Әлгінде ғана естіген мына хабардан жаным түршігіп, әлі өз-өзіме келе алар емеспін. Бір ойым "бұл мүмкін емес, ақпараттық технология дамыған дәуірде Астананың түбіндегі оқиғаны журналистер қалайша қалт жіберді?" деп мені сабырға шақырса, екінші ойым "Бұл оқиғаны дереу халыққа жеткіз! Балаларды қорқау қатынның құрсауынан құтқарсын!" - деп тыным таптырмай, жанымды жегідей жеп барады.
Басынан бастасам, қорлықта жүрген балалардың ауыр жағдайын жеткізген адамды жақсы танимын. Ол - Екібастұз өңіріне сыйлы адам. Иманы берік, намазға жығылады. Отбасының ұйытқысы. Адал жар, аяулы ана, бауырларының қамқоршысы. "Маған айтқан әңгімеңізді тағы кім естіді?" - деп сұрап едім: "Имамның әйелі. Біз оған Балалар үйі орналасқан ауылдың имамына шығып, мән-жайды анықтаңыздар, қажет болса, имам жеткіншектерге көмек қолын созсын деп едік, "Бұл олардың ішкі мәселесі" деп аяғын баспады. Күйеуі қазір алыс сапарда", - деді танысым налып.
Танысымның туысы (ол кісіні мен де жақсы танимын) Астана қаласында тұрады. Бірер жыл Астанаға жақын ауылдардың біріндегі мектепте Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сабақ беріпті. Балалар үйінің директоры - әйел, ұлты орыс. Жеке шаруашылығы бар. Танысымның айтуынша, дәулетті әйел әлгі жетімектерді басыбайлы құлына айналдырған. Түннің біруағында қалжырап келіп, төсектеріне құлайтын балалардың бұл күнде сабақ оқуға құлқы да, уақыттары да жоқ екен. "Балаларды әбден үрей билеп алған. Үнемі шаршап-шалдығып жүреді. Кей күндері денелерінен көгерген дақты көзім шалып қалады", депті мұғалім. Суыртпақтап сұраса, зәрезап болған жеткіншектер жұмған ауыздарын ашпайды екен.
Ол ол ма, есірген директор бірде қазақ балаларын шіркеудің діни қызметкеріне апарып "мыналарды шоқындыр" деген ғой. Поп бірден бас тартыпты: "Бала қай дінге кіретінін 15-16 жастан бастап өзі таңдауы тиіс. Әлі оң-солын танымаған балаларды мәжбүрлеп христиан дініне кіргізе алмаймын". Поптың бұл сөзі долы қатынның шамына тиіп, ол енді балаларға өз бетінше діни дәріс беруге көшіпті. "Менің денемнің сау тамтығы жоқ. Діни сөздер жаттауға қиын деп едім, ұрып-соқты",- деп балалардың бірі мұғаліміне мұңын шағыпты.
"Осы уақытқа дейін бірде-бір бала немесе қызметкер директордың үстінен шағымданбаған ба?" - деген сауалымызға, танысым: "Неге шағымданбасын. Талай рет жоғары жаққа арыз жазған ғой. Арызға байланысты бірнеше рет комиссия шығып, тексеру жүргізген. "Басы ауырмастың қасында жаны ашымас" демекші, тексерушілер "бәрі қалыпты" деп, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырған. Білетіндер директордың "крышасы" жоғарыда отырғанын айтады", - дейді танысым түңіліп.
"Балалардың адам төзгісіз өмірін ары қарай көруге жүрегім шыдамады. 2018 жылдың шілде айында өз еркіммен жұмыстан шығып кеттім", депті мұғалім танысыма.
Әңгіменің ұзын-ырғасы осы.
P.S. Біздің анықтағанымыздай бұл жетім балалар үйі Малая Тимофеевка селосында орналасқан. Светоч балалар үйі деп аталады екен. Балаларды шоқындырмақ болғанын естідік дейді ауыл тұрғындары. Біздегі бар ақпарат осы.
Дария Ерғазинаның Фейсбуктегі парақшасынан