"Көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, еркін ойлы елдің ертеңіне бей-жай қарамайтын жастардың билік өкілдеріне деген сенімі аз. Бұл дабыл қағарлық жағдай. Бүгінгі қоғамда үндемейтін, неге болса да бас шұлғи беретін, өзіндік ұстанымы, өз пікірі жоқ адамдар билікке ыңғайлы. Осындай әділетсіздікті көзімен көрген жастар ел болашағына қайдан сенсін... Әділетті Қазақстан боларына қалай сенеді?". Бұл пікірді белгілі тарихшы-этнолог, "Қара шаңырақ" РҚБ директоры Тұрар Сәттарқызы Adyrna.kz порталына берген сұхбатында айтты.
"Бүгінгі көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, еркін ойлы елдің ертеңіне бей-жай қарамайтын жастардың билік өкілдеріне деген сенімі аз. Бұл дабыл қағарлық жағдай. Жаңа заманның жас буын өкілдеріне бізге айтқан «Үндеме, алға шықпа, көзге көрінбе, ақыл айтатын жасқа келген жоқсың, біздікі дұрыс, үкімет аш қалдырмайды» деген сияқты «құрғақ ақыл» жүрмейді. Қазіргі жастар өте ақылды, білімді, барлық жаһандық саяси жағдайдан хабардар, әр жағдайды өз ұстанымына сай сараптап, өзіндік пікір білдіре алады. Жастар жылы дедік, балалар жылы дедік. «Жастар біздің болашағымыз, елдің келешегі сендердің қолдарыңда» деп ұрандатамыз. Ал шын мәнінде сол жастармен санасып, жанайқайын тыңдай біліп, жас демей оларды өздеріне тартатын орта буын өкілдері өте аз. «Жастарымыз елге қызмет етпей, шетелге кетіп жатыр, олар рухани әлсіз, әр түрлі діни ағымдарға түсіп, адасып, ақыры өз-өздеріне қол жұмсап жатыр» деп оларды жөнсіз кінәлаймыз. Ал біз аға буын олардың ішкі жан дүниесін жүрегімізден ұғынып, оларды шынайылықпен тыңдай біліп, жақсы бағыт-бағдар бере алып, сөзбен ғана емес ісімізбен де үлгі-өнеге болып жүрміз бе?", - дейді Тұрар Сәттарқызы.
Оның айтуынша, бүгінгі жастар әділетсіздікті кешіре алмайды.
"Ел алдында «Қалың елім, қазағым. Қайран жұртым. Тілім, ділім, ұлттық құндылығым. Қазақ қызының тәрбиесі. Ар-ұят, намыс, адамгершілік» деген ұлы ұғымдарды ұрандатып жүрген кейбір белгілі адамдардың «адамзаттық қасиеттен жұрдай» әрекеттеріне қарап, жастардың ұлт болашағына деген сенімі өледі. Қатты айтсам да, бұл жай айтылған сөз емес. Жастармен көп араласып, жиі сұхбаттасамын. Мәселен, елімізде Жастар ресурстық орталықтары, Жастар саясаты жөніндегі басқармалар т.б. жастар ұйымдары баршылық. Азат ойлы жастардың пікірі мынандай. «Біздің бұл ұйымдармен ешқандай байланысымыз жоқ. Олар белгілі бір шеңберден шықпай, жергілікті биліктің айтқанымен ғана жүреді. Барлық республикалық деңгейдегі кездесу, жиналыстарға біз сияқты еркін жастарды шақырмайды. Бірақ, олар бүкіл жастардың атынан сөйлеп, бұл Қазақстанның барлық жастарының пікірі деп ұялмай айтып жатады. Олардың барлығымыздың атымыздан ұрандатып сөйлеуге еш құқықтары жоқ деп санаймыз. Жастардың барлығы жағымпаз, жылпос, айтқанға бас ие беретіндер қатарынан емес. Бізде еліміздің ертеңіне алаңдаймыз. Өз әлеуетімізді, қарым- қабілетімізді ел игілігі үшін дұрыс жұмсағымыз келеді. Бірақ ел алдында «Жастарым» деп жар салып жүргендер өмірде басқаша адам болып шығады. Ісі мен сөздері мүлдем үйлеспейді. Соларға қарап көңіліміз қалады», - дейді жастарымыз. Менің ойымша, бұл шындық. Жастардың жаны таза. Өтірікті, жалған нәрсені бірден сезеді. Көңілі қалады. Әділетсіздікке төзбейді. Көзбояушылықты жек көреді", - дейді Тұрар Сәттарқызы.
Бүгінгі билік кешегі қаралы Қаңтардан сабақ алмайынша, Әділетті Қазақстан орнамайды.
"Бүгінгі қоғамда үндемейтін, неге болса да бас шұлғи беретін, өзіндік ұстанымы, өз пікірі жоқ адамдар билікке ыңғайлы. Олар сол баяғы ескі сүрлеуден шыққысы жоқ. Нақты өзекті мәселені қозғап, оның шешу жолдарын айтқандарды, ешкімнен қорықпай өз ойын батыл айта алатындарды даукес деп келесі жолы жиындарға шақырмайды. Сонда қашанғы “Бәрі жақсы!” деп жүре береміз? Ісі мен әрекеті сай еместер әлі де билікте отыр, келесі сайлауға да сондайлар баруға дайындалып жатыр. Жаңа кадрлар, жаңа тұлғалар керек. Келесі депутаттыққа әдеттегідей ұлттық мүддеден гөрі өз кәсіптерін жоғары қоятын өңкей қызыл шалбар киген орыс тілді бизнесвумен әйелдер дайындалып жатқанын естідік. Олардың ойынша, билікке бару үшін қазақ тілінің қажеті жоқ, орыс тілділерге жол ашық депті. Сонда халық ішіндегі қазақтың қамын ойлаған қазақ тілді азаматтарды кемсіткендері ме? Осындай әділетсіздікті көзімен көрген жастар ел болашағына қайдан сенсін... Әділетті Қазақстан боларына қалай сенеді? Тіпті өзімнің 15 жастағы ұлымның саясатты жіліктей шағып айтқанына қарап, аузым ашылды. Бүгінгі жастар, ол біз емес, неге болса да бас шұлғи беретін. Олардың атынан сөйлеуді қойыңыздар. Бүгінгі билік кешегі қанды Қаңтар оқиғасында жастардың жазықсыз төгілген қанынан сабақ алып, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінсе екен! Жастардың қарғысын емес, алғысын арқалап, елдің ертеңін бүгін ойлайық!", - деп түйіндеді сөзін ұлт жанашыры.
"Адырна" ұлттық порталы