Түркі саммиті кезінде. Путин Алтынорданы бір айыптап, бір ақтады

1985
Adyrna.kz Telegram
Фото: Михаил Климентьев / РИА Новости
Фото: Михаил Климентьев / РИА Новости

Ресей президенті Владимир Путин орыстың ұлы көшбасшысының «Алтын ордаға» бағынғанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

РФ президенті  Путин қоғамдық палатаның жаңа сегізінші құрамымен кездесу өткізді. Кездесуге алғаш рет  Ресейдің Украинадан тартып алған ДХР, ЛПР, Запорожье және Херсон облыстарының өкілдері қатысты.

Жаңа сегізінші құрамның кездесуі арнайы 4 қарашада тойланатын Ресейдің Ұлттық бірлік күні қарсаңында өтті.

Президент Путин осы жиында тарихқа көз салып, Ресейдің ұлы қолбасшысы саналатын Александр Невский өмір сүрген кезеңге тоқталып, көшбасшының «Алтын ордаға» бас игенін айтты.

 «Александр Невский өмір сүрген дәуірді еске алайықшы. Ол «Алтын орда» хандарына барып, бас иіп, тізесін бүгіп, ант етті.  Қызмет етемін деп иілді. Неге? Ең алдымен батыстың отарлауынан сақтануды мақсат етті. Ордалықтар өздерін өте өктем, қатыгез ұстады. Бірақ олар біздің тілімізге, мәдениетімізге, дәстүрімізге тимеді. Батыс отарлаушылары болса, бұл құндылықтарымызды жояр еді. Осы құндылықтарды жұлып алсаң, онда ұлт та біртіндеп жойылады. Міне, сол себепті де біз Невскийді ұлы деп құрметтейміз, әулие санаймыз. Оның осы таңдауы үшін құрмет тұтамыз»,  - деді Путин.

Бұл туралы белгілі саясаттанушы Асхат Қасенғали пікір білдірді:

“Қазақтың мемлекеті, тарихы” болмаған деген Ресей басшысы, өзіне қарсы әдемі кейс тауып берді. Невскийдің ескерткіші біздің Алматыда тұр, оның салынуын біздікілер де, Ресей елшілігі де “заманында Қазақ жерінен өткен” деген негізде түсіндірді. Не үшін өткен? Путиннің өзі айтқандай ұлы бабаларымызға бас иіп, тізе бүгу үшін,-деді саясаттанушы.

Еске салайық,  2014 жылы Ресей президенті Путин «Селигер» жастар форумында «Қазақтарда мемлекет болмаған, мемлекетті Нұрсұлтан Назарбаев құрды» деген еді. Оның бұл сөзі қоғамда қызу талқыға түсті.

Пікірлер