Азаматтық құжатты ала алмай жүрген қандастар шу шығарды

2579
Adyrna.kz Telegram

Өз туған Отанына оралған қандастар ел азаматтығын растайтын құжатты бір жылдан бері ала алмай шу шығарды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

КТК телеарнасының мәліметінше, Салтанат Телешбаеваны мемлекеттік емханалар тіркеуге алмайды. Басы ауырып, балтыры сыздаса келіншек үйінде емделуге мәжбүр. Үш баласын да жекеменшік балабақша мен мектепке берген. Себебі Өзбекстаннан қоныс аударған әйел азаматтық ала алмай жүр.

 «Жекеменшікке барамыз. Басқа жер бізді қабылдамайды. Емделудің өзі қиын. Босандым. Оны да жекеменшікке бардық. 300 мың теңге кетті. Үкіметтің перзентханасына бару үшін құжатымыз жоқ. База істемей жатыр деп бір жыл жүрді. Сосын келдік. Бір жетіден кейін келіңдер. Бір жетіден кейін келеміз. Ертең келіңдер дейді. Сол айтатын әңгімелері», - дейді Салтанат Телешбаева.

Қандастардан құжат қабылдайтын жерде күнде айғай-шу. Өйткені, қызметкер жетіспейді. Оған қоса, жүйе де жиі істен шығатынын көші-қон қызметінің өкілдері жасырмайды.

 «Азаматтық алу екі айға созылу керек. Бірақ базаға байланысты созылып кеткен. Ыхтияр хат пен азаматтыққа жауапты қызметкер өзінің өтініші бойынша жұмыстан шеттетілді. Жақын арада орнына адам келеді. Оны басшы құрамы жақын арада шешеді деп ойлаймын», - дейді Жамбыл аудандық көші-қон қызметінің аға инспекторы Бақберген Тәттібаев.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер