында 1 (бір) бірлік, барлығы 5 (бес) бірлік билборд орнатуға, баннер эскизін дайындау, басып шығару, конструкция жалдау, орналастыру, шешіп алу және т.б. қызметтерді атқаруға міндеттелген. Сондай-ақ, техникалық сипаттамада билбордтың сыртқы пішіні – 3х6 көлемінде болуы керектігі жазылыпты.

Енді, есептеңіз... 5 билбордтың жалпы ортақ құны 1 339 285 теңге. Демек, әр данасы 267 285 теңгеге жасалады деген сөз.

Ұлттық валютаның тарихын насихаттау үшін бюджеттен 1 339 285 теңге қаржы бөлініп дайындалған сол 5 дана билборд, бар болғаны бір ай, яғни 1 желтоқсанға дейін ғана қала көшелерінде ілініп тұрмақ екен.

Қош! Енді бізді мына сұрақтар мазалайды...
1. Маңғыстау облысының Ішкі саясат басқармасы ҚР Ұлттық валютасының 30-жылдығын неліктен бір ай ғана ілініп тұратын 5 қана билбордпен атап өтпек?
2. Ұлттық валютаның тарихын екі қалаға орнатылған бес-ақ билбордтпен халықтың санасына құю мүмкін бе?
3. Маңғыстау облысының Ішкі саясат басқармасы үшін төл теңгеміздің 30 жылдық мерекесі һәм тарихы Ақтау мен Жаңаөзеннен басқа аудандарға қажет емес пе?
4. Пішіні 3х6 билборд шығарудың һәм ілудің нарықтағы көтерме құны 50-60 мың теңгеден аспайды. Ендеше, неліктен әр билбордқа 267 285 мың теңге жұмсалып отыр?

Бұл сұрақтарға аталған облыстың Ішкі саясат басқармасы көп кешіктірмей жауап беріп қалар деп ойлаймыз. Біз әрине, Ұлттық валютамыз, төл теңгеміздің 30 жылдық мерейтойының аталып өтуіне қарсы емеспіз. 15 қараша күні болатын Валюта күнін бағасы удай 5 билбордпен жаба салу көңілге күдік ұялататқанын жасыра алмаймыз!

Қанат Бірлікұлы,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер