«Әділетті Қазақстанға» қарай батыл қадам

423
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/img_0215-960x500.jpeg?token=971e80ed14405a84e73ae6a15ea142fd

АЛҒЫСӨЗ

Бұл мақала  «Селт етпеді көңілім... (сайлаудан кейінгі ойлар)» деген атпен 2015 жылы Қазақстанда өткен президенттік сайлаудан кейін іле-шала жазылған болатын. Мақаланың газетте жарияланған-жарияланбағаны маған қазір белгісіз... Алайда, осы мақалада айтылған көптеген ойлар әлі күнге дейін өзекті күйінде қалып отыр. Қазір елдегі жақын болашақта жүзеге асатын үлкен саяси өзгерістер туралы сөз көтеріле бастады. Сондықтан, мен осы мақаланы оқырман назарына қайтара ұсынғанды жөн көрдім. Себебі, еліміз «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» бағытын  басшылыққа алуды алға шығарамыз деп отыр. Осы жағдайда, «әділеттілік барометрі» - сот жүйесінің, құқық қорғау жүйесінің сапасы маңызды роль атқармақ. Ол жағы қалай болып жатыр?

САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ УӘДЕЛЕР ҚАНДАЙ ЕДІ?

Көптеген сарапшылар еліміздегі өткен президент сайлауынан  кейін (2015) саяси олимпте айтулы өзгерістер күтпейтіндері туралы айтуда. Әрине, жаңа сайланған бұрынғы президент Н.Назарбаев өзінің сайлауалды бағдарламасында елдегі сот жүйесін жетілдіретінін, оның халық алдындағы беделін арттыруға күш салатынын айтқан болатын. Егер осы бағдарлама шындап қолға алынып іске асырылса, онда оның «заң күші» ең  алдымен Н.Назарбаевтың өзі құрған «саяси-олигархиялық олимптің» керегесін шайқайтыны анық...

Себебі, осыған дейін соттарды коррупция жүйесінің құрамдас бөлігіне айналдырып алған бұл  «беделді топ» заңды белден басып, өздерінің ешқашан жауапқа тартылмайтындарына сенімді болды. Сондықтан олар өздері жайлы жайғасқан алып бәйтеректің сот секілді діңі жуан бұтағынан ажырамауға, соттарды бұрынғыша өз мақсаттарына пайдалана беруге әбден мүдделі.

Олар билік жүйесінің ең маңызды буыны – сот жүйесінің еліміздегі «барлық азаматтардың заң алдында тең екендігін» паш еткеніне, сөйтіп, енді «ешкімнің де, әлеуметтік жағдайына қарамастан, заң алдында тең жауап беретін әділетті  жүйеге көшуіне» сезіктене қарайды.

Өйткені, ондай жағдай туа қалса, олар бұрынғыдай кез келген қылмыстық әрекеттен оңай құтылмасына көздері жетеді де, өздері де тек қана заң аясында жұмыс жасауға мәжбүр болады. Яғни, жиырма жылға жалғасқан бүгінгідей ақшаны қап-қабымен шашатын, қос-қосымен тоқал алатын алаңсыз өмірі, тіптен, өмір емес −  жер бетіндегі жұмағы олардың көзден бұл-бұл ұшпақ...  Ендеше, болашақта президенттің ондай қадамына өршелене қарсыласатындар қатары сапқа тұрып, өз мүддесін қорғауда күштерін біріктірулері әбден мүмкін.

«ЕСКІ ҚАЗАҚСТАН» ӘЛІ ДЕ САПТА ТҰР

Әрине, сондықтан қоғамда «президент осылай айтты екен» деп, қазіргі жағдайдың күрт өзгеріп кетеріне күмәнданушылар көп. Ондай «секемшіл» азаматтардың көбі  сайлауалды уәделерді «осылай болса екен» деген ниет деп қана түсінеді.

Себебі, қазіргі коррупцияланған жүйе мемлекет заңдарын айналып өтуге, қажет болғанда оны өз мақсаттарына пайдалануға әбден машықтанып, өз бетімен мемлекеттен, кейде, президенттің бақылауынан  «тысқары» күн көруге әбден дағдыланып үлгерді десе болады.

Сондықтан, шын мәнісінде, судьялары заңға бағынатын, заң аясында шешім шығаратын қоғам орнату үшін мемлекеттік басқару жүйесінде, яғни, мұндағы айтылып отырған «саяси олимптегі» ахуалды түбегейлі өзгерту қажет болады. Ол туралы сайлау учаскесінде дауыс берген соң Н.Назарбаевтың өзі былай деді: «Егер қазақстандықтар маған тағы да сенім артар болса, онда, әрине, менің алғашқы әрекетім өзім ұсынған бес институционалды реформаларды жүзеге асыру бағытындағы комиссияларды құрудан басталады. Бес топтан тұратын бұл комиссия шұғыл түрде іске кірісетін болады. Өйткені, олардың атқаратын шаруасы шаш етектен және өте күрделі. Бізге осы жолда, мүмкін, көптеген заңнамаларды жаңартуға, тіптен, кей жағдайда Конституцияға өзгертулер енгізуге тура келетін болар деп ойлаймын. Бұл біздің экономиканың, саяси қалыптың, қоғамның дамуы мен оның транспаренттілігі мен ашықтығын қамтамасыз етудің келесі сатысы болып табылады».

Ендеше, Президент Н.Назарбаев сайлаудан кейін өз шешімін іске асыру кезінде оның алдында мынадай жағдайлар туындауы мүмкін:

1. Ол, бір жағынан, коррупцияланған атқарушы билік жүйесінің қалыпты авторитарлық жағдайдың өзгеруіне қарсылығы болса;

2. Екінші жағынан, сол қарсылықты басу және көздеген мақсатына жету үшін Н.Назарбаев қоғамда демократиялық түбірлі өзгерістер жасап, тек қана халыққа сүйеніп әрекет етуге мәжбүр болатыны.

Әрине, қоғам үшін екінші таңдау өте маңызды екенін айтпаса да болады деп ойлаймыз.

КОРРУПЦИЯ ҚАҢҚАСЫН ҚИРАТУ

Соның бірі – халықтың қолдауына сүйене отырып, билік жүйесіндегі «коррупцияланған корпоративтік мүдденің» қаңқасын қирату. Бірақ ол оңай шаруа емес. Себебі, жемқорлық пен «бармақ асты, көз қысты» әрекеттерге әбден бейімделген, тіптен, оны (жемқорлықты) жұмыс істеудің басты қағидасына айналдырған жүйе ол «қаңқаны» оңайлықпен «жау қолына» бере салмайды.

Өйткені, ондай жүйенің өмір сүруінің бірден-бір шарты – жемқорлықтың өзі!!!

Ендеше, жемқорлықтан құтылудың жолын судьялар мен соттардың, олардан кем қалмайтын прокуратура мен ішкі істер күштік құрылымдардың өзінен бастау қажет болады. Егер, осы сала қызметін жемқорлықтан бұрып әкете алсақ қана, бұл жалпы мағынасындағы жаппай жемқорлық үшін өте ауыр соққы болып шығады!

«МӘКЕ-СӘКЕ», «ТАНЫС-БІЛІС» - ЗАҢҒА ҚАЙШЫ ҚҰБЫЛЫСТАР

Ал, егер олай болмаса – қазақ қоғамында тамырланып кеткен «мәке-сәке», «ағайын-туыс», «көз көрген таныс» деген астыртын қатынастар кез келген жаңашылдықты жөргегінде тұншықтырып тастай алады. Ендеше, «халықтың қолдауына» сүйенбей басталған бұл іс-шара кезінде сайлаудан кейін қайтадан біршама ес жиып алған коррупциялық жүйе «іс бітті, қу кетті» деген «коррупциялық әнге» қайта салмай ма?

Міне, кешегі сайлауда Елбасының бағдарламасын, соның ішінде  − «соттар мен полицияның халық арасындағы беделін арттыру» туралы уәдесіне сеніп, оны қолдап дауыс бергендердің бәрін осы сұрақ өте-мөте толғандыруы тиіс.

Осы тұрғыда ойланғанда менің назарыма «Дат» газетінің 16.04.15 ж. №15 санында жарияланған тарихшы Әлімхан Нұрекеевтің «Об истине и ответственности» атты мақаласы ілікті. Автор Чех мемлекетінің алғашқы президенті Вацлав Гавелдің мына сөзін мысалға келтіреді: «Мәселе саясат технологиясы, немесе, билікті қолдану −  яғни, адамдарды басқаруда өз тиімділігіңді және  қулықты пайдалануда емес, мәселе – саясаткердің саясатты өмірінің мұраты ретінде түсінуі, яғни, оның бар күш-қуатының адамгершілікке және ақиқатқа бағытталуы, сөйтіп, оның қызметінің гуманистік принциптерге,  адамдардың бақытты өмір сүруын қамтамасыз етуге бағытталғаны туралы болып отыр».

Енді, осы сөздің мағынасына үңіліп қарайтын болсақ −  біздің саяси жүйе одан әлі алшақ екендігін көреміз. Біздің қоғамның билеуші табы әлі күнге дейін саясатты «үлкен ойын» деп қана түсінетінін осыған дейінгі және осы сайлаулардан анық сезіп келеміз.

