Қостанайдағы қуғын-сүргін құрбандары: комиссияның тынымсыз еңбегі

1125

Қазақ даласында Сталиндік дәуірде қуғын сүргін жүрмеген облыс, ату-асу іске аспаған аймақ жоқ болар. Тұтас ел үлкен жазалау лагеріне айналды. Мемлекет миллиондаған адамның түрмесі болды. Әр адамның жүрегінде үрей мен қорқыныш бар еді. Әр облыстың тарихына жеке тоқталсақ, сол зұлмат жылдардың суық ызғарын, қанды жылнамалары мен іздерін көруге болады. Тәуелсіздікті қалпына келтіргеннен кейін, бұл мәселені зерттеу іске асуда. Ең алдымен жазықсыз қуғындалғандарды ақтау, олар жайлы ұмытылмас естеліктерді қалдыру маңызды.

1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда жүз мынан астам адам сотталып, оның жиырма бес мынан астамы өлім жазасына кесіліп, атылды. Қостанай облысы мұражайының басшысы Назира Цымбалюктің айтуынша, департаменттің арнайы мемлекеттік мұрағатында 4349 адам жазықсыз айыпталып, заңсыз сотталып кеткені жайлы жазылған. Кейін ақталған қылмыстық істер жайлы да ақпараттар бар. Қостанай облысында 1251 адам немесе қуғын-сүргінге ұшырағандардың жалпы санының 30 пайыздан астамы өлім жазасына кесілген. Облыс бойынша айыпты деп табылған әр үшінші адам ең ауыр жаза түріне, яғни ату жазасына кесілген. Бұл әрине сұмдық көрсеткіш.

«Әйелдер де сотталды және атылды. 24 монах әйел атылды, олардың жалғыз кінәсі - Құдайға сенген», - дейді Назира Цымбалюк. Жалпы, мұсылмандар да, православие дінбасылары да өздерінің сенімдерін ұстанғаны үшін, тіпті билік тарапынан тыйым салынған жағдайда да діни рәсімдерді орындауға құштарлығы үшін сотталды. 1937 жылы саяси қуғын-сүргіннің шарықтау шегінде мұндай істер бойынша сотталғандардың көпшілігі өлім жазасына кесілді. Сол кезеңде КСРО бойынша жаппай дінге қарсы науқан жүріп жатты. Шіркеулер мен мешіттерді қирату, сүріп тастау және құлату іске асты. Дін орындарын саяси нысандарға айналдырды, көп жағдайда мал ұстайтын қора не астық сақтайтын қойма етті.

 Заңсыз қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты қылмыстық істердің ең көп бөлігі РКФСР Қылмыстық кодексінің антисоветтік үгіт-насихат үшін жауапкершілікті қарастыратын 58-бабы бойынша қозғалған. Бұл бапқа сәйкес, адамдар тіпті күнделікті әңгімелері үшін соттады. Репрессияның шарықтау шегі 1937-1938 жылдары болды. Қостанай облысында бұл кезең ең ауыр жазалаулармен сипатталады. Барлық жастағы азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады десек те болады.

Қостанайда жазықсыз қуғындалғандарды ақтау бойынша комиссия ызу-қызу жұмыс жасап жатыр. Арнайы монографиялар әзірленіп, мақалалар жазылуда. «Алау ақпараттық порталында» шыққан мақалада Қостанайлық тарихшылар шығарған монографияда билердің, бай манаптардың мүлкін тәркілеу, 1929 жылғы Батпаққара көтерілісі және жер аударылған халықтар туралы материалдар қамтылған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия облыста өткен жылы өз жұмысын бастады. Оның құрамында ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар. Көріп тұрғанымыздай, комиссия 1929 жылғы көтерілістерді де қамтып отыр. Бұл өте маңызды. Себебі қуғын-сүргін құрбандарын ақтау деген сәтте, қоғамның ойына бірден 1937-38 жылдың құрбандары келеді. Алайда тәркілеу жылдары басталған сәтте талай қазақ жазықсыз сотталып, талай жан заңсыз атылып кетті. Атышулы үштік Үш жүздің баласын қырғынға салды. Ашаршылық жылдары сан көтеріліс болды. Белгілісі 372, белгісізі одан да көп. Тәркілеуге қарсы бұрқ ете қалған Батпаққара көтерілісі сол бұлқыныстардың басы болатын. Жүздеген адам атылып, жүздеген адам сотталды. Ұзақ жылға Сібірге жер аударылды. Оларды ақтау ата-баба алдындағы борышымыз екені анық.

Комиссия мүшелерінің бірі – тарих ғылымдарының кандидаты, Қостанай өңірлік университетінің оқытушысы Әлібек Табулденов. Жер аударылған халықтардың тағдырын зерттеген топтың жетекшісі. Қостанай облысына репрессия жылдары сан түрлі ұлт өкілдері жер аударылған болатын. Әлібек Табулденов жұмыстың тынымсыз болғанын айтады: «Біздің жұмыс тобымыз тікелей Статистика және арнайы есепке алу департаментінде жұмыс істеді. Сол саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың жеке істерін, оларға ашылған жеке айыптау карталарын зерттедік. Егер цифрлық деректер туралы айтатын болсақ, ресми деректерге сүйенсек, бұл арнайы мұрағатта 34 843 іс пен 66 940 жеке айыптау картасы орналасып, түгенделетінін айтқым келеді», - дейді ол.

Құжаттармен жұмыс істеу, олардың рәсімдеу әрине көп уақытты алады. Әлібек Табулденовтің айтуынша, құжаттарды ақтара отырып, бұрын беймәлім болған жайттар ашылған. Тарихшылар тобы 1941 жылы тамызда Ұлы Отан соғысы қызған шағында Қостанай облысы аумағына жер аударылған неміс халқы толықтай жер аударуға ұшыраған арнайы қоныс аударушылардың жеке істерін зерттеген. Тарихшылар олардың жеке істерін мұқият зерттеп, қараған.

«Қостанай облысы аумағына жер аударылған Бухарин келінінің осында қоныстанғанын құжаттардан кездестірдім. Бухарин ол кезде Сталиннің ең жақын серіктерінің, ең жақын достарының бірі болды. Ал ол қуғын-сүргінге ұшырағаннан кейін оның барлық туыстары жер аударылды. Әйелі мен балалары Қостанай облысына тұруға жіберілді», – дейді Әлібек Табулденов.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның жұмысы жалғасуда. Тарихшылар тағы да өңірлерге барып, мұрағаттарды қайта зерттемек. Әлібек Табулденовтің айтуынша, жыл ішінде заңсыз қуғын-сүргінге ұшырағандардың тізімі 311 адамға толықты. Жалпы, Қостанай облысында қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны өте көп. Бұл көрсеткіш 7 мың адамға жетеді, оның 3 мыңы атылған. Бұл белгілісі. Архивтен белгісіз құжаттар да табылуы мүмкін.

Қостанай облысы бойынша комиссия жұмысы қарқынды жүруде. Әр облыс бойынша жазықсыздарды ақтау процесі тоқтаған емес. Бұл жұмыстарды нәтижелі аяқтау келешек ұрпақ пен өткен тарих алдындағы Алаш баласының асыл міндеті, борышы мен қасиетті парызы.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket