Арыздасу салты - рух биіктігі екенін білесіз бе?

3798
Adyrna.kz Telegram

"Арыздасу" көп айтыла бермейтін бірақ «Ар ісі» деген ұғымнан шыққан салт. Қайтыс боларын сезген адам бар күш-жігерін жинап туған-туысқандарымен, жақындарымен, жора-жолдастарымен ақырғы рет сөйлеседі. Бұл әдет-ғұрыпты қазақта «арыздасу» деп атайды. Арыздасуға әдетте рухы биік кісілер бара алады. Науқасы меңдеп кетпей тұрғанда өзінің өмірден өтіп бара жатқанын сезіп соңғы рет бақұлдаспақ болып жұртшылықты жинайды. Осылайша жарық дүниемен, бүкіл елімен қош айтысады. Өмірін ой елегінен өткізіп соңғы сөзін айтады. Орындалған, орындалмаған арманын, өсиетін баяндай отырып қоштасады, кейде артық кеткені үшін, баз біреулерді өкпелеткені үшін кешірім сұрайды. Бұлай ету екінің қолынан келе бермейді. Бұндай қадамға баратын адам басқаларға мына жарық дүниеде қалай өмір кешу керек екенін меңзейді. Жеке адамдарға – дос, құрдастарына жеке назы, балаларына айтар өсиетін арнайды. Арыздасушының бұл сөзіне жиналған көпшілік «бақұл болыңыз», «қияметте жолығайық» деген сөздерді айтады. Өтініштер болса балалары мен басқалар бәрін орындауға уәде етеді. Бұл дәстүр адамдардың қиын жағдайда бірі-біріне медеу болу арқылы қоғам мүшелерін бұрынғыдан да жақындастыру үлгісі болып табылады.

Арыздасу алыс, қауіпті деген жолға шығар алдында да айтылады. Бұндай жағдайда, үлкендерден бата алмақ үшін, жұртпен қоштасу үшін, туыстары өтініш, қызметшілеріне тапсырмалар беру үшін орын алады. Қазақтың бұл дәстүрінің байырғы заманда пайда болғаны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан білуге болады. Қозы Көрпеш Сарыбайұлы қалыңдығы Баян Қарабайқызын іздеп шыққанда ел-жұртымен арыздасуы былай басталады:

Жылқыдан сол күреңді алып келді,

Ерттеп, дайын сапарға қылады енді.

«Арыздасып, қоштасып, қаламын» деп,

Бас Тайлақ, ел-жұрты – бәрі тұрды.

 

  • Айтар сөзім бар, Тайлақ, биім саған,

Қайғымды ескеріпсіз жетім қалған.

Сапарымды тоқтатам дей көрмеңіз,

Құлдық ата, көңілің қалар маған».

Сонда әрі би, әрі батыр Тайлақ былай деп жауап қатады:

– Шырағым, қайратыңа көңілім еріп,

  • Мен келдім қалайын деп сені көріп.

Тоқтатар сапарымды деп ойлама,

Амандасып қаламын, бата беріп!

Баян өз кезегінде Тайлақ биге мынадай өтініш айтады:

– Ендеше, батыр Тайлақ, аз тоқтай қал,

Артымда қалды менің есепсіз мал.

Тапсырдым, бар малымды, Тайлақ сізге

Соны бүгін түгендеп қолыңызға ал.

 

Жалғыздан тірі айрылған шешем қалды,

Тапсырдың, көзіңіздің оң қырын сал.

Анасы мен көпшілік Қозы Көрпешпен қимай қоштасады:

Қиыспай елі-жұрты зар жылайды,

Анасы тақат қылып жүре алмайды.

Оңды, солды бетінен сүйді дағы,

Артынан бата беріп тұрып қалды.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезұлы «Абай жолы» романының «Қияда» бөлімінде арыздасу ғұрпын көркем жеткізген:

«Зере науқасының келесі түнінде Ұлжан енесінен күдер үзе бастаған болатын. Абайға айтпастан, Ұлжан Қарашоқыға кісі жүргізді. Сөйтіп, түні бойы ұйықтамай күзетіп отырған келіні мен немересіне Зере таң адында ең соңғы рет көз салды. ...Дене күші бітсе де, ойы сап-сау. Тек үні әлсіз.

