Досбол Арыстанбеков, кәсіпкер: 6 мыңға жуық баланың өмірін сақтап қалдық

3356
Adyrna.kz Telegram

Досбол Арыстанбеков — тәжірибелі қаржыгер. Бүгінде ол бизнес әлеміне бет бұрып, терезелерге тор қою кәсібімен айналысып жүр. «Адырна» тілшісі аз ғана уақыттың ішінде біраз жетістікке қол жеткізіп үлгерген азаматпен тілдесіп, әңгіме-дүкен құрды.

Досбол мырза, бизнес жолын қашан бастадыңыз? Бұл салаға ауысуыңызға не түрткі болды?

— Кәсіпке бет бұрғаныма 4 жыл болды. Бастапқыда қосымша табыс ретінде қабылдадым. Алғашқы 2 жыл онлайн айналыстым. Түрлі тауарды алып-сату бағытын ұстанып, жалпы кәсіпті еркін бастап кету үшін тәжірибе жинақтадым. Ол кезде еліміздің екінші деңгейлі банкінің бірінде ресми еңбек етіп жүрген едім. Уақыт өте келе ресми жұмысымның ай сайын маған төлеп жүрген айлығына қарағанда кәсіптегі табысымның жоғары бола бастағанын байқадым. Осы сәттен бастап, кәсіпке толықтай көңіл бөлген жағдайда мол табыс табуға болатынын түсіндім. Біз қазіргі уақытта Алматы тұрғындарына бірнеше қызмет түрін ұсынамыз. Атап айтсақ:
– пластик және алюминий есік, терезелер орнату;
– душ қабырғаларын орнату;
– жазды күнгі москит торларды құру;

– терезе және есіктерді жөндеу жұмыстары;
– биік қабатты тұрғын үйлердің терезесінен баланың құлап кетуінен сақтайтын тор орнату.

Бүгінгі күнге дейін 6000-ға жуық баланың өмірін сақтадық десек те болады. Яғни, 6000-ға жуық терезеге баланың құлап кетуінен сақтайтын тор орнаттық.

Бастапқы кезде қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?

— Кәсіпте қиындық әр кезде де болады. «Одан толық шығып кеттім» деп ешкім айта алмайды. Нарықтың ығына жығылып, икемді бола білу керек. Соңғы қиындықтың бірі басты материалдарымыздың Ресейден келуімен байланысты болды. Рубль құнының жоғарылауына байланысты қызмет құнын арттыруға тура келді. Осыған орай біздің өнімнің өтімділігі жоғалып, тұрғындардың қаржылық деңгейіне қарай өнімді бөлуге әкеп соқты.

Терезелерге тор қою кәсібі қаншалықты сұранысқа ие?

— Терезеге тор орнату — үлкен жауапкершілік. Себебі біреудің баласының өмірі біздің қолымызда деп тікелей айтуға болады. Яғни, орнатқан тор сәтсіз шықса немесе сапасы нашар болып, одан бала құлап кетсе, арты жақсы емес екені айтпасақ та түсінікті. Сол себепті бұл жұмыс тек сапаны талап еді. Біз тек осы кәсіп арқылы пайда тауып қана қоймай, бала қауіпсіздігін де қамтып отырмыз.

Сұраныс жақсы. Алматыда биік үйлер көп. Барлық отбасыда 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар бар. Әрбір ата-ана өз баласының өмірі үшін қатты қорқады. Бала болған соң оны 24 сағат бойы қарап отыру мүмкін емес. Бүлдіршіндер жыбырлап, терезе жақтауына шығып кетуі әбден мүмкін. Биік қабатты үйлерде тұратындар мұны жақсы біледі. Оған Нұр-Сұлтан қаласында болған жағдай да дәлел. Бұл жайт барлық қазақстандық үшін үлкен дабыл болды. Тұрғындар тор орнату керегін жақсы түсінді. Сол себепті сұраныс артпаса, кеміген емес. Күніне 10-15 терезе арасында тапсырыс қабылдаймыз. Әр өтінімді қабылдағаннан бастап, екі күннің ішінде орнатып береміз.

Өз кәсібін ашқалы отырған, идеясы бар адамға табыс табу үшін қанша уақыт керек және қанша қаржы жеткілікті?

— Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Зерттеу керек. Мәселен, тауар саласы ма әлде қызмет ұсыну ма? Сондай-ақ, материалдардың шығу түбі қайда, кәсіп мезгілге қарай ма, аудиториясы кімдер және басқа да сұрақтарға жауап тауып, толық сараптама жасаған соң ғана іске кіріскен жөн. Ең бірінші кеңесім — эмоцияға салынбай, аздаған сомадан бастайтын кәсіп түрін таңдав. Осы арқылы нарықты түсініп, одан ары кеңеюге болады. Стартап үшін несие алып, кәсіп бастау өте қате. Бизнеске кредитті тек жүйеге қойылған жағдайда даму, кеңею үшін алады.

Кәсіпкер болғысы келетін жандарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Кәсіпті қызбалықпен бастап кетуге болмайды. Бұл салада тұрақтылық жоқ. Бірде шалқысаң, бірде қаражат тұрғысынан кеміп кетуің мүмкін. Сондықтан әрдайым болжамда отырасыз. Жалпы ел арасында «кәсіпкер болсаң, бос уақытың болады. Таңғы сағат тоғыздан кешкі сағат алтыға дейін телміріп отырудың қажеті жоқ. Өз-өзіңе қожасың, ақшаң көп болады» деген үлкен аңыз бар. Бірақ мұның барлығы бірден бола қоймайды. Әрине, барлығы уақыттың және дұрыс жүйе құрып, тәуекелді ескеркеніңізге байланысты. Сәтті кәсіпкер дегеніміз — жан-жақты адам. Бұл сөзіммен не айтпақпын?! Кәсіпкер маркетингті түсінуі шарт, кәсіпкер SMM бағытын түсінуі тиіс, кәсіпкер PR-ды білуі керек, кәсіпкер сата білуі қажет, кесіпкер командамен жұмыс істеп, есепке мықты болу керек. Яғни, одан бірнеше саланы бірдей меңгеруі талап етіледі. Сонда ғана ісі алға басады.

Сұқбатыңызға рақмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз!

Әңгімелескен Диана Асан,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер