Aqyl Battle ойынын түркі әлемінің ойыны еткіміз келеді - Дәулет Мұқаев

11596
Adyrna.kz Telegram

Бүгінде жұртшылыққа жол тартқанына бар жоғы үш ай болса да 421 мың рет жүктелген Aqyl Battle ойыны  көпшіліктің көңілінен шығуда. Үш ай ішінде 16 милоион рет ойналған қосымшанының негізгі идеясы қазақстандық танымал блогер, экономист, журналист Дәулет Төлеутайұлы Мұқаевтан туындаған. Бұл туралы ол  “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатында айтып берді.

“Қаңтар оқиғасы” кезінде маған бір ой келді: “Неге біздің қазақ жастары қазақ тілінде интеллектуалдық ойын ойнамасқа?” деген. Орыс немесе ағылшын тілінде мұндай ойындар жетерлік. Сондықтан осы ойымды іске асыру үшін командамдағы Айболат деген жігітке хабарласып айттым. Ол менің сабақ өтетін  Dauletten деген қосымшаны жасап берген. Айболат бірден келісіп: “сізден сұрақтар ғана болса, мен бәрін өзім жасаймын” деп қолдай кетті. Осылайша, ниетіміз бен әрекетіміз ұштасып, осы ойын жарыққа шықты.

Бұл ойынды құрастырудағы басты мақсат - бірінші - ұлтқа деген жанаршылық. Екінші - ұрпаққа деген жанашырлық, үшінші кезекте тілге деген жанашырлық болды. 

Одан бөлек қазіргі қазақ тілді IT саласы өте жақсы дамып жатыр. Өткендегі Мухоряпов ісінен кейін, барлығы қазақша сөйлеуге тырысуда. Қазақстандағы бірнеше орыс тілді бизнесмендер қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тіліне деген сұраныс бір айдың ішінде артып кетті”,- деді блогер. 

Айта кетейік, Aqyl Battle – қазақ тіліндегі интеллектуалдық ойын. Онда сұрақтар әртүрлі пәнге, салаға бағытталған. Бір ерекшелігі - ойында шынайы қарсыласыңның болуы. Сондай-ақ, ұпайлар жинау арқылы  оқушы, студент, магистр, доцент, профессор деңгейлеріне жетуге болады. Бұл адамдардың Aqyl Battle ойнауына мотивация береді. Сәйкесінше, көбірек білім алуына әсер етеді. Қазір бұл ойынды еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін ойнайды. 

“Aqyl Battle ойынының презентациясын біз республикалық деңгейде “Жастар рухының” кезектен тыс съезінде көрсеттік. Сол кезде жастардың көп қолдауы болды. Міне, қазір ойын ойнайтындардың басым көпшілігі жастар. Біздің мақсатымыз да жастарды, халықты сауатты ету.  Қазір қазақ тілінде ойындар да, БАҚ та аз. Сондықтан қазақ тілді контентті арттыру арқылы халықтың білімге деген қызығушылығын арттырамыз.

Ойынның сұрақтар базасын менің командам жасады. Өйткені, бұрын “21 ғасыр көсбасшысында” алған тәжірибеміз бар. Алғашында 9000 сұрақ дайындадық. Оны ай сайын біз арттырып, жаңартып отырамыз. Қазақ тілі мен Қазақстан тарихынан басқа да, трендте болып жатқан сұрақтарды қостық. Кейін оны трендтен шығып отырған сәтте алып тастаймыз. Негізгі идея меннен, ал ішкі құрылыстарын реттейтін, құрастыратын менің командамдағы Айболат пен Саяжанның еңбегі”,- деді Дәулет Мұқаев.

“Қазақ әдебиеті Абайдан аспай қалған ба?..”

Aqyl Battle ойынының сұрақтарын құрастырушылардың бірі Саяжан Совет қазақ әдебиетіндегі сұрақтар бір деңгейде қалғанына қынжылады. Сондықтан осы мәселеге алаңдаған ол тың сұрақтарды ойынға қосуға тырысқанын жасырмады.

