“Өлтіріп тастады”: Ақтөбелік зейнеткер өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр

3658
Adyrna.kz Telegram
Фото: inform.kz
Фото: inform.kz

Ақтөбелік зейнеткер үш айдан бері өзінің тірі адам екенін дәлелдей алмай жүр, деп хабарлайды ”Адырна” ұлттық порталы Астана арнасына сілтеме жасап.

Ақпарат бойынша, емханадағы статист-дәрігер жеке сәйкестендіру нөмірінде бір санды қате жазып, ол өлілер тізіміне еніп кеткен. Ромахан Кенжебаев сол қателіктің зардабын әлі тартып жүр. Зейнеткер емханаға барып, өзінің бір күн бұрын қайтыс болғанын естіген. Сондықтан оның барлық құжаттары жарамсыз болып қалды. Емхана сол кезде қателігін толықтай мойындап, құжаттарын реттеп берген. Бірақ үш айдан бері зейнеткер зейнетақысын ала алмай отыр.

 «Үш ай бұрын басталды. Мені өлтіріп тастады. Дәрігерлік қателік деп келіп бәрін істедік енді. Үш ай болды пенсиямды ала алмай жүрмін. Күнде ертең, арғы күні деп қайтарады», – дейді Ромахан Кенжебаев.

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының облыстық филиалына зейнеткердің қаза болғаны туралы мәлімет 7 қазанда түскен. Заң бойынша, келер айдан бастап зейнетақы төлеу тоқтатылған. Ал қателік кеткенін бұл орталықтың мамандары тек үш апта бұрын ғана естіпті.

 «Мәлімет анықталған бойда Азаматтарға арналған үкімет корпорациясының қызметкерлері барлық шараларды орындап, аталған азаматтың зейнетақысы алдындағы айдың 1-інен бастап жүргізілетін болады», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацисы Ақтөбе облыстық филиалының PR-менеджері Асылгүл Айдарова.

Пікірлер