Медресе-колледждерде "Алаштану" және "Тұлғатану" пәндері енгізіледі - Бас мүфти

1868
Adyrna.kz Telegram

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында халықтың, әсіресе жастардың патриоттық сезімін ояту мақсатында атқарылатын жобалар туралы баяндады. Бұл туралы informburo.kz хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят" деген сөздің мәні тереңде. Медресе-колледждердің оқу бағдарламасына факультатив дәріс ретінде "Алаштану", "Тұлғатану" пәнін енгізу туралы бастама көтеріп отырмыз. Мақсатымыз – болашақ дін мамандарын ұлтжандылық пен отансүйгіштікке баулу", – деді бас мүфти.

Оның айтуынша, дәстүрлі Исламды қоғамда кеңінен дәріптеп келе жатқан бірден-бір діни бірлестік – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. ҚМДБ 2023 жылды діни қызмет аясында "Ислам және ізгі қоғам" жылы деп жариялап, конференциялар мен семинарлар өткізуді бастап кетті.

"Көп ғасырдан бері Аллаға сенген мұсылман елміз. Қолымыздан келгенше бабалар ұстанған жолды сақтап, оны кеңінен жастарымызға насихаттайық. Біздің ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі – тұнып тұрған Ислам діні. Оны кеңінен халқымызға үйретсек нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі таңда Ислам дінін жамылған неше түрлі ағымдар бар. Солардан сақтанып, бабалар жолын ұстанайық", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер