Жалғыз тал жауқазын

2676
Adyrna.kz Telegram

Бұл сюжетке бергісіз сырлы суретті қызылордалық фототілші Болат Омарәлиев жетпісінші жылдарда түсіріпті. Елді елең еткізген шұбартаулықтардың әйгілі бастамасының төрткүл дүниені түгел жайлап тұрған кезі. Мектеп бітірушілер жаппай ауылда қалып, комсомол-жастар бригадасын құрып, шетінен қой бағуға аттанып жатты. Тегінде, кеңес дәуіріндегі бастаманың біразы осылай дүрілдеп басталатын да, көп ұзамай аяғы сұйыла беретін. Әдепкіде еңбекті екпіндетіп әкеткен белсенді бригадалардың қатары көп ұзамай селдірей түсетін. Бірақ бәрібір бұл бастаманы жаппай қолдау шарт.

Уақыттың талабы солай. Сондай бір кезеңде Сыр бойындағы Шиелі өңірінде «Жауқазын» деген комсомол-жастар бригадасы өз алдына отау тігеді. Облыстық басылымның басшылары Шиеліде жайқалған «Жауқазынның» жай-күйін біліп, суретке түсіріп келуге қол-аяғы жеңіл фототілші Болат Омарәлиевті жұмсайды. Оралханның «Қасқыр ұлыған түн» деген әңгімесіндегі заманымыздың сәулетті селосы туралы мақала жазуға тапсырма алған газет тілшісі секілді Бөкең салып ұрып жетіп келсе, ел болып мақтап жүрген «Жауқазынымыз» баяғыда сабағы қурап, тамыры солып қалыпты. Берекесіздік жайлаған бригада құрамындағы отызға тарта қыз-жігіт біртіндеп қашып-пысып, түгелге жуық қарасын батырыпты да, жалғыз-ақ осы қыз кетпей қойыпты. Не шынымен еңбектен жерімеген, не намысы жібермеген... Әйтеуір өз өміріне ырза дейді. «Отыздан – өзім, Көрді ғой көзім, Жалғыздық көрер жайым жоқ», – деп, Абай атасының ізімен өлеңдетіп жүрген көрінеді.

Әрине, менің ақкөңіл Болат ағамның қандай жағдай басына түссе де, Орағаңның кейіпкері секілді тапсырманы орындамай, құр қол қайтып келген жері жоқ. Есесіне, тұтас өмір шындығының ащы-тұщысын араластырып отырып, тарихқа таңбалап береді ол. Бұл жолы да сөйтті.

Кәнігі көзмерген оңтайлы сәтті аңдып жүріп, жұртта қалған жалғыз тал «жауқазынды» фотомылтығының қарауылына іліктіреді. Сол қадірлі кадр, міне, осы... Осылай енді, шырт еткізгені шедевр...

Жалпы, сурет-пурет болмаса, қыз-пызбен шаруасы жоқ Болат ағам сол бойжеткеннің кейінгі тағдыры қалай өрістегенін мүлде білмейді. Тіпті оның атын да, затын да есінде сақтамаған. Ех, Бөке... Сөйтуге бола ма енді?! Жарайды, бопты... Шынында да, жетпісінші жылдарда қырдың сәні болған Шиелінің сол бір жалғыз тал жауқазыны қайда екен қазір? Жапырағын жайып, көгеріп-көктеп, өсіп-өніп, баяғыда-ақ гүлбақшаға айналған шығар...

Қайдасың, сәйгүлік мінген сұлу? Барсың ба жер бетінде? «Сен қалған отыз ұлдан едің Зәуреш», – дегендей, бір кезде жайлауда жалғыз жортқан қайтпас қайсар әжелеріңнің дерек-дәйегін неге іздемейсіңдер-ей, бар болғыр немерелер? Не көрінді сендерге? Ал, кеттік... Іздеу салайық! Аманбысың, атты ару?

Пікірлер