“Қосымшада оқырмандардан сұрақ келетін функция бар. Әрине, ойынды құрастырарда сұрақтар аз, ойыншы көп болды. Сонда оқырман жіберген сұрақтарды көрген кезде көбісі бірдей сұрақтар жібереді. Мәселен, тарихтан “Тәуелсіздікті қай жылы алдық?” деген сұрақ болса, әдебиеттен Абай туралы көп сұрақтар келеді. Сонда “біздің әдебиет Абайдан аспай қалған ба?” деп ойлайсың. Алайда, алдағы уақытта қосымшаны пайдаланушылар көбейді. Енді олардың интеллектуалдық деңгейі де артады.

Ал қосымшада біз оқырманмен кері байланыс үнемі жасап отырамыз. Өйткені, бізден де қателік кетуі мүмкін. Сондықтан үнемі оны түзетуіміз қажет. Алдағы уақытта қызықты сұрақтар саны артады”, - деді Саяжан Совет.

Ал Көпшіліктің сүйіктісіне айналған қосымшаны Thousand IT Group компаниясының негізін қалаушы Айболат Құлатай жасаған. 

“Бар болғаны екі үш ай бұрын тіркеген ойынымыздан осындай статистиканы күтпедік. Ойналған ойын саны он алты миллионнан асып кетті. Шамамен, күніне жүздеген ойыннан ойнайтын адмдар бар. Біз де жұмысымызды тоқтатпай, апта сайын жаңарту жасап отырамыз. 

Қазір өз бетімен кітап оқитын адамдар аз. Сол адамдарды дамыту үшін карантин кезінде ойналған ойындарды қарап, салыстырдық. Басым көпшілігі шетелдік ойындар. Олардан біздің функционалдық ерекшеліктерміз бар, Жаңа ойын деп бастасаңыз, сіз бір минутқа жетпей санаулы секундтарда қарсылас табасыз”,- дейді Айболат Құлатай. 

Ойын арқылы идеологияға әсер етеміз”

Айболат Құлатайдың айтуынша, ойын арқылы адамдардың санасына жақсы ой қалыптастыруға болады. 

“Ойынның сұрақтары арқылы идеоло­гияға әсер ете аламыз. Сондықтан қазақ жастарының рухын көтеретін, ба­тырларымыз бен хандарымыздың өмір жолдары жайлы, тарих пен әдебиет туралы, ұмыт болған салт-дәстүрлеріміз турасында сұрақтар дайындадық. Бұл жоба арқылы ағылшын тілін үйренуге болады. Қаржылық сауатын да арттырып, алғашқы медициналық көмек жайлы да білуге болады. 

Сондай-ақ, біз осы Aqyl Battle ойыны арқылы жылдың аяғына дейін нағыз жеңімпазды анықтай алатындай, халық жарысып, жүлде ұтып алатындай үлкен бір Қазақстандық турнир жасағымыз келеді. Бұл біздің білімге деген инвестициямыз болмақ”,- дейді ІТ маман.

Фото: Baribar.kz

Aqyl Battle – Айболаттың ал­ғашқы жобасы емес. Ол туризм са­ласына инновация енгізу мақ­са­тына IT стартапта IRBI мо­бильді қосымшасының негізін салды. Бұл инновациялық жобаның жұмыс істеу барысы – Алматы, Астана қонақтарының нақты тұрған же­рін GPS технологиясы арқылы анық­тап, қала бойынша әр алуан жер­лерге, мәдени, тарихи орта­лықтарға апаратын және бұл объектілер туралы мағлұматты аудио форматта тыңдауға мүм­кіндік беретін ту­ристер мен қала қонақтарына арналған ақылды аудиогид бо­ла­тын. Осылайша, ол серіктес­те­рімен бірге көптеген халықаралық байқауларда бақ сынап, шетелдік танымал инвес­торлар мен еншілес қорларға жо­баны таныстырады.

“Бүгінге дейін 150-200-дей ІТ жоба жасадық. Бірақ App Store мен Play market-ке күніне мыңдаған жоба тіркеледі. Алайда оның барлығы бірден сұранысқа ие бола бермейді. Оның сапасынан бөлек, үлкен маркетинг қажет. 

ІТ жобаны жасау өте қымбатқа түседі. Күнделікті қолданып жүрген такси шақыратын қосымшалар шетелдік компаниялар жасаған. Ал ондай қазақтілді қосымша жасау көп күшті талап етеді. Өйткені, олар халықтың сеніміне кірген. Ондайларды  ірі қазақстандық каспи сияқты гиганттар жасаса, халықтың сұранысына ие болуы мүмкін”,- деді Айболат.

Aqyl Battle 3 ай бойы рейтингте бірінші орында 

Блогер Дәулет Мұқаев Aqyl Battle ойынын түркі елдерінің сүйікті ойынына айналдырғысы келеді.

“Қазақтілді ІТ қосымшалар Сұранысқа байланысты тоқтап қалып жатады. Мысалы, осы ойынды мың ғана адам ойнайтын болса, ол да жабылып қалар еді. Мұның барлығы жарнамаға де тікелей байланысты. Нәтижесінде міне,  Aqyl Battle үш ай бойы қазақ тілді ойындар викторинасының арасында жүктелім бойынша рейтингте бірінші орында тұр.  

Ендігі мақсат- осы ойынмен “Тұран” қауымдастығына шықсақ деген ниетіміз бар. Ойынды латын қаріпіне көшіріп, барша түркітілдес елдер де ойнайтын деңгейге дейін жеткізуіміз керек. Бірінші, қазақстандықтардың сауатын ашамыз. Кейін, түркі әлемінің ойыны жасағымыз келеді”,- деді Дәулет Төлеутайұлы.

Aqyl Battle ойынын ойнау арқылы ұпайлар жинауға болады. Жинаған ұпайлар­ды эмоциялар мен реакцияларға айырбастауға болатындай етіп жасаған. Алдағы уақытта мұны жетілдіріп, ұпайларды шынайы тауарларға айырбастауды жос­парлапты. Тіпті, құрастырушылардың айтуынша, турнир ұйымдастырған кезде бұл ұпайлардың көмегі көп.

Aqyl Battle ойыны халықтың ғана емес, ІТ мамандарының да көңілінен шықты. Олар жаңа бастамаға сәттілік тілеп, жоғары баға берді. 

“Aqyl Battle ойыны өте жақсы екен. Тек қазақ тілінде ғана емес өзге де тілдерде де дамуына тілектеспін. Ішкі комюнитиді дамытып, балл жүйесін енгізуге мүмкіндік бар. Осыдан-ақ, қазақ ІТ саласының деңгейі өскенін, бәсекеге қабілетті бола бастағанын білуге болады. Бізде жақсы мамандар бар. Жақсы командалар, компания немесе ұжымдар да бар. Яғни, маман жеткілікті. Тек олардың кейбірі шетелде жұмыс жасайды, кейбіріне қолдау жетіспейді. Сондықтан осындай қосымшаларды қолдауымыз қажет”,-  деді ІТ маманы Мейіржан Әуелханұлы. 

Сондай-ақ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің инженер программисті, ІТ маманы Хамза Дәулетбек те ойынға оң бағасын беріп, өз ұсынысын білдірді. 

“Қазақстандық ІТ мамандардың қазақ тілінде жасап шыққан  Aqyl Battle қосымшасын, 1-2 күн көлемінде қолданып көргеннен соң, қосымшаның сапалы жасалғанын байқадым, Қазіргі таңда бұндай қосымшалардың көбейіп келуі әрине қуантарлық жәйт. Қосымшаның пайдалы қырлары көп. Ойынды қолдану арқылы көптеген мәліметтерді қайталап еске алса болады. Интерфейсі өте қарапайым және түсінікті етіп жасалған. Алдағы уақытта қосымшада сұрақ-жауап кезінде қолданушы дұрыс емес жауап берген жағдайда, дұрыс жауап жайлы қысқаша мәлімет шықса екен деймін. 

Қазақстанда IT саласы қарқынды дамып жатқанын көруге болады. Бүгінде IT саласына көңіл аударып, саланы меңгеріп жүргендер саны едәуір артты. Бірақ бұл қадам әлемдік деңгейде байқалмайтын талпыныс. Сондықтан қазақ тілді ІТ кітаптары мен ақпараттарды арттыру қажет.  Сонымен қоса, мемлекет тарапынан көптеген тегін ІТ саласы туралы студенттерге курстар болса екен деймін. Бұндай курстардың пайдасы тәжірибелік түрде көптеген елдерде пайдасы дәлелденген”,- деді ол.

Құрастырылғанына аз болса да, халыққа пайдасын тигізіп үлгерген Aqyl Battle ойынының болашағы зор. Осы арқылы Қазақстанның ІТ саласына үлкен сенім­мен қарай аламыз.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер