Петропавлда Қазақстаннан бөлінуге шақырған «Халық кеңесі» совет дәуірін көксей ме?

1849
Adyrna.kz Telegram

Тіркелмеген ұйымның насихаты

Желіде 19 наурыз күні Петропавл қаласында бір топ белсенділердің Қазақстаннан «тәуелсіз» болғысы келетінін жариялап, «Халық кеңесі» аталатын ұйым құрғаны туралы бейнежазба тарады.

Жиынға жиналғандар Қазақстанды «корпорация» деп атап, оның құқықтық негіздерін жоққа шығарған. Бейнежазбадан белсенділер қатарында жергілікті қазақтардың да барын байқауға болады.

«Біз өзіміздің тәуелсіздігімізді, дербес әрекет ете алатынымызды және егемендігімізді жариялаймыз. Жалпыға бірдей бөлінбейтін ұлттық мұраны сақтаудың сөзсіздігін, туған жердегі азаматтық меншік құқығының айнымастығын ескере отырып, Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында халықтық еңбекшілер кеңесін жандандырып жатырмыз», - дейді белсенділер.

Аталған бейнежазба желіде қызу талқыланып, жұрттың наразылығын тудырды.

Тіркелмеген «Халық кеңесі» өз ішінен төраға мен хатшыларын сайлап, «декларация», «жарғы жобасы», «халық кеңесінің рәміздеріне» дейін қабылдап үлгерген. Тіпті, әлеуметтік желіде парақшаларын ашып, үгіт жүргізуді де бастап кеткенге ұқсайды.

Кеңестік ГОСТ-пен өлшеу

Ұйым Қазақстанның азық-түлік, білім беру, медицина жүйесіне де пысқырмайды екен. Олар кеңестік білім берудің «сәтті» болғанын айтып, қазір оның шетелдік суррогатпен ауыстырылғанын сынады.

«Ал жоғары, техникалық және кәсіптік білім қаржылық пайда табу құралына айналды. Азық-түлік өнімдері кеңестік ГОСТ-қа сәйкес келмейді, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тауарлар толып жатыр. Тегін медицина бизнес саласына айналғандықтан қоғам балалар мен ересектерді «емдеу» үшін қаражат жинайды», - деп қосты 19 белсенді.

«Халық кеңесі» қалай жазалануы мүмкін?

Соңғы мәліметтерге қарағанда, сепаратистік әрекетке шақырған осы ұйымға қарсы іс қозғалған.

«Бұл ақпарат Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде тіркелді. Жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», - деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті.

Кәсіби заңгер Әлібек Уақабұлының сөзінше, топ мүшелерін мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 13 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.

«Бұл – біздің ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қауіп. Ұйым мүшелерін ауыр жазаға тартуға тиіспіз. Осыған жол бергендер де шет қалмауы керек. Бұл бір күнде пайда бола қалған дүние емес. Әбден ойластырылған, пысықталған. Үй ішінен үй тігуге ұмтылғандар қоғамның алаңдаушылығын тудырып отыр», - дейді заңгер.

Бір қызығы, «Қазақстан корпорациясына бөлінгендердің» мәлімдемесі 19 наурыз, яғни дәл саяси науқан, Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтіп жатқан кезде жасалған.

Оралбай Мергенбайұлы,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер