АРМАН ӘУБӘКІР: Егер диагноз дұрыс қойылмаса, қалай ем жасайды?

2530
Adyrna.kz Telegram
Фото: roscongress.org
Фото: roscongress.org

2012-2013 жылдары әке-шешем бірінен соң бірі өмірімен қоштасты. Қандай ауыр соққы болғанын іштеріңіз сезетін болар. Одан өзге де жанға салмақ түсірген мәселелер болды. Салдарынан өзімнің де денсаулығым сыр бере бастады. Қан қысымым көтеріліп, сол жақ бөлігім жансыздана бастады. Судорог ұстап, қалшылдап жатып қалатын кездерім де жиілеп кетті. Ондай кезде әне-міне өмірмен қоштасатын болармын деген сананы үрей билеп алатын. Жүрек дәрігеріне барамын, неше түрлі апаратпен тексереді, қайта-қайта қабылдауға жазыламын, бәрібір дым таппайды. Невропотогқа жолдайды, олар дым анықтай алмайды. “Жүрек дұрыс, тек салмақ түскен сияқты” дейді. Түрлі витаминдер, жағдайды жеңілдететін дәрілерді шамалап, топшылап жазып береді. Әсіресе, қан-тамырларды кеңітетін капельницаның пайдасы болғандай. Бірақ, ол да уақытша ғана жеңілдік береді. 2016 жылдың аяқ кезінде үшінші қызым Тұмар ойнап жүріп оқыстан құлап аяғын сындырып алды. Жолдасым төртінші баламызды өмірге әкелгеніне бір ай да болмаған кезі еді, аяғын сындырып алған қызыммен бірге өзім ауруханаға жаттым. Ол кезде денеме әлдене тисе де, ауа жұта алмай тынысым тарылып қалатын. Балам түнде қорқып жылайды, әкесін құшақтап ұйқтағысы келеді. Ал мен болса, тынысым тарылып, ауа жұта алмай қиналып шығамын. Шыдай алмай бас дәрігерге барып, қан-тамырлардағы қанның жүрісін жақсартатын дәрі (капельница) алып қабылдауға рұқсат сұрадым. Әрине, рұқсат бермеді. Ақ самайлы жасы үлкен ер кісі, травматолог балалар дәрігері менің құжаттарымды қарап, айтқаным бойынша ауру белгілерін қарап шығып, үш жыл бойы босқа сандалып жүрген дертімді нақты атап берді. Иньсульт алдындағы (оған жетпегеніне шүкір) неврологиялық мәселе екен. Қайда емделу керектігімді де бағыттап жіберді. “Қалқаман” жақтағы аурухананың ақылы неврология бөлімі. Сол жаққа барып, тұтас ақылы тексерістен өтіп, 3 жыл анықтай алмай жүрген дертімді 3 күнді нақты біліп шықтым. Мойын жұлындары қисайып, миға дұрыс қан, оттегі жеткізбейді екен. “Протузия” дейді. “Қорықпа, үрейленген сайын ауру асқынады, бұдан адам өлмейді” деді. Қорқынышым сейілді. Жұлын-жүйке жаттығуларын көрсетіп берді.

Бір апта ем-домнан кейін бір жыл бассейн мен йогаға барып, үйде, табиғатта жаттығу жасап жүріп жақсы болып кеттім. Психологиялық, мотивациялық кітаптардың да пайдасы тиді. Өмірді басқаша дүниетаныммен қайта бастадым десе де болады. Бұл күнде өз ішкі жан-дүниемде реттілік, үйлесімділік жүйесін қалыптастыруға тырысамын. Мүлде дәрігерге баруды қойып кеттім. 5 жылдан асты. Бұл енді бөлек тақырып.
Негізгі айтпағым, көпшілік дәрігерлер дұрыс диагноз қоя алмай сандалтады. Алматыда жағдай осылай болса, басқа аймақтар туралы мүлде сөзіміз жоқ. Әлде ем алып бастағанға дейін де консультация арқылы молырақ ақша тауып қалуды көздей ме? Әлде шынымен біліктілігі жетпей ме? Неге адам өміріне немқұрайлы қарауды әдетке айналдырған? Қарап отырсақ, осыдан бірнеше жыл бұрынғы жағдай еш өзгермепті.

Пікірлер