Бәрі де жаяулар үшін. 11 өткелді жарықтандыруға 17 млн теңге бөлінді. Бұл көп пе, аз ба?

2553
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбе қаласының мемлекеттік сатып алулар бөлімі жаяу жүргіншілер өткелін жарықтандыру жұмысына 17 млн 244 мың 591 теңге қаржы бөлді, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы goszakup.gov.kz сайтына сілтеме жасап. Қаладағы жаяу жүргіншілер өткелін жасауға тапсырысты Ақтөбе қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" бөлімі берген.

Тендердің өтетіні туралы хабарлама 27 қазан күні жарияланды. Жеңімпаз 3 қарашада анықталады. Тендерді ұтып алған компания 17 млн 244 мың 591 теңгеге бар болғаны 11 жаяу жүргіншілер өткеліне жарықтандыру жұмыстарын жүргізеді.

Техникалық сипаттамада керекті құрал-жабдық сатып алу туралы ештеңе көрсетілмеген. Сондай-ақ, техникалық сипаттамадағы "Құрылысқа байланысты емес, сатып алынатын жұмыстардың техникалық ерекшелігі" деген сөйлемнен жеңімпаз компания сатып алынып қойған дайын материалдарды орнатып шығу жұмысына ғана міндеттеліп отырғанын байқауға болады. Яғни, 17 млн 244 мың 591 теңгеге бар болғаны 11 жаяу жүргіншілер өткеліне электр бағаналарын орнатып, жарық жалғап береді деген сөз. Көрсетілген соманы 11-ге бөлсек, бір ғана жаяу жүргіншілер жолына электр бағандарын орнату жұмысына 1 млн 567 мың 690 теңге қаржы жұмсалады екен.

Әрине, жаяу жүргіншілер жолын жасау, жарықтандыру қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін өте қажет. Бірақ, Ақтөбе қаласындағы жаяу жүргіншілердің 11 өткелінің үстіне жарықтандыруға арналған бағандарды орнату үшін бюджеттен 17 млн 244 мың 591 теңге ақша бөлу көп емес пе? Техникалық сипаттамада жұмысшылардың алатын жалақысы ғана көрсетілген. Сол жалақы 251 мың 197 теңге деп белгіленіпті. Яғни, 17 млн 244 мың 591 теңгені игеріп, 11 өткелді жарықтандыру үшін кемі алпысқа жуық маман жұмысқа тартылуы керек деген сөз. Сонда ақтөбеліктер 11 дана жаяу жүргінші жолын жарықтандыру үшін алпыс маман тартатын болғаны ма?

Бұл сұрақтарды тиісті мекемелерге жолдадық. Жауап беріліп жатса, оны да жариялайтын боламыз.

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер