Бұған дейін «мемлекеттен ала берсем» дейтін жатып ішер жалқауларды жағымыз талғанша сынадық, мінедік. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл жайлы жолдауында айтып, саусағын қозғалтқысы келмейтіндердің саналарын сілкінтуге күш салып көрді. Қоғамды масылдықтан арылуға шақырды. Осы мәселе төңірегінде «Адырна» ұлттық порталының тілшісі экономист Бауыржан Мұратбекұлымен сұхбаттасып көргенді жөн көрді.
– Ал енді сұрақ. Сіздің түсінігіңізде әлеуметтік масылдық дегеніміз не?
– Менің түсінігімде, масылдық – қоғамды құлдырауға алып баратын індет. Қазіргі уақытта көбіне еңбекке жарамсыз, қарт адамдарға, 18 жасқа толмаған, мүгедектігі бар, өздігінен еңбек ете алмайтын адамдарға қатысты айтылып жүр..
Еліміз соңғы уақыттарда әлеуметтік мемлекетке айналу бағытында қарқынды жұмыс атқарып келеді. Қала берді карантиндік шаралар кезеңінде де азаматтарға әлеуметтік жеңілдіктер жасалды. Жалпы мемлекет азаматтарын жерде қалдырып жатқаны жоқ.
Жұмыс істемейтін азаматтардың барлығына дерлік берілетін қаражаттар бар. Бірақ та бұл көпшілікке кері әсерін тигізуде. Нақтырақ айтқанда, халықтың білімге, еңбек етуге деген ынтасының бәсеңдеуіне әкеліп соқтырды. Яғни әлеуметтік масылдық етек ала бастады. Мәселен, елімізде 19 млн халық бар болса, соның жартысынан астамы еңбекке жарамды. Бірақ соның өзі бізге жеткіліксіз. Өйткені біз толыққанды қажеттіліктерімізді өтей алмай отырмыз.
Сондай-ақ бізде білікті мамандардың жоғары жалақы іздеп шетелге кетіп қалу үрдісі тыйылар емес. Күн сайын артпаса, кемігенін көрген емеспін. Онымен қоса геосаяси ахуалдың ушығуына байланысты Ресейден келіп жатқан мигранттардың өзі біздегі онсызда мәз емес әлеуметтік масылдықтың одар әрі ушығып кетуіне ықпал етіп жатыр.
Халықаралық тәжірибеде өткен ғасырдың 1975 жылдары Ұлыбританияда халықтың саяси реформалар мен билікке қарсы келуін азайту мақсатында «spending heng» деген арнайы заң қабылданған екен. Ол заң әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған болатын. Оған сәйкес, жұмыс істейін азаматтардың жалақысына бір реттік ақшалай көмек қосылып отырған. Яғни бір жолғы акция сияқты. Сәйкесінше, әлеуметтік жағдайды реттеуі керек болған бағдарлама кері жұмыс жасай бастаған. Нәтижесінде, акцияның өзі мемлекеттің экономикасын құлдыратуға сеп болған деседі. Оған не себеп? Әрине, адамдардың еңбеп етіп, кәсіп қылуды тоқтатуы. Олар бұрынғы әдетінен жаңылып, жеңілдікті масылдыққа айналдырып алған. Бұдан халыққа әлеуметтік көмек жасамау керек екен деген ой түймеуіміз керек. Тек қана әлеуметтік қолдау көрсетудің өзге тәсілдерін қарастырғанымыз дұрыс. Адамдардың жұмыс істеуге деген ынтасын өшіретін әрекеттерге бармауымыз тиіс. Осылайша, олар адамдардың жұмысқа деген қызығушылығын төмендетіп алды.
– Үкімет «беремін» деп бәрін жаман үйретті деп ойлайсыз ба? Бүгінгі қоғам мұқтаждық пен масылдықты айыра алмай жүр ме?
– Біздегі жағдай да мәз емес. Масылдық көңіл-күй белең алып тұр деуге болады. Бұл сонау Кеңес одағы ыдыраған сәттен бері жалғасып келе жатқан процесс. Өйткені біз одақ құрамында болған сәтте жалақы алу жүйесі бәріне бірдей болды. Жақсы жұмыс жасасаң да, жаман жұмыс жасасаң да бірдей жалақы төленеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық қатынастарға көшкенімізбен ел азаматтары бірнеше жылға дейін жаңа жүйеге үйренісе алмай келді. Мұның өзі азаматтардың жұмысқа деген ерік-жігерінің төмендеуіне әкелді.
– Масылдық «жасарып» бара жатқан жоқ па? Оған не себеп? Масылдықпен күресті кімдерден және қалай бастағанымыз жөн?
– Масылдықтың жасарып бара жатқандығы ешкімге жасырын емес. Мемлекеттен тегін көмек алу үшін табысын жасырып, қолындағы активтерін басқаның атына жаздыру әрекеттері орын алып жатқаны шындық. Ондай әрекеттер қаптап барады. Сол үшін масылдықпен күресті жұмыс істейтін таптарға жеңілдік қарастырудан бастағанымыз жөн.
Мысалы, өзі жұмыс істеп, онымен қоймай 5-6 адамды жұмыспен қамтып отырған азаматтар мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғалуы керек. Айталық, қандай да бір салықтық жеңілдіктермен болсын.
Ал екінші жағынан отандық кәсіпорындардың дамуына жағдай жасауымыз керек. Олардың еркін жұмыс жасауына мүмкіндік беруіміз қажет. Сол үшін де мемлекет ең алдымен ішкі сұранысты қамтамасыз ете алуы тиіс. Былайша айтқанда ұлттық мүддемізді ұмытпауымыз тиіс. Экономикалық құндылықтарымызды бірінші кезекке қойғанымыз дұрыс. Сонда ғана сырттан келетін бәсекелестерге қарсы тұра аламыз. Осыдан кейін ғана «алма піс, аузыма түс» дейтіндердің қатары азаюы мүмкін.
Болашақта мемлекет қаржыландыратын әлеуметтік көмектерді шынайы мұқтаждарға бағыттауымыз керек. Тепсе темір үзетін азаматтардың барлығын жұмысқа шоғырландыратын тетіктер табуымыз тиіс. Яғни азаматтар мемлекетке пайдалы жұмыс істесе ғана жеңілдіктеге ие болатындай...
– Әңгімелескеніңізге рахмет!