– Өнегем... болса... тірлігімде көрсете алдым ба, жоқ па? Өсиетім болса... құлағым, тілім барында айтып болдым ба, жоқ па? Қайтейін!... Бүгін мынау әлім біткен шағымда, не дәме етесің екеуің!.. Не күтіп телміресің?.. – деді. Осы сөздерін көп қиналып, ұзақ айтып еді.

Сөйлету зорлық сияқты. Бірдемені айту да орынсыз. Абай екі қолын төсіне қойып, әжесіне тағзым етті де, басын иді. Өзінше: «Бар жүрегімнің құрметі, әулиедей ана, саған арналған» дегені. Сөйтіп, аз отырды да, әжесінің екі қолын ұстап, кішкентай алақандарын бетіне басты. Иіскеп сүйіп отырғанда бірнеше ыстық тамшылар да сол әлсіз жүдеу алақандарға тамып еді.

Әжесі тағы да сыбырлап:

– Қарағым... жалғыз қарашығым! – деп, Ұлжан жаққа қарады да, – анаңды күт! – деді.

Осыдан кейін тағы бір толастан соң:

– Ішімнен шыққан жалғыз еді ғой... жалғызға топырағым бұйырсын! –деді. Бұл сөзді, тіпті айтты да, қайтып үндеген жоқ. Көзі тағы да жұмылып кетті. Жаңағы айтқаны Құнанбай екенін Абай лезде түсінді. Сол сөзді бастай бергенде, Ұлжан басын изеп: «Тыныш болыңыз, орындаймыз» дегендей белгі еткен.

Қадірлі ана осы таңға жетпей қайтыс болды».

Халық жадында өлімнің көзіне тура қарай алатын рухы қайсар тарихи тұлғалардың, атақты ақындардың арыздасуы халық аузында сақталған. Арыздасу барысында музыкалық аспаптар да қолданылғаны белгілі. Кейде адамдар арыздасу үшін алыс жол жүретін болған. Мысалы Кемпірбай Бөгембайұлымен (1834-1895) арыздаспақ болып Әсет Найманбайұлы (1867-1923) жеті күншілік жол жүрген. Домбырамен сүйемелдеу арқылы ұзақ өлеңмен болған арыздасудың қысқаша үзінділерінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады:

Сәлем ал, басың көтер, кешуіңді айт,

Адамның бірі емессің әншейін жай.

Жеті күн жолаушылап келіп тұрмын,

Шырайлы, көркем жүзің көріп тұрмын.

Бір көтер тым болмаса басыңызды,

Інілік сәлемімді беріп тұрмын.

...Сен кетсең өзіңдей боп ұл туар ма-ай,

Қою сөз қояр ма екен үн шығар май.

Сонда Әсеттей досының өлеңіне қуаттанған Кемпірбай ақын басын көтеріп былай деп жауап қайтарады:

Қу таңтай қос ішекті әпер бері,

Аузыма өлерімде сөз салмасаң,

Қонғаның өлең шіркін бекер ме еді?

Ал енді шіркін көмей былпылдасын,

Сөзімді мен өлген соң кім тыңдасын.

Қазақ «жалған» деп баға берген жарық дүниемен қоштасатынын саналы түрде сезініп айтылған қос ақынның арыздасу өлеңдері «Бес ғасыр жырлайды» кітабында жарық көрді.

1966 жылы атақты батыр Бауыржан Момышұлы қатты ауырып жатқан Ермұхан Бекмахановқа барып, тарихшы інісінің арыздасқан сөзін үйіне келген соң күнделігіне былай деп жазыпты:

«– Елу жас деген не, Бауке?... Көп ой-арманымды үлгере алмай кетіп

барамын. Кешіріңіз!.. – деді тарихшы.

Ермұханнан естіген ең соңғы сөзім осы. Ол тарихтан берерін үлгермегеніне кешірім сұрап дүниеден аттанды....

Бауыржан Момышұлы. 6 мамыр, 1966 ж.»

Бұл деректі еңбекққор зерттеуші әрі жазушы Медеу Сәрсеке тарихшы туралы жазған сүбелі еңбегінде жариялады.

Арыздасу қазақ ұлтының өмірінде рухани салмақтылығы мен тәрбиелік маңызы зор, орындалуы қиын болса да кең тараған әдет-ғұрыптар қатарына жатады.

Бердалы ОСПАН,

"АДЫРНА" ұлттық порталы.

Пікірлер