Қазақ тілінің проблемасын шешпей экономикалық даму болмайды – Бауыржан Молдахмет

2177
Adyrna.kz Telegram

Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша Мәжілістің 29 орнына жүздеген адам бақ сынап жатыр. Солардың бірі Астана қаласындағы №1 сайлау округынан сынға түсіп жатқан Бауыржан Молдахмет.

Бауыржан Мұратұлы Қазақ елі экономикалық тұрғыдан дамуы үшін тіл мәселесін шешу керек деген пікірде. Себебі қоғамды біріктіруші тіл мәселесі азаматтарды басын біріктіріп, ортақ идея үшін жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

«Менің ойымша, қазақ тілінің мәселесі өте өзекті. Ресей мен Украина арасындағы соғыс осы тіл мәселесінен туындап отырғаны жасырын емес. Еліміз бір тілде сөйлемесе қоғам бірікпейді. Менің орыс тілді таныстарым «Швейцария мен Канадада екі тіл бар. Онда тұрған не бар?» деп айтады. Мен аталған мемлекеттерде болдым. Мысалы Канаданың француз тілді аймағы сепаратистік ұстанымда болса да, ақыр аяғында ағылшын тілі жеңіп жатыр. Осы тіл арқылы Канада халқы бірігіп, француз тілінің аясы тарылып келе жатыр. Сондай-ақ Бельгияда француз, голан және неміс тілді болып үш жаққа тартып жатыр. Бельгияның Брюссель қаласы бейресми түрде Еуропаның астанасы болып саналады. Соның өзінде Бельгияда сепартистік ұстанымдағы адамдар бар. Қазіргі таңда онда француз тілі басымдық алып, сол тілде сөйлеушілердің саны артып барады. Швейцарияда белгілі бір кантонда италянша, французша сөйлесе, кейбір аймақта неміс тілінсіз онда жүре алмайсыз. Бәрі бір де бір тіл біріктіріп жатыр. Испанияда каталон тілі мен испан тілі қазақ пен қырғыздың тілі секілді ұқсас тіл. Бірақ тіл мәселесі халықтың арасына сына қағып, Испанияның дамуына кедергі болып отыр.

Осыларды ескеретін болсақ, біз мемлекеттік тілді немесе орыс тілін өлтіруіміз керекпіз. Екеуін бірдей ұстауға болады. Өйткені біз өмір бойы орыс тілінде сөйлеген адамды қазақша сайрата алмаймыз. Бірақ біз балабақшадан бастап, мектептерде сапалы білім беруіміз керек. Болашақта бұл мәселені балаларымызға мұра ретінде қалдыруға болмайды», – дейді ол.

Бауыржан Молдахметтің айтуынша, Америкада испан тілді мексикалықтар өте көп. Алайда ол АҚШ ағылшын тіліне басымдық беріп, тілдік мәселені шешкенін ескертті.

«Бізге осы Американың ағылшыл тілін үйретудегі тәсілін неге енгізбеске? Тіл мәселесі қайта-қайта айтылып жауыр болса да өте өзекті болып саналады. Өкінішке қарай бізде қоғам екіге бөлініп кетті. Бірақ та Оңтүстік Қазақстан облысындағы барлық оқушының саны 500 мыңға жуық екен. Ал Солтүстік Қазақстан облысында 25-ақ мың оқушы бар. Ал Алматыдағы академиялық қалашықта жастардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлеп жүргенін көріп, қуандым. Себебі мектепті қазақ тілінде бітірген жастар университетке түсіп жатыр. Бұдан бөлек Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіндегі жастар да қазақ тілінде сөйлейді.  Бұл өте маңызды. Тіл адамға рух беріп, азаматтарды біріктіреді», – дейді кандидат.

Бұдан бөлек  Бауыржан Мұратұлы сот жүйесін өзгерту керек деген пікірде. Себебі ол сот жүйесі жақсармай елімізде оң өзгеріс болмайтынын ескертті.

«Қалай болған күнде де біз өзіміз немесе туыстарымыз бен таныстарымыз түптен келгенде сот жүйесімен бетпе бет келеді. Мүлік дауларынан бастап, ұрып кетті, соғып кетті деген істерді сот қарайды. Мысалы қазір көптеген үмкіткерлерді әр түрлі желеумен сайлау додасынан шығарып жатыр. Осындай жағдайда бәріміздің баратын жеріміз соттан әділдік іздеу болатыны жасырын емес. Ішкі істер министрлігі мен прокуратруа тергейді, бірақ айналып келгенде шешім шығаратын сот жүйесі болмақ. Президент ақпан айында сөйлеген сөзінде 174 судияның қызметтен аластатылып, жауапқа тартылғанын айтты. Ал қаралатын істер 3 миллионнан 4 миллионға дейін өскен екен. Қанша назар аударылып отырса да сот жүйесі көңілімізден шықпайды. Мен өзім шет елде тұрып, ондағы жағдайды жете білген соң мына мәселеге назар аудару керек деп есептеймін. Бізге ағылшын сот жүйесінің кейбір тұстарын енгізу керек. Мысалы ағылшын сот жүйесінде 200 жылда бірде-бір жемқорлық фактісі болмаған. Екі жүз жыл бойы бірде-бір жемқорлық болмауына не себеп болды деп оның сырын түсінуге тырыстым. Түбіне үңілсем оп-оңай шешілген екен. Негізі көп нәрселер қарапайым түрде шешіледі. Бірақ оған саяси ерік жігер керек. Біріншіден, оған жас шектеуі болуы керек, яғни 50-60 жастан төмен адамдар сот бола алмайды. Содан кейін 15-20 жыл қызмет өтілі болуы керек. Ал бізде 25 жастағы азамат 2-3 жылдық жұмыс тәжірибесі болса, судия болып кетеді», – дейді ол.

Кандидат сөз соңында өзі сайлауға түсіп жатқан Астана қаласының Алматы және Байқоңыр аудандарының халқын сайлауға келіп, өзіне дауыс беруге шақырды. Сондай-ақ ол халықтың сайлауда белсенді болуы өте маңызды екенін ескертті.

Материалды Республикалық бюджет есебінен Астана қаласының сайлау комиссиясы төледі.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер