Мешіттерде президентті мадақтап қана қоймай, жауларына лағынет айтты

2349
Adyrna.kz Telegram

Ашғабат мешіттерінде жұма күнгі уағыз-насихат кезінде имамдардың президент Гурбангулы Бердімұхамедовті сүюге шақырып, құдайдан оған мықты денсаулық пен ұзақ өмір тілеуі - үйреншікті құбылыс. Азаттықтың Түркімен қызметі тілшілерінің айтуынша, енді мешіттерде "уағыз-насихатқа президенттің жауларын" да қоса бастаған.

Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшілері өткен жұма күнгі уағыз-насихатқа қатысып, имамдардың президентті мадақтап қана қоймай, оның жауларына лағынет айтқанын да көрді.

"Алла оны барлық бәле-жалалардан сақтасын және дұшпандары аяғына келіп жығылсын".

Азаттық тілшілері мамырдың 17-сі күні айтылған имамдардың уағыз-насихатынан осылайша үзінді келтіреді.

"Жұма намазы аяқталғаннан кейін болатын уағыз-насихат кезінде имам президентті мадақтай бастады. Ол Арқадағтың кемеңгер саясатының арқасында елдің барлық жетістікке қол жеткізіп, азаматтардың бақытты өмір сүріп жатқанын айтты. Пайғамбардың өз отанын сүйгені тәрізді Арқадағ пен өз елін жақсы көруге шақырды" деді аты-жөнін айтпаған Азаттық тілшісі.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.

Имам сонымен бірге қасиетті Рамазан айы кезінде "барша азамат құдайдан Түркіменстан әрі қарай да дами берсін" деп тілеуі тиіс деген.

"Имам құдайға сыйынып, президент Гурбангулы Бердімұхамедовке мықты денсаулық және ұзақ өмір беруін сұрады. Алла барлық бәле-жаладан сақтап, оның дұшпандары мен қарсыластарын жазаласын деп айтты" дейді тілші.

Оның айтуынша, мешітте адам көп болған және жұма намазына келгендердің көбі дінді биліктің үгіт-насихат құралы ретінде пайдаланып жатқанына наразы болған.

"Имам саяси мәлімдемелер айта бастап еді, көбі "тағы да басталды" деп бір-біріне сыбырлады. Адамдар "барлық проблема мен қиындықтар сол Арқадағтың арқасында" десті" деді Азаттық тілшісі.

Ол мешіт қабырғасының сыртында "Түркіменстан - бақыт пен гүлдену ордасы" деген жазуы бар үлкен баннер ілініп тұрғанын да айтты.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер