Тұлға (әңгіме)

3070
Adyrna.kz Telegram

Сами Пашазаде СЕЗАИ

(1860-1936)

1860 жылы Ыстамбұлда туған. Атақты “Сергүзешт” (Шытырманды оқиға) романының авторы. 1880 жылы ағасы Сүпхи Пашаның басқарып отырған қордың қызметкері болып жұмыс атқарады. Бір жылдан кейін Лондондағы елшілікте хатшылық қызметке кіріседі. Англияда қызмет етіп жүріп ағылшын және француз әдебиетімен танысады. Төрт жылдан кейін қайта Ыстамбұлға оралады. Ақылдасу алқалар палатасында қызметкер болып орналасады. “Сергүзешт” романын жазғаны үшін қудаланып, 1901 жылы Парижге көшеді және сол жердегі “Жөн Түріктерге” (Осман мемлекетіне қарсылық білдірген Еуропадағы жас түріктер қозғалысы) қосылады. Осман патшасы ІІ-ші Абдүлхамитке қарсы мақалалар жазып, Еуропадағы басылымдарға жариялатады. 1908 жылы Ыстамбұлға қайта оралады. 1909 жылы Мадридке елші болып аттанады. І-ші Дүниежүзілік Соғыстың басында Швецарияға өтіп, соғыс аяқталғанша сонда қалады. 1921 жылы зейнеткер болып, Ыстамбұлға оралады. Диван Әдебиетіне қарсы болған Намык Кемал, Абдүлхақ Хамит Тархан іспетті жазушылардың ықпалымен Батыс әдебиетіне бет бұрады. Альфонс Додеге еліктеп қысқа әңгімелер мен новеллалар жазды. Алғашқы мақалалары 1874 жылы “Қамар” атты басылымда жарияланды. Алғашқы кітабы пьесалар жинағы болып, 1879 жылы “Шер” (Арыстан) деген атпен шықты. Ал алғашқы және атақты романы “Сергүзешт” болса, түрік әдебиетіндегі романтизмнен реализмге өткен ең сәтті үлгілердің бірі болып саналады.  Бұл романға паша мен оның қызметшісі атанған бойжеткен арасындағы махаббат тақырыбы арқау болған.

Әбден әдетке айналған кез болатын. Кешкісін әкемнің қонақ үйінде жүз кісіге арналып жайылған дастарханынан дәм татып, молданың дәрісін тыңдап болған соң, көпшілігіміз Ташқасап ықшам ауданынан Баязитқа дейін жаяу барып-келіп жүретінбіз. Басып жүрген жолым да, бағытым да өзгерген емес. Сол кезде күн сайын шашы желкесіне түскен, әлдебір ойға батып, басын салбыратып, адымын аңдап жүретін кісіні байқап қалдым. Тіпті сасқанымнан: “Ойбай-ау! Мынау сұңғақ бойлы, зор тұлғалы адам кім екен?” – деп өз-өзімнен сұрадым. Әсілі, менің бұл ойым, сауалым бекер тумаған екен. Өйткені бұл адамның әрбір қимыл-әрекеті сол күндерде француз тілінде оқып жүрген “Ұлы тұлғалардың өмірі” атты кітабымның кейіпкерлеріне ұқсайтын. Түр-тұлғасы, кескін-келбеті не ғұлама-ғалымға, не болмаса ақын-жазушыға келеді. Әйтеуір, Лалелиден төмен ылдилап, жұлдыздардың сырын ұққан секілді аспанға мұқият қарап, өз-өзімен күбірлей сөйлесіп, Ақсарайға қарай асықпай жүріп бара жатқанға қарағанда жай адам емес екенін ұқтым. Оны түрінен-ақ байқауға болады.

Жай адам тұрмақ, ғалымның жаратылысқа деген көзқарасы мен ақынның көзқарасы бір емес қой. Бірі-біріне ұқсамайды. Ғалым ақиқатты зерттейді, қиналады. Оның бойынан сабырлықты, үнсіздікті көреміз. Ал ақында мұң байқалады, қуаныш сезіледі. Ендеше, қартайған шаққа келген ғалым мен ақынның бет-әлпетіне қарап көрейікші. Ғалымның бет-келбеті шілденің шіліңгірінде тау басындағы ерімейтін қар сияқты суық, аппақ, жансыз болып көрінбей ме? Ақындікі болса, қалың тұманның ішіндегі тауды аңғартады...

Міне, бала кезімде осылай ойлайтынмын.

Әлгі зор тұлғалы кісінің көзқарасының өзінде ғажап дүниелер бар сияқтанатын. Өйткені қасынан өткен “Коска” дүкеніне, Ақсарайдың сансыз көшелеріне қарағанын, елге бұрылып сәлем бергенін көрмедім.

Кім екен бұл адам? Виктор Гюго ма? Әлде Жан Жак Руссо ма?

Бә-ә-се...

Жан Жак Руссо екеніне көзім жетті. Осы ойға тоқталдым. Неге дейсіз ғой? Ешкімге сәлем бермей, ешкіммен сөйлеспей келе жатқан әлгі “алдасқан” ғалым – трамвайдың шойын жолымен көмір тасып жүрген түйе үстіндегі кісілердің қасында маңдайы жарқыраған шоқ жұлдыздай көрінді.

Сірә, түйенің басып өткен жолымен жүрудің өзі тарихтан сыр шертіп, ой салған болар. Табиғат туындысының зираты саналған отты сахараның сабырлы саяхатшысы, құм даланың қара нары өзіне тән мінезімен кейде сұңғақ мойнын бұрып, әлгі тұлғалы адамға қарап-қарап қойды.

Бір күні Лалелиде жиналған жұрт ішінде адамдардың айқайы естілгенде, “не болды екен?” деп бардым.

Бақсам, қадірінің жоғалғанына әбден күйіп, еңіреп жылап жатқан әлгі зор тұлғалы кісі екен! Паһ паһ! Ұлы тұлғаның ашуы да улы болады екен-ау! Қандай ұлылық! Паһ паһ!.. Осы заманның сұмдығынан әбден талып шаршаған сыңайлы. Зынданның тарлығына төзе алмай күллі әлемге жар салғандай. Соның бәрін сезінген. Жүрегінен өткізген. Көңіліне сыймай: “Адамдықты түсінбейтін, адамгершілігі ада болған надандар-ай!.. Мына жерден өтіп бара жатқанымды көрмедіндер ме?! Соншама қолымнан тартқылағандарың не?! Бұл не сұмдық, бұл не надандық?!” – деп бордай егілді. Жиылған жұрттың ішінде әлгінің тілін түсінген бір адам: “Өзің надансың! Өзіңе қарап алмайсың ба?!” – деп қалады. Сонда әлгі сұңғақ бойлы кісі ұзын қолдарымен алқымынан алып, ал қылқындырады кеп. Тілді түсінгіш адам тұншыға жаздап, әлгінің ірі денесіне қарамастан жағасынан жармасып алыпты. Ел ажыратып, айқай-шуға салды. Біраздан соң, ашулары басылып, үнсіз ғана бұрылып кетті.

Ұлы тұлғаның жыртық жағасын түзетіп, қызыл күрең фескасын киіп алып, Ақсарайдың тас қараңғы көшенін бойында орналасқан ғылым орталығына кіріп бара жатқанын көрудің өзі көңілге жұбаныш. Ашуымен есікті тарс жауып, ішке кіріп кеткенде, “ақындардың, ғалымдардың туындылары дәл осы күйге енгенде жазылады” деп, ойладым.

Виктор Гюгоның туындысы, Жан Жак Руссоның “Эмиль” атты кітабы осындай күйге түсіп жазылған жоқ па еді? Надандықтан әбден шаршаған әлгі кісі қазір кім біледі, қолына қалам алып, мәңгілікке қалар үлкен шығарманың не ғылыми еңбектің басында отырған болар. Ақсарайдың қараңғы көшелеріне жарық түсіретін кез баяғыдан туған. Шын мәнінде, үлкен жұмыспен не шығармамен отырған шығар, өйткені ол кісіні көрмегелі біраз уақыт болды.

Жаңылмасам, жиырма күннен кейін, сонау алыстан темекі сатып тұрған дүңгіршектің алдында сатушының әлгі кісіге бірдеме оқып беріп отырғанын көрдім. Дүңгіршекке қарай асықтым. Әлгі кісі кетіп қалды. Сатушыдан еңкейіп сұрадым:

– Әлгі сұңғақ бойлы, зор тұлғалы кісіге не оқып бердің?

Сатушының қайтарған жауабы неше жылдар өтсе де, әлі күнге дейін есімде.

– Анау адамды айтасың ба? Оның сұңғақ бойлы, тұлғалы екенін кім айтып жүр? Орта бойлы, қарапайым адам.

– Жо-жоқ, сен қателесесің. Біле білсең, ол – ұлы тұлға. Байқамаған боларсың?

– Әй! Мен білем бе, сен білесің бе? Ауылынан келген хаттарды маған оқытады. Жазуды, сызуды білмейді. Әріп танымайтын адам...


Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

Пікірлер