Неге музей директоры заңсыз жұмыстан шығарылады?

2494
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталына Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданынан өлкетанушы, тарихшы, ұлттық құндылықтардың жанашыры Аманжол Салимов ағадан хат келіп түскен еді. Хатты ағамызды Жаңақала аудандық тарихи музейінің директорлығы қызметінен заңсыз босатқаны туралы жазылған. Біз Аманжол (ел-жұрт Амантай деп атап кеткен) ағамыздың хатын қаз-қалпында беріп отырмыз. Сонымен бірге, белгілі қаламгер-журналист Қазыбек Құттымұратұлының, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры Арман Әубәкірдің Фейсбук парақшасында жариялаған жазбаларын қоса ұсынып отырмыз.    

 

МУЗЕЙ ЖҰМЫСЫНА НЕ БЕНЗИН, НЕ КӨЛІК БЕРГЕН ЕМЕС

Аманжол САЛИМОВ, тарихшы-өлкетанушы, Жаңақала аудандық музейінің экс-директоры:

- Мен Жаңақала ауданына  бұрын  аудан әкімі  болған  Л.Р. Хайретдиновтың  шақыруымен  келіп, өлкетану  музейін ашқан болатынбыз.  Музейді өзімнің жеке жәдігерлерімен  толықтырдым.  Ішін безендіруге  келген  адамдардың  еңбегін беруге де ат салыстым.  Музейді осы өлкенің  жәдігерлерімен толықтыру үшін бірнеше экспедиция  ұйымдастырып нәтижесінде  археология бөлімін жаңадан  толықтырдым.  Бұдан басқа Алаштың 100 жылдығына орай  музейдің жертөлесінен Жаңақазандағы  НКВД түрмесінің  көшірмесін жасап  шықтым. Оны жасауға  2 ай уақытым кетті. Оны жұмыстан кейін тіпті кей күндері түнде, демалыс күндері  жасап  іске қостым ғой. Оған мәдениет бөлімі   басшысы бола тұра не инструмент,  не материал берген  жоқ.  Ал қазан айының 25 күні сол Жаңақазан  ауылының ардагері  Бақтығали Жұбантаев  деген азамат  телефон шалып құнды адам сүйектері  ашылып қалған.  «Кеште көрдім сен срочно  кел, әйтпесе, ерте қой  жаюға барған адамдар тауып алып сындырып тастар» дегесін Ақнұрлы Еслямғалиеваға  ескертейін деп звондап едім телефонын алмады.  Содан қасыма Мұрат деген зейнеткер  шалды  салып алып, таңғы 5-те шығып 9-ға дейін келем ғой деп кеткем. Ол жақта бізді Жұбантаев Бақтығали деген сол жердің ардагерлер төрағасы  және Айбусинов Талап деген ағамыз сол жерді көрсетуге күтіп алып басына алып барды. Ол жерден  2 штук құмыра, 8 бірлік  садақ оғы, 4 бірлік моншақ табылды.  Сөйтіп жүргенде машинаның дөңгелегі жарылып, 12.30-ға дейін кешігіп, түстен  кейін жұмысқа келсем, Еслямғалиева шақырып түсініктеме жаз деп отыр. Осы  түсініктеме нәтижесімен жұмыстан босатып отыр. Мен себепсіз тойға, не садақаға  барсам бір жөн бір жөн.  Ең болмаса қатаң сөгіс десе де болатын еді. Қанша жоспарлы  экспедицияға көлік сұрағанда берген жоқ. Сондықтан өз көлігіммен  өз ақшаммен шығып жүргенде істеп отырғаны мынау. М.Жахатовтың  басшылығымен  қоғамдық негіздегі  өлкетанушылар қоғамын құрған едік.  Нәтижесінде көптеген тарихи орындар мен киелі  жерлер анықталды. Құлпытастар оқылды. Осындай жұмыстарға не бензин, не көлік берген емес. Біз өз қалтамыздан  қаражат шығарып жұмыстанудамыз.  Соның өзінде осындай жағдайға барып отыр.

 

ЖАҢАҚАЛАДАҒЫ ӘДІЛЕТСІЗДІК

 

Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, қадамгер-журналист:

 

Аманжол Сәлімов деген ағамыз бар, біз ол кісіні "Амантай аға" дейміз. Жас кезінде комсомолда істеген, кейін шаруа қожалығын ашып, кәсібін де дөңгелеткен. Көп жыл БҚО-ның Ақжайық ауданында Базартөбе ауылының әкімі болды.

Амантай ағаның бір хоббиі бар - жас күнінен көне жәдігер, тарихи зат десе, есі кетеді. Ел кезіп, жер кезіп жүріп, көне нәрсе көрсе, қолындағы соңғы тиынын беріп сатып алады. Бірақ әлдебіреулерге ұқсап, астыртын антиквариат сатып, қара басының қамын ойламайды. Талай жыл жинаған жәдігерінің үлкен бір тобын Алматыдағы республикалық музейге ақысыз-пұлсыз сыйлағаны бар. Амантай аға жиған жәдігерлерінің бір парасы Ақжайық ауданы музейінде, Атамекен ауылындағы "Жерұйық" музейінде де тұр. Айтпақшы Амантай аға өз ауылы Базартөбеде де өз қаржысына музей ашып, сол өңірдің тарихы мен тұлғаларын шама-шарқынша дәріптеп жүрген еді. Оған тіпті бүгінде шетелде жүрген ғалым Muminov Ashirbek ағамыз да куә. Амантай аға Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мамандары сол өңірдегі Мәулімберді қорымын зерттеген кезде ғалымдардың бүкіл жағдайын жасап, киіз үй тігіп, әкім басымен зыр жүгіріп, шәй құйып беріп жүрді...

 

Осыдан екі-үш жыл бұрын ол кезде Жаңақала ауданының әкімі болған Лавр Хайретдинов Базартөбеге арнайы барып, Амантай ағаны Жаңақалаға шақырған. "Жаңақала - тарихы терең өңір ғой. Бізге келіп, музей ашсаңыз. Барлық жағдайыңызды жасаймыз" десе керек. Жаны сүйген ісін "қолдаймын" деп тұрған тірі әкімді көрген соң, әрі ел басқарып отырған азаматтың өтінішін жерге тастай алмай, Амантай ағамыз алпысқа таяған жасында, әкімдік қызметін тастап, жалақысы үш есе төмен лауазымға, танымайтын жерге тәуекел деп тартып кетті.

 

...Қазір Жаңақалада керемет аудандық музей жұмыс істеп тұр. Бұл - басынан-аяқ осы Амантай ағамыздың еңбегі. Мұндағы жәдігерлердің басым көпшілігі - ағамыздың жеке қорынан. Аз уақыт ішінде жеке көлігімен Жаңақаланың ой-қырын, құм-қойнауын шарлап, өлке тарихын өңірдің өз туғандарынан артық біліп алған. Өз ісіне мұндай берілген, фанат адам аз ғой. Осы іске жапондық жеңіл көлігін аямай салып, әбден шаршатыпты. Қалтасынан қанша қаржы кеткенін өзі ғана білетін шығар. Бірақ музейге бас сұғып, ондағы жүйелі жұмыс пен ғасырлардан сыр шерткен жәдігерлерге таң қалған келушілердің ризашылығын көргенде Амантай аға бәрін ұмытып кетеді. Жақында Алматыдан келген Арман Әубәкір (Arman Aubakir) бауырымыз да осы музейде болып, пікірін фб бетінде жазған еді.

Енді не болды дейсіз ғой.

Қазақы, "қаймағы бұзылмаған" деген Жаңақалада бір дерт бар екен. Жаңақалада туып-өспеген адамды "қаңғыр" дейді екен. Ол кім, еңбегі қандай - ешкімнің шаруасы жоқ екен. Әрине, елдің бәріне топырақ шашуға болмас, бірақ өзін "патриотпын", "әділдіктің жоқшысымын" деп жүрген шіркіндердің өзі осы отты көсеп жүр екен. Оған тиісті орындар, әкім қаралар көз жұмып, ақжүрек азаматты алабайлардың талауына салып қойып, қызығына қарап отырады екен. Жаңақалада әкім ауысып, Наурызбай Қарағойшин келгелі Амантай Сәлімовтің басына бұлт үйірілген. Өткенде аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Нұрғожин шақырып алып, "өз еркіңмен арыз жазып кете ғой" дегенін естіп едім. Әдетте бір-бірімен алысып жүретін арызқойлар мен әкімдер "қаңғырлармен күресте" бірігіп кетеді екен. Өткен аптада Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева Амантай Сәлімовті статьямен қызметінен босатыпты.

