AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мәжіліс сайлауы алдында мәлімдеме жасап, бұл сайлау саяси-экономикалық монополияның тамырына балта шабатынын хабарлады, деп жазады “Адырна” ұлттық порталы.
“Ардақты ағайын! Кеше президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауының мерзімін белгіледі. Біз мемлекет басшысының мәлімдемесін партияластарымызбен мұқият талқыладық. Аталған шешім қоғам үшін де, елдегі саяси күштер үшін де күтпеген жағдай емес. Президент өткен жылдың қыркүйек айында сайлау күнтізбесін алдын ала жария еткен болатын. Бұл елдегі Конституциялық реформалардың заңды жалғасы, сондықтан да AMANAT партиясы Мемлекет басшысының бұл шешімін толық қолдайтынын мәлімдейді. Бұл сайлау азаматтардың әділдікке деген сенімін бекемдейді. Бұл сайлау саяси-экономикалық монополияның тамырына балта шабады. Бұл сайлау жаңа демократиялық дәстүрлер қалыптастыруға мұрындық болады. Ең бастысы қоғамда түрлі саяси күштермен сайлаушылар да осы саяси науқанмен жүгі мен жауапкершілігін толық сезінуі керек.
Себебі мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақты дамуы үшін халқымыздың бейбіт өмірі мен бақуатты тұрмысы үшін бәріміз жауаптымыз. AMANAT партиясы алдағы сайлауға тас түйін дайын. Партия аз уақыттың ішінде түбегейлі трансформациядан өтті. Қатарымызға мыңдаған жаңа толқын жастар қосылды. Партияның 4 мың бастауыш ұйымы миллионға жуық мүшесі үздіксіз тынымсыз жұмыс істеуде. Олар өткен жылғы жалпыхалықтық референдумда, президент сайлауында зор белсенділік танытты. Үлкен саяси тәжірибе жинап әбден шыңдалды. Ең бастысы біз жалаң ұран, құрғақ уәде емес, нақты істермен айналыстық. Оған халық куә”,- деді Ерлан Қошанов.
”Адырна” ұлттық порталы