2024 жылы Қазақстанның медицина саласы 550 млрд теңгеден астам қаржыландырудан қағылды

929
Adyrna.kz Telegram
Фото: primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

2024 жылы медициналық мекемелер қаржыландырудағы заң бұзушылықтар салдарынан 550 млрд теңгеден астам қаражат алмай қалған. Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне кері әсерін тигізіп, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасының төмендеуіне әкелді.

Аймағамбетовтің айтуынша, қаржыландыру тапшылығына льготалық санаттар үшін жарналарды дұрыс есептемеу және республикалық бюджеттің міндеттемелерін орындамауы  себеп болып отыр.

Мемлекет зейнеткерлер, балалар және жүкті әйелдер сияқты азаматтардың 15 санаты үшін жарналарды орташа еңбекақыдан төлеуі керек. Алайда жарналар медианалық еңбекақы негізінде есептеліп, қаржыландыру 300 млрд теңгеге қысқарған. Қысқартылған соманың өзі толық бөлінбегендіктен, медициналық мекемелер тағы 252 млрд теңгеден айырылған. Бұл жағдай МӘМС жүйесіне, оның ішінде операциялар, оңалту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, МРТ және КТ қызметтері сияқты маңызды медициналық қажеттіліктерге кері әсерін тигізген.

Аймағамбетов денсаулық сақтау министрлігінің жарналарды азаматтардың есебінен арттыру туралы ұсынысын сынға алды. Оның айтуынша, бюджет алдымен өз міндеттемелерін орындауы тиіс.

Пікірлер