2029 жылға дейінгі даму жоспарын әзірлеу. Тоқаев Реформа жөніндегі кеңестің жиынын өткізді

2437
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Жиынға Үкімет мүшелері және мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Ең алдымен, іс-шарада еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі сын-қатерлер талқыланды. Жүргізілген талдау нәтижелері жөнінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев баяндама жасады.

Баяндама тыңдалған соң Президент саяси реформалармен қатар экономикалық және құқықтық өзгерістер де жүзеге асырылуы қажет екенін айтты. Одан бөлек, Үкімет пен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын әзірлеу барысында бүгінгі талқылаудың нәтижелерін ескеру жөнінде тапсырма берді.

Жиын барысында энергетика саласы мен тиімді тариф саясатын дамыту жөніндегі шараларға баса мән берілді. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев және Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндады.

Мемлекет басшысы «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын тиімді әрі уақытылы жүзеге асыру Үкіметтің басты міндеті екенін айтты. Президент жылу энергетикасы және энергия жүйесінің нысандары білікті кадрлармен қамтамасыз етілмегенін келесі өзекті мәселе ретінде атап өтті. Кадр тапшылығы мәселесін жедел шешу жөнінде тапсырма берілді.

Жиында ұлттық жобаларды әзірлеу мәселесі де қарастырылды. Тоқаев «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды.

Сонымен қатар, іс-шара аясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Қолжетімді интернет» жаңа ұлттық жобасы туралы баяндады. Аталған ұлттық жоба туралы Тоқаев сөз қозғап, халықты қолжетімді және сапалы интернетпен қамтамасыз ету керек екенін баса айтты.

Бұдан бөлек, жиында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын кешенді түрде дамыту мәселесі талқыланды. Бұл мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламаны тиімді іске асыру және отандық өнімдерді кеңінен қолдану аса маңызды екенін атап өтті.

Пікірлер