Қазақстандықтар биыл нансыз қалмайды – Смайылов

1161
Adyrna.kz Telegram
фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

 

Биыл ауа-райының жағдайына байланысты егін бітік шықпаған. Бірақ соған қарамастан қазақстандықтардың нансыз қалмайтынына Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кепілдік берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Курсивке сілтеме жасап.

«Биыл еліміздің егіншілері үшін өте қиын жыл болды. Жазда аптап ыстық пен құрғақшылықтан алқаптағы егін қатты зардап шекті. Тамыздан бастап осы күнге дейін үздіксіз жауын-шашын астықтың сапасы мен түсімін төмендетіп жіберді. Қолайсыз ауа-райы диханға да техникаға да қолбайлау болды. Егін орағы ұзаққа созылып кетті. Элеваторларға түскен бидайдың 40%-ға жуығы ешқандай класқа жатпайды. Алайда қазақстандықтар биыл наннан тарықпайды. Өткен жылдан қалған қорды ескеретін болсақ, жиналған өнім көлемі әішкеі нарықты толықтай қамстамасыз етуге жеткілікті», – деді ол.

Премьер-министр фермерлерге мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары көрсетілгенін айтты. Атап айтқанда әділ сатып алу бағасы белгіленіп, айыппұл санкцияларын қолданбай несиелер мен қарыздарды қайтару мерзімдері ұзартылған. Жеңілдетілген дизель отыны, оның ішінде астықты кептіру үшін қажетті отын көлемі бөлінген.

«Субсидияларды төлеу бойынша міндеттемелерді толық көлемде орындау үшін шаралар қабылданып жатыр. Осылайша өсімдік шаруашылығы бойынша алғашқы 30 млрды теңгенің субсидиялары бөлінді. Сонымен қатар бидайды тікелей сатып алу үшін тиісті қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Тағы да атап өтейін, ішкі нарықта бидаймен проблема болмауы керек. Ұн және нан өнімдері азық-түлік корпорациясымен өңірлік тұрақтандыру қорларындағы резервтер арқылы қамтамасыз етілген», - деді Смайылов.

Десе де, өсімдік шаруашылығында кейбір маңызды мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппағанын айтқан министр жергілікті атқарушы органдар заманауи суару технологияларын дұрыс ұйымдастыра алмай жүргеніне тоқталды.

«Бұл су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік берер еді. Еліміздің құбылмалы климатына бейімделген жергілікті сорттарды өсіруге ерекше көңіл бөлу керек. Бидайдың жаңа сорттарын өсіру жұмыстары нашар жүруде. Аграрлық ғылыми жүйені түбегейлі қайта қарау керек. Сондай-ақ ауылшарушалығы техникалары паркін жаңарту мәселесі де өзекті болып қалып отыр. Әбден тозығы жеткен техника егіс жұмыстарының сапасына да өзінің кері әсерін тигізеді», - деп атап өтті министр.

Осыған байланысты үкімет басшысы ауылшаруашлығы министрлігі мен өңір әкімдіктеріне жиналған егінді уақтылы және сапалы кептіру жұмыстарының аяқталуын қамтамасыз етуді және астықты сақтау және өңдеу, тұқым қорын дайындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Ал Ұлттық экономика және Қаржы министрлігіне фермерлерді қолдау үшін қажетті қаражатты бөлуді қамтамасыз ету мәселесін жүктеді.

«Агроөнеркәсіп кешенінің оның ішінде дәнді-дақылдардың отандық селекциясының ғылыми әлеуетін дамыту жөнінде нақты іс-шаралар қабылдау қажет. «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша қосымша ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырамын», - деді премьер-министр.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер