Украина әскерлері Ресейдің Курск облысына кең ауқымды шабуыл бастады. Бұл туралы аймақ губернаторының бұрынғы кеңесшісі Роман Алехин өзінің Telegram арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Хабарламада Суджа ауданынан Үлкен Салдатское бағытына қарай шабуыл басталғаны айтылады. Әскерлер миналарды жоюға арналған арнайы техникаларды, танктерді, бронетехниканы және радиоэлектрондық күрес құралдарын қолдануда. Шабуылдың басталуын жердің қатуына, яғни техникалар үшін қолайлы жағдаймен байланыстырды. Суджа ауданында температура -6 градус шамасында.
Telegram-дағы "Курск жаңалықтары" арнасы арқылы аймақ губернаторының уақытша міндетін атқарушы мәлімдемесіне сәйкес, Украина қарулы күштері Курск облысының Ивановское ауылындағы нысандарға зымыран соққысын жасаған. Жергілікті мәдениет үйі, пошта бөлімі, сауда орталығы және бір тұрғын үй зақымдалған. Сонымен қатар, газ құбырының бір учаскесі аздап бүлініп, мектеп-интернатқа да снаряд сынықтары түскен. Алайда, зардап шеккендер жоқ.
Әскери сарапшы Анатолий Матвийчуктың айтуынша, Украина қарулы күштерінің бұл шабуылы Дональд Трамптың инаугурациясына дейінгі уақытты пайдаланып, осы аумақта орнығуға бағытталған. Ол соңғы екі-үш апта бойы украин әскерлерінің белсенділігі байқалғанын және бұл күтілген жағдай екенін айтты. Себебі Ресей әскері қорғанысты бұзып, Украина қарулы күштерін Ресей шекарасынан ығыстыруда.
Кейбір ақпарат көздері Бердин бағытындағы шабуыл тоқтатылғанын хабарласа, басқалары оқиғалардың әлі де өршіп жатқанын жазуда.
Сонымен қатар, украин күштері Бердинге кірді деген мәліметтер ресейлік Telegram арналарында жоққа шығарылуда.
Ресейлік пабликтерінің пікірінше, бұл шабуыл тек назарды аудару үшін жасалған маневр болуы мүмкін және негізгі соққы басқа аймақтарға, мысалы Брянск немесе Белгород облыстарына бағытталуы ықтимал.
Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Курск облысындағы Украина күштерінің шабуылын растады.
Украинаның Дезинформацияға қарсы күрес орталығының басшысы Андрей Коваленконың мәліметінше, Украина әскері Курск облысында үш бағытта шабуыл жасап жатыр.
Mash Telegram арнасының мәліметіне сәйкес, Украина қарулы күштері Курск бағытында шағын топтармен алға жылжып жатыр. Олар Үлкен Салдатское ауданына қарай және Суджа-Курск трассасы мен Курчатовқа шығуды мақсат етуде.
Ақпаратқа сәйкес, әскер саны шамамен 2000 адамды құрайды. Екінші топ Льгов бағытына қарай жылжуда. Белсенді шайқастар Курсктен оңтүстік-батысқа қарай 70 шақырым жерде орналасқан Бредин хуторында өтіп жатыр.