Мысалы, кез келген қоғамның іргетасы – тұрақтылық пен бейбітшілік екені аксиомалық шындық. Бірақ, басқа мағынасында «тұрақтылық» дегеніміз – екі немесе одан да көп жақтардың өзара келісімге келе отырып, өздерінің ортақ үйі – мемлекет пен қоғамның үдемелі дамуын қамтамасыз ету емес пе? Ал бізде мұндай келісім бар ма? Жоқ! Себебі, бізде билік тарапы өздеріне бағынышты барлық мемлекеттік ресурсты үнемі де өздерінің қате шешімдерін сынға алушы оппозицияны жоюға жұмсап келді. Тіптен, адам  еркіндігін паш ететін сайлау процесінің өзін  де әкімшіл-әміршіл жүйенің ырқына бағынышты етіп, көгендеп-байлап  тастады. Сондықтан бұл сайлау да әдеттегідей «үлкен саяси ойын» болып қана қалды. Бұл сайлауды, сөйтіп, қазіргі ағымдағы, тек қана билікке бүгін ғана қажет мәселелер шешімін тапты. Ал елдің болашағы мәселесі, сол бұрынғысынша айқындалмаған күйде, мыңдаған азаматтардың көңіліне күмән ұялататын сұрақ ретінде қалып қойды...

Иә, билік жүйесі тағы да мына жағдайды басшылыққа алу түгілі, оны назарда ұстау қажет дегенді артық санады:

1. Халық – мемлекетті құрайтын, мемлекеттің іргетасын қалайтын субьект. Мемлекетте не нәрсе де халықтың игілігі үшін жасалатындықтан, оның бәрі халықтың келісімімен, оның қолдауымен жасалуы тиіс;

2. Әрбір халықтың өз салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болады. Көбіне ол әділеттілік пен ақиқатқа негізделеді. Сондықтан қоғамда орын алатын  іргелі шаралар да әділеттілік пен ақиқатты басшылыққа алуы тиіс.

Міне, қазақ ұлтының табиғатына жақын, тіптен, оның «ұлттық мінезі» болып табылатын  осы – Әділеттілік пен Ақиқат сынды құндылықтар қандай да бір өтірік пен жалғандақ араласқан жағдайда – ұлттық намысты қорлауға ұласады.

Нәтижесінде мүдделер тоғыспайды да, осындай қадамға барған билік ұрандатқан тұрақтылықтың орнына кері нәтижеге қол жеткізетін болады. Бұл, әрине, терең философиялық мағынасы бар ұзақ әңгіме, бірақ, қай уақытта да маңызын жоғалпайтын терең әңгіме ...

Енді осы мақаланы қорытындылай келе мынаны айтар едік:

Біздің мемлекетте әлеуметтік жіктелу толығымен жүзеге асты, қоғамның «байлар мен кедейлер» деп бөлінуінің жалпы контуры нақты анықталды!

Ендеше, ондай қоғамда «байлардың байлығын сақтауының бірден бір жолы − кедейлердің «байлыққа көз алартпау мәселесін шешу» болып табылады. Ол – үлкен әлеуметтік мәселе!

Олай болса, еліміздегі байлық пен билікті бір қолда ұстаған аздаған элита кедейшілік жағдайда өмір сүріп жатқан қалың бұқара халықты өздерінің қарсыластарына емес, әріптестеріне айналдыруға бар күшін салулары – Заң аясында шешімін тауып, ол Заң соттар мен құқық қорғаушылар тарапынан мейлінше қолдау табуы керек.

Сонда ғана Елбасының «Сот пен Полицияның беделін көтеру» мәселесі оң шешімін тауып, қоғамның жалпы келбеті де, адами сапасы да өседі. Ондай қоғамда Байлық пен Береке – егіз!

Міне, нағыз тұрақтылық дегенміз де, әр адамның өз қабілетін  толық іске асыру мүмкіндігі дегеніміз де – осы!

Түйін: Бүгінгі күнге дейін, мемлекет халықтың тұрмыс деңгейін «тұрақты қалыпқа» жеткізе алмады. Әділеттілік принциптерін атқарушы билік деңгейінде бұзылуы, мемлекеттік мүдделер мен жеке мүделердің тоғыспауы жалғасуда. Ендеше, бюджетке тым ауыр салмақ салып отырған билік жүйесін мейлінше ықшамдау, оны ылдым-жылдым ету, босаған қаржыны әлеуметтік өзекті мәселелерді шешуге, коммуналдық шаруашылықты, инфрақұрылымды жетілдіруге бағыттау – өте-мөте қажет десек болады.

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ

Комментарии