Мен "Сүлейменші" сектанттарының құрамына қалай кірдім?

11334
Adyrna.kz Telegram

Қалаға жақын кішкентай ауылда тұратын қыз қарапайым отбасында өмірге келді. Оның ата-анасы жұмыс істеп, екі баласын қолдарынан келгенше өсірді. Қыз бала 13 жасқа келгенде әке-шешесі ажырасып кетті. Ер адам басқа әйелмен көңіл жарастырып, бөлек тұрса, жасөспірімнің анасы алкогольге тәуелді болып, ішімдікке салынады.

Осындай жағдайларға байланысты 13 жастағы қызды нағашылары уақытша қамқорлыққа алды. Нәтижесінде, қыз оңтүстік астанадағы қайырымдылық мекемелерінің біріне түседі. Отбасылық жағдайды естіген әкімшілік оны мекемеге тез қабылдап, мектепке оқуға жібереді.

Алайда жасөспірімнің туыстары қайырымдылық деп аталатын мекеменің астыртын «медресе» ретінде жұмыс істейтінін және «сүлейменшілер» деп аталатын діни ағымның бірі екенін білмеген. Бұл жамағат атауы олардың көшбасшылары Сүлеймен Хилми Тунахан есімімен аталады.

Анықтама: сүлейменшілер— исламның радикалды түрін, пантүркизмді, панисламизмді насихаттайтын түрік діни сектасы. Қозғалыс бүкіл ислам әлемінің Түркияның айналасындағы бір мемлекет «Ұлы Тұран» аясында бірігуін жақтайды. Ұйымның қызметіне әлемнің бірқатар елінде тыйым салынған.

Алғашқы кезде оқытушылар қызға жақсы қарап, оны хиджаб киюге міндеттемеген. Жасөспірім басқалармен бірге араб тілін үйрену сабақтарына үздіксіз қатысып, кешкі уақытта «ұстаздың» әртүрлі діни тақырыптардағы уағыздарын тыңдаған. Уақыт өте келе ұстаздар басқа шәкірттері арқылы қызға «сені тамақтандырып, тегін баспанамен қамтамасыз етіп жатырмыз, ұстазың үшін орана да алмайсың» деген әңгіме арқылы қысым көрсете бастаған. Бұндай психологиялық шабуылдардан кейін қыз «хиджаб» киіп, осы қозғалыстың ілімдеріне толығымен еніп кетеді. Намаз оқумен қатар, олар «Рабыта» рәсімі арқылы марқұм болған шейх Сүлеймен Хилми Тунаханның киелі рухымен байланыс орнатып, ислам дініне қайшы келетін дәстүрлі емес ырым-тыйымдарды бірлесіп орындаған. Мұғалімдер студенттерге жақындарымен және басқа адамдармен оқу орнының қабырғасында дінді оқыту туралы сөйлесудің қажеті жоқ екенін айтып, кейбір жағдайда қорқытып, олардың арасында теріс пиғылды адамдар бар деп түсіндіреді. Қуанышқа орай, қыздың туыстары қайырымдылық ұйымының жасырын әрекеттерін дер кезінде біліп, қыз баланы сол жерден алып кеткен. Осы оқиғадан кейін мұғалімдер, тіпті мекеме директоры қыздың туыстарына қайта-қайта келіп, оқуын жалғастыруды сұраған. Бойжеткен де мекемеге қайта оралғысы келетінін жеткізген, өйткені мектеп бітірген соң ұстаз Түркияға тереңірек білім алуға жіберемін деп уәде еткен. Жасөспірімнің айтуынша, басқа студенттер мен ұстаздар оған балағат сөздер жазып, қиямет күні ұстаз Сүлеймен Тунахан көмектеспейтінін айтқан. Осы жағдайдан кейін бойжеткен қоғамнан алшақтап, бұл ұстаздардың неліктен екіжүзді екенін түсіне алмайды. Осындай қыздың өміріндегі қиын қыстау кезде жергілікті имамдар дәстүрлі ислам туралы толық ақпарат беріп, дұрыс жол көрсетті.

Қазір уақытта, бойжеткен мегаполистегі мемлекеттік университетте оқиды. Ол жастар мен ата-аналарды балаларын күмәнді қайырымдылық мекемелеріне жібермеуді ескертеді және оның әңгімесі басқаларға үлгі болады деп ойлайды.

Пікірлер