Оқиға былай болған: Амантай Сәлімовке жақында Нарын құмының іргесіндегі ауылдардың бірінен "пәлен жерде құм көшіп, астынан адам сүйегі, көне құмыра шығып жатыр" деген хабар келген. Құмның мінезі қызық, дер кезінде бармасаңыз, ол жерді қайтадан таппай қаласыз. Содан Амантай аға зыр жүгіреді. Мұндайда "Ой, жақсы болды, көлігіңіз міне, іссапар шығыны міне, тез жөнеліңіз" дейтін басшылар қане?! Керісінше "қаңғырдың" "сүрінетін жерін" аңдып отырған ғой. Музей меңгерушісі өз көлігімен, өз қаржысымен аталған жерге барып, қымбат жәдігерді тауып, "Жаңақаланың музейін тағы бір тың тарихпен толтыратын болдым" деп қуанып оралса, Акнурлы Еслямгалиева (Aknurli Nurgalievna Eslamgalieva) қызметтен босату туралы бұйрығын әзірлеп отыр екен.

 

Сонымен, дәл қазір Амантай Сәлімов жұмыссыз.

 

 

АҒАМЫЗ ЖАН-ТӘНМЕН ӨЗ ІСІНЕ БЕРІЛГЕН

 

Арман ӘУБӘКІР, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры:

 

Жаңақала Аудандық Тарихи-өлкетану Музейінің директоры Амантай Саясатұлын бір топ арызданушылар қаралап, жершілдікке салып, әкімге арызданып ешқандай негізсіз жұмыстан кетіріп отыр. Кеше Амантай аға жыларман болып өзі xабарласты.

Оқиға былай болған. Ертеңгілік жәдігерлер жинау ісімен жұмыстан шығып кеткен ғой, әуелі сұранып, ескертпек болса аудандық мәдениет бөлімінің басшысы телефон көтермепті. Түстен кейін келсе, төрт сағат жұмыста болмадың деп түсініктеме жаздырыпты. Ойымда ешнәрсе жоқ түсініктеме жаза салдым дейді аға. Артынша ағамызды жұмыстан шығару жөнінде бұйрық шығарылыпты.

Ағамыз өз ісіне берілгендігі сондай өз қаражатымен бензин құйып жұмыстың шаруаларын жасап жүреді екен. Айлығының біршамасы бензинге кетеді. Қолының шеберлігі де бар. Ағамыз музейдегі көптеген экспозицияларды өз қолымен жасап шыққан. Әсіресе, Алаш автономиясының 100 жылдығына арналған музей бөлмелері сол заманның қасіретін айна-қатесіз көз алдыңызға елестетеді. Ақжайық ауданынан ағамазды Жаңақала ауданының бір кездегі әкімі Лавр Рашидұлы бекерден бекер аттай қалап шақырып алмаған ғой. Ол кезде Амантай аға ауыл әкімі қызметінде жүрген. Қызметін қиып сүйікті ісінің жолында құрбан етіп келгендегі берген сыйлығымыз осы ма?

Амантай ағамыз осы күні уайымнан денсаулығының да нашарлап бара жатқанын да айтты. Мен ағамызды жақсы түсінемін. Өмірі бойы жан-тәніңмен сүйіп айналысқан ісіңді біреулер әділетсіз түрде қара жағып тартып алса, өмірден түңілуден басқа не қалады?

Мен қолымнан келгенше бәрі жақсы болады деп жұбаттым. Облысқа шығып мән-жайды анықтауға тырыстым. Олардың айтуынша, кісілер аудандық әкімдікке арызданған екен. Әрбір азаматтың арыз-шағымы ескеріледі, бұл мәселе сол аудандық деңгейде шешіледі деп отыр.

Дегенмен, қоғам болып бұл мәселені көтерсек, Амантай ағамыз жұмысына қайта оралар, тәуелсіз комиссия құрылып, істің ақ-қарасын ажыратар деген үмітіміз бар.

Амантай ағаның жасап жатқан жұмысын өз көзіммен көрдім. Көптеген тапқан жәдігерлері ұлттық, мемлекеттік музейлерге өткізілген. Ал ол кісі жасақтаған Жаңақала музейі облыстық деңгейден кем емес. Мен ол кісіні бір көргеннен-ақ аңқылдаған жүрегінің тазалығын сезіндім. Жүрегі ақ адамдар елдің бәрін өзіндей көреді, әділетсіздікке төзе алмайды. Бұл қастандық Амантай ағамызды жұмыстан айыру ғана емес, өмірінен айырумен бірдей. Ешкімге міндетсінбей-ақ жан-жүрегімен атқарып жүрген сүйікті ісіңді біреулер тартып алып жатса, өмірде не мән қалады?

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер