Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Королінің есімі Карл ма, Чарльз ба?

3014
Adyrna.kz Telegram

Мақалада Патшайым Элизавета ІІ дүниеден өткен соң Чарльз ханзаданың Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Королі атанып, таққа отырған сәтінен бастап  БАҚ құралдарында король есімінің әркелкі жазылған графикалық нұсқаларына мән беріледі. Орыс тіліндегі ақпарат құралдарында осы күнге дейін жарты ғасырдан астам уақыт, 64 жыл бойы (1958 – 2022) «Принц Чарльз» атанып келген саяси тұлғаның бір сәтте аты өзгертіліп, тарихи-дәстүрлі принциппен, Карл III болып жазыла бастауы жөн емес. Бүгінгі уақыттың талаптары бойынша кісі есімі (оның ішінде белгілі тұлғалардың есімдері де) тілден-тілге түпнұсқасына мейлінше жақын нұсқада транскрипциялық, не болмаса транслитерациялық принциппен көшірілуі тиіс деген пікір айтылады.   

Ұлыбританияның жаңадан таққа отырған Королінің атын Карл немесе Чарльз деп атау және жазу туралы сұрақтың туындауы – заңды. Бұл сұрақ ғаламның БАҚ құралдарында Патшайым Элизавета ІІ  дүниеден өткен сәттен бастап көтерілді.

Орыс тілінің орфографиялық дәстүрінде (орфографияның тарихи-дәстүрлі принципі бойынша) Charles есімді еуропалық монархтарды Карл деп жазу қалыптасқан. Бұл графикалық нұсқаның этимологиясы ағылшын және француз тілдерінде Charles болып жазылатын есімнің латын тілінде Carolus, неміс тілінде Carl, Karl болып жазылуымен байланыстырылады. Орта ғасырларда латын тілі дипломатиялық тіл болғандықтан, латын тіліндегі және неміс тіліндегі жазылу нұсқалары басымдылық алғаны белгілі. Осы түпнұсқаны сақтап қалған басқа да тілдер бар: испан тілінде Carlos, италиан тілінде Carlo, чех тілінде  Karel, т.б. Бұлар – осы елдердегі Charles есімінің баламасы, алайда бұл осы мемлекеттердің барлығы Ұлыбритания Королінің есімін осылай жазып жатыр дегенді білдірмейді. Бұл өз алдына зерттеуді талап етеді.

Ал біз өз кезегімізде «Карл ма, Чарльз ба?» деген сұрақтың жауабын төменде берілген уәждерден іздеп көрелік.

Біріншіден, ағылшындардың өзіне Чарльздың Карл деп аталып жатқаны  түсінікті болмайды, яғни басқа мәтінде танылмайды;

Екіншіден, осы күнге дейін Уэльс ханзадасы болып келген Чарльз Филипп Артур Джордж (ағ.т. Charles Philip Arthur George) Ұлыбританияның Корольдігі тағына отыруына байланысты өзінің есімін (өзгерту құқығы бар бола тұра) өзгерткен жоқ. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы, 64 жыл (1958 – 2022 жж.) «Чарлз ханзада» болып, орыс тілді мәтіндерде «принц Чарльз» болып жазылып келді. Басқаша айтқанда, өмір бойына Чарльз болып келіп, Король тағына отырған сәттен Карл ІІІ болып өзгере кетуі (есімін тақ иесінің өзі өзгертпеген жағдайда) ешбір ереже аясына сыймайды;

Үшіншіден, ғаламда балаға ат қою барысында (тіпті бір мемлекеттің өзінде) Карл есімі де, Чарльз есімі де беріледі. Бұл екі есімді бір есім ретінде қабылдау есім иелері үшін де, қабылдаушылар үшін де мүмкін болмайды. Карл Маркс есімінің Чарльз Маркс ретінде  қабылданбайтыны секілді, бұлар – екі бөлек кісі есімдері;

Төртіншіден, ағылшынның әлемге танымал ғалымы Чарльз Дарвин (Charles Darwin) және ағылшынның әлемге танымал жазушысы Чарльз Диккенс (Charles Dickens) есімдерінің орыс тіліндегі мәтіндерде жазылуында  түпнұсқасына жақын нұсқасы сақталған (Карл Дарвин, Карл Диккенс емес). Ал «түпнұсқасында бір есімді монарх болса, былай қабылдаймыз, монарх болмаса, былай жазамыз» деген ереже де қисынды емес. Король, президент, т.б. болғанына қарамастан ереже бірқисынды болуға тиіс: Михаил Горбочевты ағылшындар Майкл деп, француздар Мишель деп жазған жоқ, Mikhail Sergeyevich Gorbachev деп жазды;

Бесіншіден, Чарльз есімі орыс тілі үшін экзоним, яғни өзге тілдік атау болса да, бұл (төртінші уәжден көріп отырғанымыздай) тілдің қолданысында бұрыннан бар оним. Қолданыста бар бола тұра, оны қолдануға тыйым салынған атау іспетті басқа атпен алмастыру ақылға қонбайды.

Алтыншыдан, бұрынғы ауызша фольклордың заманы әлдеқашан өткен. Қазір жазба коммуникацияда бір әріптің шешуші рөл атқаратын уақыты. Мәселен, қазір Рима деген есім өзінің Римма деген орфограммасымен жазылса, сол сияқты, керісінше, Ләззат деген есім кездейсоқ Ләзат болып жазылса, ешқандай іс бір адым алға жылжымай, бір әріптің құжаттар арқылы реттелуін күтіп тұратын уақыт. Бұл мәселенің халықаралық деңгейде де мәні арта түскен.

Жетіншіден, орыстілді БАҚ-тың өзі Чарльз ІІІ деп жазып отырған деректер де молынан кезігеді (... Монограмма королевы Елизаветы II Регины была EIIR. Какой она будет при Чарльзе III пока неизвестно (https://charter97.org/ru/news/2022/9/9/514885/); … Король Чарльз III разозлился из-за ручки (https://tengrinews.kz/world_news/korol-charlz-iii-razozlilsya-iz-za-ruchki-477832/). Бұл есімнің графикасы туралы материалдарда Ресейдің кей БАҚ құралдары Шарль деген нұсқаны да пайдаланып отырғаны айтылады (https://charter97.org/ru/news/2022/9/9/514885/). Украинаның да BBC қызметі алдымен Карл ІІІ деп бастап, соңынан Чарльз ІІІ деп қолдануға көшкенін байқаймыз (https://www.eurointegration.com.ua/rus/news/2022/09/10/7146541/). Гугль ақпаратынан Король  Чарльз III  деп іздегенде, нәтиже – 1 750 000 (0,46 сек.), оған Король Чарлз III  (жіңішкелік белгісі қойылмаған) нұсқасын қосқанда – 142 000 (0,45 сек.). Бұл, әрине – аз көрсеткіш емес.

Ал аударма теориясында берілетін кісі есімдерін тілден тілге көшіру принциптерін назарға алсақ, мұнда ең негізгі қолданылатын тәсілдер – транслитерация және транскрипция, бұл екеуінің қайсысы екені әр тілдің әліпби жүйесінің әлеуетіне байланысты таңдалады. Мәселен, қазақ тілі бүгінгі кирил графикасындағы 42 әріппен, орыс тілі 33 әріппен шеттілдік есімдерді транскрипциялау тәсілімен қабылдайды, себебі жат және жасанды таңбалар қолданылмайды. Ал әліпбиі 26 әріптен тұратын ағылшын графикасы шеттілдік атауларды транслитерация тәсілімен қабылдауға мәжбүр.

Бұл тақырып төңірегіндегі ағылшын тілінің бүгінгі күнгі ұстанып отырған өз орфографиялық принциптері бойынша шетел басшылары өз аттарымен жазылып қолданылады, аударылатыны тек қана Король, президент, премьер министр деген тәрізді лауазымдар ғана. Испан Корольі (Philip емес) King Felipe VI деп, Дания патшайымы (Margaret II емес) Margrethe II болып, донор тілдің өзінде қолданылатын графикалық нұсқасымен жазылады (https://theconversation.com/karl-karel-or-karol-the-translation-confusion-over-king-charles-iiis-name-explained-191445).

Бүгінгі күнгі қалыптасқан ғаламдық тенденция да осы ағылшындық ұстанымды растайды, яғни бұл тенденция бойынша өзге ұлт, этнос атаулары мен есімдері түпнұсқасында айтылуына мейлінше жақындатылып жазылу және айтылу принципі сақталуы тиіс. Осы қағидатты берік ұстанғаны соншалық, Ұлыбританияның (нөмірі бірінші) BBC World News телеарнасы латын графикасын тұтынатын мемлекеттердің ономастикалық атауларын нақпа-нақ сол қалпында көшіріп алу, яғни трансплантациялау (қондырма – Н.Р.) тәсілімен алып қолданады.

Тағы бір мәселеге тоқтап өтуіміз керек. Қарастырылған әдебиет көздерінен бірізділікке келтіруді талап ететін КорольдығыКорольдігі; ЧарлзЧарльз болып келетін графикалық нұсқалар байқалады. Олардың қолданыста көбірек жүрген графикалық нұсқаларына басымдылық берген жөн:

Корольдығы – 4 760 (0,30 сек.), Корольдігі  – 3 940 000 (0,29 сек.);

Чарлз  – 5 530 000 (0,61 сек.),  Чарльз  –  16 200 000 (0,61 сек.).

Қорытынды.

Жоғарыда келтірілген уәждерден Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Королінің есімін Карл ІІІ емес, Чарльз ІІІ деп атау және жазу керек деген қорытындының айқын басымдылығын көреміз. Сонда қазақ тілінің кирил негізді қазіргі қолданыстағы жазуымен аталған есімнің графикасы Чарльз болады, ал болашақта латыннегізді жаңа қазақ әліпбиіне көшкен жағдайда, бөгде таңбалар өздігінен ығыстырылып, есім Şarlz (Шарлз) түрінде жазылатын болады.

Осы баяндалған мағлұматтар орыс тіліндегі қолданыста да Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Королінің есімін Карл ІІІ емес, Чарльз ІІІ деп атау және жазудың дұрыс екендігін көрсетеді.

Нұрсәуле Мақсұтқызы Рсалиева,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. 

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер